Басты бет » Жаңалықтар » Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?

Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?

Бүгін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. 

Осы орайда Kaktakto Мемлекет басшысы туралы мынадай деректер ұсынған:

  • Қасым-Жомарт Тоқаев зиялылар отбасында дүниеге келген. Әкесі — Кемел Тоқаев – Қазақстандағы детективтік жанрдың негізін қалаған, белгілі қазақ жазушысы. «II- дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені» және қос «Батылдығы үшін» медалін өңіріне таққан майдангер. Анасы – Шабарбаева Тұрар – педагогикалық жоғары оқу орнының оқытушысы, халықаралық-лингвист.
  • Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі отызыншы жылдары алапат аштықтан жан сақтау үшін отбасымен Фрунзе қаласына ауады. Осындағы бір ауқатты адамның қол астына жұмысқа жалданады. Күтпеген жағдайда бастарына қайғы жамалады. Кемел Тоқаевтың анасының аяқ-қолы жансызданып, дертке шалдығады. Бір күні отағасы жұмысқа кетіп, Қасым мен Кемел де базар маңында жүргенде, жанып тұрған ошаққа үйде ойнап жүрген үш жасар кішкентай қыз құлап түседі. Тамақ жасайтын ошақта, тірідей жанып жатқан баласына, сал боп жатқан анасы қол ұшын бере алмайды.

Отағасы үйіне оралғанда жан түршігерлік сұмдық көрініске куә болады. Отқа жанған кенже қызы мен жүзінде адам шошыр азаптың ізі қалған жансыз жұбайы жатыр еді.

Бір айналдырса шыр айналдырады дегендей, базардан қайтып келе жатқан Кемел мен Қасымды тентіреп жүрген жетімдердің біріне санап, тәртіп сақшылары ұстап әкетеді. Әкелері тоса-тоса төзімі таусылады. Ақыры оларды әлдекімдер ұрлап әкеткен шығар деп пайымдайды. Бұл жығылғанға жұдырық болып, бәрінен тұлдай айырылған отағасының өзі көз көрмес бір жаққа сіңіп, жоқ болады. Сонымен Кемел мен Қасым Фрунзедегі жетімдер үйінен бір-ақ шығады.

  • Президенттің әкесін Илизаров аппаратын жасаушы аман сақтап қалды. Майданда жарақат алған Кемел Тоқаевтың аяқтарын кесу қаупі туады. Бұл дегеніңіз түкке жарамайтын мүгедектік. Оның бақытына орай, осы әскери госпиталде, жас болса да танымал болған — Гавриил Илизаров деген ортопед-дәрігер бар еді. Кемел Тоқаевты емдеуді сол өз қолына алып, ақыры аяғына тұрғызады.
  • Мектеп жасындағы жылдары. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы №25 мектеп-гимназия түлегі. Бұл елу жылдан астам уақыт француз тілін тереңдете оқытып келе жатқан бірден бір білім ошағы.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев саясаттан сырт, жазушылықпен де шұғылданады. Әке қанынан дарыған қасиет болуы керек. Әкесі көбіне детектив жанрына ден берсе, баласы мемуар жазуға әуестік танытты. Жай әншейін өмірнамалық баяндау емес, тәуелсіз Қазақстанның дипломатиясының қалыптасуы мен қыр-сырларын ашатын құнды дүниелерден тұрады. 2003 жылы алғашқы және неше мәрте қайта басылып шыққан «Преодоление» очерктер жинағы еді. Бұдан бес жыл өткен соң, «Свет и тень» кітабы жарық көрді. СІМ-не екінші рет келуі кезеңін суреттейді. Сондай-ақ, 2004 жылы Тоқаевтың жалпы редакциялауымен Қазақстан дипломатиялық қызметіне арналған оқу құралы жарық көрді.
  • Тегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей өзі туралы мәлімет жұтаң. Шаңырақ көтерген. Жұбайы – Надежда Давыдовна – қайырымдылықпен шұғылданады. Ұлы, Тимур, 1984 жылы туған. «Даби Петролиум Компани» мұнай компаниясының бірлескен иегері. Атырау облысы, Махамбет ауданындағы «Грядовое» кен орнынан мұнай өндіреді.

  • Қасым-Жомарт Тоқаев салауатты өмір салтын қадірлейді. Спортпен айналысады. Бала кезінен пинг-понг ойнауға құмар. Он үш жыл бойы ол Қазақстан стол теннисі Федерациясын басқарды.

Саясаткер шулы басқосуларды ұнатпайды. Қолы бос кездері асықпай жаяу қыдырғанды және кітап оқығанды қалайды. Ақын, Ирина Ратушинскаяны сүйікті авторы ретінде санайды.

Белгілі саясаткердің хоббиі – кітап оқу. Мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Бұған қоса, өзі де тоғыз кітап пен халықаралық қатынас мәселелері туралы көптеген мақаланың авторы.

Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды