Еліміздің Паралимпиада құрамасының спортшысы Айсұлу Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өмірінің жарқын кезеңдерімен бөліседі. Оған қарап Айсұлудың қайсар да ақжарқын ару екенін аңғару қиын емес.
Екі аяғы да протездегі спортшы, тек спортпен ғана айналыспайды. Сонымен қатар ІТ маманы. Протезде жүргеніне 10 жылдан аса уақыт болыпты. Ұл сүйіп, ана атанып отырған Айсұлу еш қиындыққа мойыған емес. Көлік жүргізеді, аптасына жеті күн спортпен шұғылданады. Суда жүзгенді ұнатады. Саяхаттауды да жаны сүйеді.
– Достарым көп. Өмірді өте қатты жақсы көремін. Әр күнімнен ләззат алуға тырысамын. Адамдарға өмір сүруге мотивация берсем, мен үшін үлкен қуаныш, – дейді Айсұлу.
Айсұлудың қайсар мінезі мен табандылығы көпке үлгі боларлық. Жеңістері көп болуын тілейміз!