Басты бет » Жаңалықтар » «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі ұстаз кім?

«Алты жасар Алпамыс» фильміндегі ұстаз кім?

Қазіргі жас буын өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары Қазақстанның театр мен кино кеңістігінде Жексен Қайырлиев деген актердің болғанын білмейді.
Оның есімі белгілі кинорежиссер А.Қарсақбаев түсірген «Алты жасар Алпамыс» фильміндегі басты кейіпкерлердің бірі – мұғалім бейнесімен көзі қарақты көрерменге танылды.
– Қаладан оқу бітіріп ауыл мектебіне жас ұстаз болып келген жігіттің бейнесін өте шынайы сомдады. Қаншама бозбала Жексен Қайырлиев кино экранда жасаған мұғалім бейнесіне еліктеді. Оннан астам фильмге түскен Ж.Қайырлиев 1974 жылы актерлік студияны бітірген соң бірден М.Әуезов атындағы театрына қызметке қабылданды. 1974-2000 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы театр сахнасында актер болып еңбек етті. Қазақ сахна өнерінің қара шаңырағында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Қозы, М.Әуезовтің «Қарагөзінде» — Нарша, «Абайында» – Мағауия, «Қара қыпшақ Қобландысында» – Шуақ, Н.Гогольдің «Ревизорында» – Хлестаков, Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспізі» қойылымында – Марат секілді жиырмадан астам бейнелерді сомдады. Қазақ радиосындағы жастарға арналған ең танымал «Сәлеметсің бе, замандас» бағдарламасында диктор Сауық Жақановамен бірлесіп жүргізгенде есімде, – деп жазды әлеуметтік желіде белгілі режиссер Асхат Маемиров.
Жүрегі «Өнер» деп соққан азаматтың өмірде де, театр әлемінде де достары аз болғанын замандастары айтып берді. Жеке өмірі драмаға толы болған актёр Жексен Қайырлиев ауыр науқасқа шалдығып, туған жері Атырауда 2011 жылы 12 мамырда дүниеден өткен.