Басты бет » Бозбала мен бойжеткен » ЫНТА БОЛСА АДАМДА…

ЫНТА БОЛСА АДАМДА…

Әр елдің ділімен, салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен, мәдениетімен тереңірек танысу үшін сол мемлекеттерде тұратын халықтың тілін үйрену қажет екені белгілі. Осы орайда тілдерді меңгерудің маңызы зор. Қазіргі кезде Қазақстанда бірнеше тілді білетін жастар баршылық. Мысалы, Петропавл қаласының тұрғыны Якуб Латипов сондай азаматтардың бірі.

         Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясындағы «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Якуб Рамазанұлы 1998 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Екі жасқа толған кезде ол отбасыммен Түркияға көшеді. Біздің мақала кейіпкеріміздің балалық шағы аталған екі елдің арасында өтті. Мектепті бітіргеннен кейін ол Ресейдің Томск қаласындағы жоғары оқу орнында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алады. Содан соң Якуб Латипов Петропавл қаласындағы халықаралық құрылыс компаниясына мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бүгінде ол осы кәсіпорында еңбек етуде.

Халқымызда «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген ғақлия сөз бар. Бұл ретте 25 жастағы жерлесіміз де осы қағиданы берік ұстанады. Себебі ол қазақ, орыс, түрік, әзербайжан және өзбек тілдерін жетік меңгерген. Якуб Рамазанұлының айтуынша, оған бұған үйрену қиын болмады. Өйткені ол бала кезден бері аталған тілдерде сөйлеуге машықтана бастаған екен. Сонымен қатар жас полиглоттың достары да оның бұл халықтардың тілдерімен жете танысуға деген қызығушылығын оятуда барынша үлес қосқанын айта кету қажет. Бос уақытта Якуб Латипов психология бойынша кітаптарды оқуды ұнатады.

Жастар – еліміздің ертеңі. Бұл орайда аталмыш санаттағы адамдарға артылар сенім зор. Якуб Латипов та осы оймен келіседі. Оның айтуына қарағанда, замандастар уақытты тиімді пайдалана білетін, білімді және батыл болуы қажет.

Тоқсан ауыз сөздің түйініне келетін болсақ, Якуб Рамазанұлының бірнеше тілдерді жетік білуі оның талапты, білімпаз және жан-жақты адам екенін көрсетеді. «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген халық даналығы мұның айқын дәлелі.

        Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласы