Қазір елімізде 29-35 жас аралығындағы жастардың саны 6,05 млн адамға жетті. Бұл – Қазақстан халқының 31%-ы. Ал жастар жұмыссыздығы бүгінде өзекті мәселеге айналып тұр. 2023–2029 жылдар аралығында елімізде 3,3 миллионнан астам азамат жұмыспен қамтылуы тиіс. Жастардың үлесі кем дегенде 2,3 миллионға жетуі керек. Жұмыссыздықты азайту, жастарды жұмыспен қамту мәселесіне Мемлекет басшысы баса назар аударып отыр.
Қазір Қазақстанда жастардың үлесі 31%-ды құрайды десек, соның ішінде Алматыда жастар саны 722,9 мың адам немесе қала тұрғындарының 33,4%-ы, Түркістан облысында (682,1 мың) және Астана қаласында 468,4 мың жас тұрады. Одан кейінгі орындарда Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы тұр. Соңғы жылдары елімізде туу көрсеткіші жоғары, жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Сол себепті алдағы он-он бес жылда жастардың үлесі еселеп артпақ. Ал бұл дегеніңіз, алдағы жылдарда елде жұмыс орындарын көбейтудің маңыздылығы едәуір артады деген сөз.
Жастарды жұмыспен қамтудан бөлек, олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытында қайтарымсыз гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген шағын несие беру ісі жолға қойыла бастады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда жалпы сомасы 21,3 млрд теңгеге 4 734 шағын несие берілген.
Десек те, жастар жұмыссыздығы мәселесінде ақпараттардың бұрмалану деректері де жиі кездесетіні жайлы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нартай Сәрсенғалиев мәлім етті.
«Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небары 4,9%-ы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Ресми деректерге қарасақ, елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар 400 мыңнан астам жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде жүрсе, жұмыссыз жастар саны 80 мың деп көрсетілген. Демек, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылмай отыр деген сөз. Осылайша, жауапты органдар статистиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жасырып көрсететіндей.
Бізде шетел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастардың да нақты есебі жоқ. Мәселен, ресми статистика былтыр Оңтүстік Кореяға 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды деп көрсетеді. Ал, өзге ашық дерек көздерінде ол жақтағы жастарымыздың саны 20 000-нан асып отыр. Одан бөлек, АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азамат жұмыс істеп жүр. Сыртқа кеткен азаматтарымыздың да нақты санын біліп, жұмыссыздықпен күресте жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек», – дейді Нартай Аралбайұлы.
Жастар жұмыссыздығының алдын алу үшін елімізде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау ісін жолға қою өте өзекті. Өйткені еліміздегі колледждерде жыл сайын 130-140 мың студент оқу бітіргенімен олардың 77%-ы жұмыс табады да 17,6%-ы жеке кәсібін ашса, 11%-ы түрлі себепке байланысты жұмысқа орналаса алмайды екен.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде жастарды техникалық және кәсіптік бағытта білім алуға тарту мақсатында шәкіртақы көлемі ұлғайтылып жатыр. Жақында Оқу-ағарту министрлігі аймақтарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алатын студенттер саны 130 000-ға жеткенін хабарлады. Бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 150 мың адамды құрамақ.
Өз тілшіміз