Басты бет » Жастар үні » АЛМАТЫЛЫҚ ОҚУШЫ ҚАЛА ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫРАТЫН ЕРЕКШЕ ҚОСЫМША ОЙЛАП ТАПТЫ

АЛМАТЫЛЫҚ ОҚУШЫ ҚАЛА ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫРАТЫН ЕРЕКШЕ ҚОСЫМША ОЙЛАП ТАПТЫ

Алматы қаласының көшесі мен даңғылдары жөнінде енді қызықты деректерді қосымша арқылы білуге болады. Қаладағы №15 гимназиясының оқушысы Тимур Қырбасов өлкенің тарихын зерттеуге арналған бірегей қосымша ойлап тапты.

Бағдарлама көше немесе аялдамаға жақындаған кезде автоматты түрде нысан туралы пайдалы, танымдық тарихи ақпарат береді.

Бұл қосымшаны Google Play және App Store арқылы жүктеп алуға болады. Жобада қала, ел тарихы жөнінде ақпаратты еркін түрде бекітудің екі әдісін енгізу қарастырылған.

«Жоба «Менің қаламның, елімнің тарихын зерттеуде ICT-технологияларды қолдану» деп аталады. Бұл бұған дейін өзім дайындаған екі шағын қосымшаның біріктірілген нұсқасы. Біріншісі-қоғамдық көліктегі ескерту жүйесін жаңарту арқылы қала тарихын таныстыру. Бұл идея қаладағы қоғамдық көліктердегі дыбысты хабарламалар арқылы тарихи ақпаратты қосу. Екіншісі – «AIALDAMA» мобильді қосымшасы. Мен әзірлеген мобильді қосымшаны пайдаланушы көшені кесіп өткен сәтте көшеге қатысты немесе сол жердегі нысандар туралы ақпарат береді. Жобаның мақсаты-оқушыларға ел тарихын күнделікті өмірде зерттеуге көмектесу. Тарихты білу өте маңызды деп санаймын!», – дейді Тимур Қырбасов.

Тимур «ENACTUS» мектеп командасын құрып, мектеп кәсіпкерлігінің II Республикалық чемпионатының финалисті атанды. Гимназия базасында ашылған оқушылардың практикалық-теориялық орталығы жоғары сынып оқушыларына нақты кәсіпорында таңдалған мамандықты практикалық түрде тексеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Тимур үш жобасының авторлық құқығын қорғады. Соңғы үш жылда халықаралық және республикалық ғылыми жобалардың жүлделерін иеленді. «ICT Solutions Kazakhstan» байқауында жобаны іске асыруға 1 млн теңге ұтып алды, 2023 жылдың «Жыл оқушысы» атанды.

Бұл жерде гимназия жұмысының жемісін атап өту керек. Педагогикалық ұжым білім беру бағдарламасының негізгі үш бағытына басымдық беріп отыр. Ол оқушының ағылшын тілін жақсы меңгеруі, ғылыми-зерттеу жұмыстарына ынталандыру және көшбасшылық қасиеттерді шыңдау.

Айта кетейік, 2022 жылдың 1 маусымында Тимур «Алматы БалаFest» қалалық фестивалінде Мемлекет басшысының нұсқаушысы болған.