Басты бет » Жаңалықтар » ЖАС КАРАТЭШІЛЕР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

ЖАС КАРАТЭШІЛЕР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

         Қарағанды қаласында каратэ-додан КСРО-ның алғашқы чемпионы, VII дан иегері, аты аңызға айналған спортшы және бапкер, әлемдегі ең мықты деген каратэшілердің ондығына кіретін Георгий Лутошкинді еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Осы жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей Федерациясынан 500-ден астам спортшы бақ пен бап таластырды.

Додада Солтүстік Қазақстан облысының намысын бес каратэші қорғаған еді. Олар Петропавл қаласындағы облыстық мамандандырылған күрестен балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің шығыс жекпе-жек түрлері бөлімшесінде жаттығады.

Турнирдың қорытындысы бойынша жерлес спортшыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, сайыстан жүлделі оралды. Нәзікжанды өрендеріміз өздерінің келешегінен мол үміт күттіретін каратэшілер екендігін көрсетті деп айтуға болады. Дәлірек айтқанда, 45 килограммға дейінгі салмақта кумитэден өткен бәсекеде Ләйлә Салмұқанова күміс медальды олжалады. Сонымен қатар ол доданың 10-11 жастағы балалар арасында өткізілген ката бөлімінде үшінші орынға ие болды. Валерия Куликова 14 жастан үлкен жас ерекшелігі бойынша ката сынында  екінші орынды еншіледі. Ангелина Пилипенко 12-13 жастағы каратэшілердің арасындағы катадан өткен текетіресте қола медальді қанағат тұтты.

Жас каратэшілердің жаттықтырушысы,  жекпе-жектің аталмыш түрінен қара белбеу, III дан иегері, Солтүстік Қазақстан облысындағы WKF каратэ-до федерациясының президенті Раис Ямалтдиновтің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың жетістіктері бапкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі болып саналады деп айтсақ, қателеспейтін шығармыз. Осы орайда өңіріміздегі білікті, тәжірибесі мол бапкер халықаралық деңгейдегі турнирде өзінің тәрбиеленушілерінің айтарлықтай даярлығын көрсетіп, жүлделі орындардың иегерлері атануын ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш деп санайды.

Алдағы уақытта жерлес каратэшілеріміз маусым айында Ақмола облысының Щучье қаласында өтетін додаға қатысуды жоспарлап отыр. Сайыпқырандарымыз спорт әлемінде биік белестерді бағындыра берсін!

 Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласы