Бүгін бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов (71 кг) Азия ойындарының жартылай финалына өтті. Ол Өзбекстаннан келген әлем чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевты мерзімінен бұрын жеңді. Сондай-ақ Қамшыбек Қоңқабаев Азия ойындарының жартылай финалына шықты. Аса ауыр салмақта өнер көрсетіп жатқан Қамшыбек бахрейндік Данис Латыповты 5:0 есебімен жеңіп, Азия ойындарының жүлдегері атанды. Жартылай финал 3 қазан күні өтеді.
Екі спортшы да әлем чемпионы, сондықтан жекпе-жек тартысты болды. Алғашқы екі кезеңде төрешілер шешімімен өзбекстандық боксшы алда тұрды. Бірақ соңғы раундта Асланбек қарсыласын үш рет нокдаунға жіберіп, кездесу тоқтатылды. Осылайша, Асланбек Шымбергенов кемінде қола жүлдеге қол созады. Бірақ ол енді алтын үшін барын салатыны анық.
Асланбектің жеңісі туралы әлеуметтік желіде пікір жазып жатқандар бар. Мәселен, белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайұлы:
«Азия ойындары — 2023
СЕНСАЦИЯ! АСЛАНБЕК АСАДХУДЖАНЫ ҒАНА ЕМЕС, ӘУЕСҚОЙ БОКСТАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІКТІ ДЕ ЖЕҢДІ!
Асланбек Шымбергенов пен Асадхуджа Мүйдинхуджаев арасындағы жекпе-жек нағыз қып-қызыл шайқас болды. Екеуі де Ташкенттегі әлем чемпионатының жеңімпазы. Асланбек орда бұзар отыздарда болса, ал Асадхуджаның жасы одан көп кіші. Сондықтан болар, рингте ары-бері ойқастап, аяғымен би билеп, соққы беруден басқа да бар өнерін паш етуге тырысты.
Ал Асланбек өзінің о бастағы ұрыс тәсілінен жазбай, ақырын жүріп, анық басып, рингтің ортасын бермей, Асахуджаны тықсырып, дәл соққылар берумен болды. Көзіміз алдамаса, Асланбек бірінші, екінші раундтарда таза ұтты. Соққылары да көрген адамның айызын қандыратындай дәл болды.
Бірақ режиссерлер раундатрдағы соққыларды қайталаған кезде, өзбек боксшысы жасаған соққыларды көрсетуге үстемдік берумен болды. Сөйтіп бірінші, екінші раундтарда қапталдағы төрешілер Асланбектің ұпайларын қарадай жеп қойды.
Үшінші раундта Асланбек ашуына мінді. Ашу болғанда, сабырсыздың ұшқалақ тірлігі емес, ақылды азаматтың қарсыласын көріп, біліп, кек қайтаруға деген ызасымен кірісті. Салмақты, ауыр соққыларын да жиілетті. Сөйтіп төрешілердің қиянатынан, қараулығынан ұтылып жатқан Асланбек үшінші раундта СЕНЦАСИЯ жасап, Асадхуджаны қатарынан үш рет нокдаунға жіберді.
Осы арада рингтегі төрешінің өзіне де, оны адал ғып туған ата- анасына да рахмет. Сол төреші болмағанда, қапталдағылар Асланбектің жеңісін көрер көзге жымқырайын деп дайын отыр еді.
Біздің Асланбек Азия ойындарының ширек финалында әлем чемпионы Асадхуджаны ғана емес, әуесқой боксты жегідей жеп бара жатқан сыбайластық пен әділетсіздікті де жеңді!
«Жан алысып, жан беріскен ұрыс болды» деп, міне, осындай боксты айтар болар.
Жарайсың Асланбегім! Жарайсың, Арыстаным!
Жеңістерің құтты болсын, қалың елім, Қазақтарым!» – деп жазды.