Рас, «Отан қорғаушылар» күні десе, көз алдымызға бірден тек қана ер азаматтар келе қалады. Десек те, ерлермен қатар атқа мініп, найза ұстап, ел қорғаған әйел қауымы да аз болмаған. Біздің заманымызға дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген Томирис «Тұмар қыз» — Отан қорғаудың үлгісі.
Қорқақтық пен сатқындықты кешірмейтін піріміз Ұмай да тектіліктің тәрбиесінен тамыр тартқан, аты аңызға айналған анамыз. «Шығыстың қос шынары» атағы берілген аяулы Мәншүк мен Әлия десек, бұл батырлардың шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен ержүрек ұшқыш, қайсар қыздардың бірі Хиуаз Доспанова ше?! Бұл есімдер – халқымыздың қадір-қасиетін, ұлттық мінезін, патриоттық қасиетін аласартпайтын тұлғалар. Иә, «Қызы батыр ел – ұлы ел» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті.
Барлығы болмаса да түлектердің белгілі бір бөлігі әскери салада білім алуды қалайтыны анық. Мәселен, Әйтиев ауылының тұрғыны Дильназ Көшербаева әу бастан-ақ осы саланы армандаған еді. Қазір ол – Қарағандыдағы Бәрімбек Бейсенов атындағы Ішкі істер министрлігі академиясының 1-курс курсанты. Айта кетейік, аталған білім ордасы былтыр 50-рет түлек ұшырды. Негізінен, тергеуші және криминалист мамандарын даярлайды. Оқу бітірген курсанттар «лейтенант» шенін алып шығады. Жарты ғасырда академияны 20 мың жас офицер бітірді. 70 полицей «генерал» шенін алса, 33 заң ғылымдарының докторы шыққан. Осынау жерде білім нәрімен сусындап жатқан Дильназбен телефон арқылы тілдескен едік.
— Мен үшін әкемнің тәлімі тым бөлек. Әркез еңбекқор болуға, жалқаулыққа жоламауға тәрбиеледі. Әкем өзі шекарада қызмет етеді. Қарағанды қаласындағы оқу орнына түсуіме де қолдау көрсетті. Мектепте оқып жүргенімде туризм, спортқа жақын болдым. 2022 жылы Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебін аяқтап, сол жылы өзімнің қалаған оқуыма түстім. Бұл жерде физикалық көрсеткіштеріміз тест арқылы анықталады екен, ол сыннан мүдірмей өттім. Бүгінгі таңда 107 взводта криминалист бағытында білім алудамын, — деген кейіпкеріміз ата-анасына, ұстаздарына алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді.
Ақыл мен парасаттың белгісі болған асыл қазына – білімің молая түссін, Дильназ!
Самал ЖӘМЕТ,
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы