Басты бет » Жаңалықтар » КИЕЛІ КИМЕШЕК

КИЕЛІ КИМЕШЕК

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
этнолог, тарихшы, журналист
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем?
М. Мақатаев.
Өткенде кимешек киген фотомды көріп, “кимешекті тек кемпір киеді ғой” деген пікірлер естідім.
Кимешекті кім киеді, кимешектің пайдасы қандай?
Кимешек – қазақ әйелінің ұлттық киімі.
Жаңа түскен жас келіншек кимешек кимеген, келіннің басына ақ орамал ораған.
Құрсақ көтеріп, бөпесі туған соң, бала қырқынан шыққанда ақ жаулықты әжелер, абысын-ажындары жиналып, дастархан жайып, жас анаға: «Енді сен осы шаңырақтың толық мүшесің, ана болдың, Ел анасы бол, ұлағатты ұрпақ тәрбиеле», – деген ақ тілекпен, маңдайынан сүйіп, батасын беріп, кестелеп тігілген кимешек кигізген.
Көрегенді енелер «ұрпағым өсіп-өнсін» деген ізгі ниетпен, ырымдап кимешекті өнегелі әжелерге тіктіртуге тырысқан. Кимешекті кигізетін әйелді де алдын ала ойластырған.
Кимешек кигізген адам келіннің енесінен жақсы сый алған.
Кимешектің ана мен баланың тазалығы үшін маңызы зор болған.
Жас босанған келіншектің денесінің жылы, таза болуына да ықпалы зор. Жас әйел бала емізген кезде денесін көрсетпеуіне жағдай жасалған.
Кеудесін ашық-шашық емізетін қылықты қазақтар салақтық пен әдепсіздікке жатқызған. Кимешек бала емізген кезде келіншектің кеудесін көлегейлеп тұрған.
Кимешекті ақ матадан тігіп, жиегін астарлап кестелеп тіккен. Кезінде кимешекке қарап, әйелдің қай рудан, қай әулеттен екенін білген. Кимешектегі кестеге қарап әйелдің жасын да болжап білген.
Жас келіншектің кимешегінің бояуы ашық қызыл, жасыл түсті, көркем айшықты, жылтыры көп, оюланып өрнектелген.
Ал егде әйелдердің кимешектерінің кестесі аз, онша әшекейленбеген, сары, ақ жіппен сырылып тігілген. Жасы ұлғайған әйелдердің киіміне иір кесте тігілген, күміс теңге мен моншақ тігілген, қызыл-жасыл түсті кимешек кимеген.
Бұл жасы келген ел анасы екенін білдірген.
Егде аналар кимешектің үстінен жаулық тартқан. «Ақ жаулықты әже» деген сөз осыдан қалған.
Кимешектің әйел денсаулығына пайдасы зор болған.
Кимешек киген әйелдің басы, омырауы жылы жүрген. Жалаңбас жүргенде шаштың сыртқы жағымсыз энергия жинайтынын білеміз.
Ал кимешек киген әйелдің шашы сыртқы энергиядан қорғалатын болған.
Келіншек жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына
түсіп кетеді деп ырымдаған.
ас әзірлегенде тамағына қылшық түспей, асы таза, адал болған.
Бұл кимешектің тазалыққа да, денсаулыққа да пайдасының зор екенін көрсетеді.
Бұрынғы аналарымыз “Қызым отау құрған соң, көп ұзамай құрсақ көтеріп, сәбилі болып, ана атансыншы”,-деген ізгі ниетпен, ырымдап қызының жасауына кимешектің тігін шеберіне алдын ала тіктіріп, сандық түбіне салатын болған екен.
Кимешек бұл -келіншектің абыройы.
Келіншектің отбасы, алдында әлдилейтін сәбиі, қорғаныш болар азаматы бар асыл ана екенін кимешегіне қарап-ақ таныған.
Қарт әжелеріміз бен жесір әйелдердің кимешегі кестеленбеген.
Тіпті күйеуі өлген әйелдің кимешегін теріс кигізіп, тек жылдық асын бергеннен кейін ғана оң кигізетін салт та болған.
Әр өңірдің кимешектері де әр түрлі болған.
Солтүстік және Орталық Қазақстан өңірлерінің кимешектерінің кестесі аз, бірақ моншақ, маржан, күмістен түрлі тастарды көп қадаған.
Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау әйелдерінің кимешектерінде кесте мол, тоқымамен жиектелген.
Салтанатты жағдайларда киетін кимешектерге күміс қадап,кеудесі мен жауырын бөліктерінің шеттерін шашақтаған.
Кимешек- аса киелі, ұлттың тазалығын сақтауды ниет еткен бас киім.
Өзгенің қаңсығын таңсық етіп, бастан аяқ қап-қара болып жүргенше, қарқарадай аппақ кимешек, етек-жеңі мол пішілген, ашық түсті қамзол, шапан киіп, ұлттық киіміздің қадір-қасиетін ұғынып жүрсек, керемет болмас па еді?!
Қазақ әйелі ешқашан жалаңбас жүрмеген.
Қазақ қызына тақия, кепеш
кигізіп үкі тағуының өзі — қыз балаға кішкентайынан жалаңбас жүруге үйретпеу, шашын үрпитпей, кішкентайынан көзге жылы, көңілге жұғымды, әдепті болуға баулу екенін түсінуге болады.
Дала философтары болған бабаларымыздың ұлт болашағына, ұрпақ тәрбиесіне алаңдап, ертеңін ойлағанына қалай таңғалмайсың?!