Алматы қаласындағы іргелі өнер ошағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 1-6 қараша күндері аралығында І Республикалық жастар театрлары фестивалі өтпек. Еліміздің әр аумағынан жиналған отандық театрлар ең үздік режиссерлердің туындысын көпшілік көрермен қауымға ұсынбақ.
«Қыз Жібек» қойылымы
Қазақ театр өнерінде бағыт-бағдарын бағамдап, көпшіліктің өткір көзіне түсіп, өнердің өрелі көшін алға бастап келе жатқан театрдың бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы театр. Жетісудың жүрегінде орналасқан өнер ұжымының әр маусымы жаңашылдық пен тартымды талғамға толы. Ұлы тұлғаның есімін иеленген театрдың бағындырған белестері мен шыққан биіктері қалың көпшіліктің қырағы назарында. Репертуары жаңа қойылымдармен жиі толығып, қанжығалары Республикалық, Халықаралық театрлық фестивальдерден алған жүлделермен майланған ұжымның театр өнеріндегі орны өзгеше.
Таяуда театр ұжымы жас режиссерлерге арналған І Республикалық жастар театрлары фестивалін өткізеді. Фестиваль – жастар қаласында жас режиссерлердің жаңа жұмыстарымен танысу, еліміздің әр аймағынан келетін театрлардың өнерін тамашалауға таптырмас мүмкіндік. Жалпы алғанда, театрлық фестиваль өткізудің ең ұтымды тұсының бірі – театр өнерінің бүгінгі даму бағыты мен көркемдік ерекшелігін зерделеп, әріптестер арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты нығайтып, театр өнеріндегі сабақтастықты сақтау болып табылады. Аталмыш фестивальде кәсіби мамандардан құралған сарапшылар өзара кеңесе отырып, 30-дан астам өтінім жіберген театрлар ішінен ең үздік 8 режиссер мен театрды таңдап алды. Эксперттік комиссия құрамы өтінім берген 35-жасқа дейінгі жас режиссерлер арасынан ерекшелігімен және тың ізденісімен көзге түскен режиссерді анықтауда кәсіби шеберліктерін көрсетті. Жауапты қызметті атқарған сарапшылар отандық театр үдерісіндегі қойылымдарды көріп, театртанушылық талдау жасап, сараптама жүргізіп жүрген мамандар. Атап айтар болсақ, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Жақсылықова, театртанушы, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің төрайымы Анар Еркебай, режиссер Фархад Молдағали, драматург Ольга Малышева және театртанушы Бейбіт Әлкеева болды.
М.Әуевов театры «Кассандра таңбасы» қойылымы
Ең үздік театрлардың ең сәтті сахналанған спектакльдерін көру алматылық театр сүйер көрермен үшін жағымды жаңалық болмақ. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналып, іріктеуден сүрінбей өткен режиссерлердің қойылымдарымен қауышар сәтке де аз уақыт қалды. Таланты мен талабы өрімдей өріліп, топты жарып, қатысушы атанған қойылымдар қатарымен таныс болыңыз.
І Республикалық жастар театрлары фестивалінің қатысушылары: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Кассандра таңбасы» (режиссері: Әридаш Оспанбаева), Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Қыз Жібек» (режиссері: Әлібек Өмірбекұлы), Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры «Қобыланды» (режиссері: Анна Цой), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Ричард ІІІ» (режиссері: Мейрам Хабибуллин),Тотальный театр театрлық компаниясы «Я есть» (режиссері: Антон Зайцев), 17 жастар театры «Алғашқы ұстаз» (режиссері: Шағуан Үмбетқалиев), С.Сейфуллин атындағы академиялық Қазақ драма театры «Қарагөз» (режиссері: Гүлназ Балпейісова), Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры «Шырақ» (режиссері: Шыңғыс Жақыпбай) қойылымдары болмақ.
Астана Жастар театрының «Шырақ» қойылымы
Республикалық фестивальдің салтанатты ашылуы қараша айының 1-ші жұлдызында Ғ.Мүсірепов театрында басталып, кешкілік «Құлагер» қойылымымен жалғасын табады. Қатысушы режиссерлердің төл туындылары өзіндік ерекшеліктеріне, сахналық өзгешеліктеріне байланысты Алматы қаласындағы 3 театр сахналарында қалың көпшілікке ұсынылады. Тұңғыш рет өткізілетін фестивальдің деңгейі жоғары, салмағы ауыр, маңыздылығы жоғары болатынына сеніміміз мол. Қазақ театр өнері тарихында алтын әріптермен жазылар сахна саңлақтарының қатарының көбейіп, өрелі өнер жасаушылардың саны өрістеуіне үлкен үлес қосар режиссерлердің шығармашылығына толағай табыс, сарқылмас шабыт тілейміз!
Мерей Алтынбек,
Театрдың баспасөз хатшысы