Басты бет » Жаңалықтар » ТОЙДА САЙҚЫМАЗАҚТЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК

ТОЙДА САЙҚЫМАЗАҚТЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК

– Той – әр ұлттың кешегісі мен бүгіні барлық болмысын, мәдениетін, өнерін көрсететін орын ғой. Бірақ бүгінгі тойларымызды көтергенде тамағыма ащы өксік тығылып, жүрегімнің түбі шаншитын күйге жеттім. «Не істеуге болады?» деп көп ойландым. Көп кісілер: «тойымызды қалай өткізсек болады?» деп хабарласып та жатады. Яғни, халыққа ескіде тойларымыз қалай өткенін айта отырып, бүгінгі мейрамханаларда өтетін тойларды қалай өткізуге болады деген нақты ұсыныстар керек. Бұл тұрғыда, жоғарыда да айттым, Сіздер саралап, сараптап, нақты ұсыныс айтып жүрсіздер. Қазір тойдың түрі көп. Бұрынғы тойларымыздың қатарына мерейтойлар мен қуаныш тойлары қосылды. Бұл заманымыздың тыныштығын білдірсе керек. Бала өмірге келгеннен бастап ат жалын тартып мінгенге дейінгі аралықта жасалынатын тойларды қалай өткізгеніміз дұрыс? Бүгінгі тілімізбен айтсақ, сценарийі қалай болады? Қанша адам шақырылуы керек? Балаға жасалынатын тойларға нағашы жұрты мен өз жұрты, тума-туыстар қандай көмек көрсетсе болады?

Марат Тоқашбаев:
– Иә, «Той – халықтың қазынасы» дейді. Сол айтпақшы, қазақтың күллі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері той-томалақ пен өлім-жітім сияқты екі маңызды таырыптардың төңірегіне топтасқан. Бүгінгі таңда «сол әдет-ғұрыптарымыздың бастаулары қандай болды?», «ол қандай өзгерістерге ұшырады?», «болашақта қандай күйге түспек?» деген тақырыптарда ешкім бас қатырып жүрген жоқ. Соның салдарынан әдет-ғұрыптарымыздың атын білгенімізбен, затын білмей жатамыз. Затын білмек түгілі, олардың орындалу ретін шатастырамыз. Қазақтың келін түсіру, қыз ұзату және өзге де тойларына байланысты талап етілетін басты қағидалары ізгілік пен адамгершілікті арқау етеді. Ал, өлім-жітімге байланысты салт-дәстүрлер тағылымдық және тәрбиелік мәнін жоғары қояды. Өкінішке қарай, қазақи менталитеттің дарақылық, ысырапқорлық, мақтансүйгіштік қасиеттері көптеген бұрмалаушылықтарға ұрындырып жүр.
Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан адам ретінде ғалымдардың осыған байланысты ізденіс зерттеулерін координациялық тәсілге аударғым келеді. Өз басым әдет-ғұрып, салт-дәстүр тақырыптарын зерттеуде қай ғасыр, қай мыңжылдықта да орын алған қызықты дәстүрлерді негізге ала отырып, вертикалдық негіздерімен қоса, уақыт қатпарлары өз өзгерістерінің табын қалдыратын көлбеу деңгейлік өзгерістерді ескере қарастыруды жөн көремін. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз – қыз ұзату, келін түсіру дәстүрі кеше ғана пайда болған жоқ. Ол кемінде 10-12 мыңжылдық тарихы бар құбылыс. Осы дәстүрге әр мыңжылдықтардың қалдырған өзінің қолтаңбалары бар. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз бір күнде пайда болған жоқ, олар уақыт екшеуінен өткен асыл жауһарларымыз. Түсінікті болу үшін, қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Осыдан небәрі 100 жыл бұрын ғана құда түсіп барғанда, айттырылған қызға үкі тағылатын. Бұл жерде қыз айттыру – қазықты дәстүр болса, баскиіміне үкі тағу – яғни, болашақ келіннің басының бос еместігін аңғартады, әрі ауру-сырқаудан, жын-жыбырдан, көз тиюден қорғайды деген сенім болған. Ал бүгінгі таңда қыз айттыру дәстүрі сақталғаныменен, оның формасы, нақты көрінісі үкі тағудан сырға салуға алмасып кетті. Яғни, қыз айттыру дәстүрі сақталғаныменен, оның уақыт кезеңдеріне сәйкес өзгеруі көз алдымызда өтіп жатыр.
Тағы бір мысал, қалыңмалға байланысты. Қалыңмал – мыңдаған жылдардан бері үзілмей жалғасып келе жатқан қазықты дәстүрлердің бірі. Ерте замандарда қыздың қалыңмалы бұрын жиі айтылатындай, «қыздың құны – 47» болса, біртіндеп ол кему тарапына қарай өзгерістерге түсті. XVI-XIX ғасырларда қыздың құны орташа 37 қара болса, кейін ол 27 қараға, Қазан төңкерісі тұсында 17 қараға дейін кеміді. Кеңестік кезеңде жойылып, мүлде айтылмайтын болды. Дегенмен, «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегеннің керімен 17 қара ақша эквиваленттеріне алмастырылды. Кеңестік кезеңде жойылуға шақ қалған бұл дәстүр тәуелсіздік жылдарында жаңаша өзгерістерге түсті. Қызға қалыңмал ретінде деп қыздың әке-шешесіне 500-1000 доллар көлемінде қалыңмал апару қалыптасты. Көріп отырғанымыздай, қалыңмал дәстүрі уақыт қатпарларын тесіп өтіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Алайда оның түрлері мен көлемі жергілікті жердің ыңғайына сәйкес өзгерістерге ұшырады. Айтылып отырған осы жайттың барлығы қатып қалған еш нәрсенің жоқтығын байқатады. Яғни, уақыт ағымы салт-дәстүрлерге де, әдет-ғұрыптарға да өз әсерін қалдырады екен.
Өмірге жаңа келген шақалақтың қуанышынан бастап, оның ат жалын тартып мінген азамат болғанға дейінгі қуаныштарының бәрі ата-анаға үлкен салмақ түсірмеуге тиіс. Той – қуанышты бөлісудің көрінісі. Ол той өткізушінің жора-жолдас, ағайын-туыс арасында әлеуметтік орнын нақтылайды, нығайтады. Айналасына қадір-қасиетінің қаншалықты екендігін байқатады. Осыдан да болар кейде асырасілтеушіліктер, ысырапшылдық, даңғазалық орын алып жатады. Бірақ адам қаншама даңғазалыққа ұрынса да, халықтың ізгілік өлшемдері бұдан өзгермейді. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, артық ауыс әрекеттің барлығы сынға ұшырайды. Адамға керегі не? Әлбетте, өзіне деген ыстық ықылас, қолдау мен көмек. Тойға байланысты жасалатын дүниенің барлығы осы өлшемдерге тәуелді болуға тиіс.

Раушан Каршалова:
– Ертедегі тойлар көбіне жаз мезгілінде өткізілетін болған. Бұл кезде мал семіріп, ақ көбейеді, шаруашылық қамы азаяды. Алыстан келген қонақтарды күту де көп қиындық туғызбайды. Жайлаудың салқын самалында ас ішіліп, одан соң ойын-сауық, көкпар, айтысқа көп орын берілген. Айтыста жеңгендерге бір тоғыз, күресте жеңген бас палуанның бәйгесіне түйе, ат берілген. Кей жағдайда иығына шапан жапқан. Небір қызық ұлттық ойындар ойналып, жеңгендері кәдесіз қамалған. Ал бүгінгі тойларымыз негізінен сағаттап отырып тамақтанудан, одан соң негізінен қонақтардың тілектерін тыңдаудан тұрады. Арасында өнерпаздардың өнерін тамашалайды. Меніңше, бүгінгі тойларға жан-жақты реформа қажет.
Бұл тұрғыда тойды шақыру билетінде көрсетілген уақытында бастап, 2-3 сағаттың ішінде аяқтау. Бүгінгі тойлардың жаз мезгілінде болатындарының біразында қонақтар 17-00-ге шақырылса, 20-00-де басталады. Бұл – өзге адамның уақытын ұрлау деген сөз. Уақытты бағалауымыз керек. Сондай-ақ келген адамның барлығын сөйлету міндетті емес. Бірқатар қонақтардың лебізін бейнетаспаға жазып алып, үзіліс кезінде телеэкран арқылы беріп отырса тіпті жарасымды.
Той – ағайын-туыс, ет жақын жора-жолдаспен қуанышыңды бөлісетін шара болғандықтан оған шамадан тыс көп адам шақырудың қажеті жоқ. Меніңше, тойға ең жақын тумалар мен жақын достардан тұратын 60-70 шақты адамды шақырса жеткілікті. Той қонақтарының санын ықшамдау керек. Сонда бәрі де үнем болады. Уақыт та, тойға кететін шығын да.
Бүгінгі күні бізді қатты алаңдататыны – ысырапшылдық. Той дастарханының мәзірін ықшамдау керек. Мүмкін болса, фуршетке айналдырған жөн. Дастарханда 6 салат тұрса, соның біреуін ғана жейсің. «Бір адамның асқазанына бір аяқ қана ас сияды» дейді халқымыз. «Елден ұят болмасын» деп дастарханды толтырамыз кеп. Ал бұл – ысырап. Тамақ тұрмақ, «Теңіздің жанында тұсаң да суды ысырап етпе» делінеді шариғат амалдарында. Демек, біз мұсылманшылыққа қайшы келетін әрекеттерді тыюға жол нұсқауымыз қажет. Той жасау – сүннет. «Бір құрмамен болса да той жаса» делінген адамзаттың асылы, сүйікті пайғамдарымыздың хадисінде. Сондықтан той жасайық, бірақ ысырапқа жол бермейік.
Кейбір тойларда ашық-шашық киінгендіктен келін боп түсіп жатқан қызға көз тоқтатып қарауға қысыласың. Қалыңдықтың декольте көйлек киіп, иығы, кеудесі жартылай жалаңаш болуы – өте әбестік. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар ара-тұра болса да ұшырасып жатады. Мұсылман болғандықтан, осындай әрекеттерге жол бермей, қалыңдықтың өз атына сәйкес киінуі жиі айтылып, ата-аналарға құлаққағыс етіліп отыруы жөн. Киім – идеология. Оны жөнге сала алмасақ, ұрпағымыз бұзылады, ал ұрпақ бұзылса – ұлтымызға қауіп. Сондықтан қалыңдықтардың ашық-шашық киінуіне үзілді-кесілді тыйым салу керек.
Мені алаңдататын тағы бір нәрсе – тойларда асабалардың ер адамдардың дәрежесін төмендететіні. Тіпті, еркектерді жер қылып тастайды. Түрлі ойындар барысында ерлерді мазақ нысанына айналдырып, күлкі етеді. Қоғам онсыз да шынайы ер-азаматтарға мұқтаж заманда бұған тыйым салу керек. Сондай-ақ, үйленіп жатқан қыз бен жігіттің бір-бірін жақсы көретін сөздерін елдің көзінше айтқызу – қазақи мінезімізге, табиғатымызға жат. Одан да әдемі әзіл, тағылымды сөздер айтса, сол жеткілікті. Кейбір жөн білмейтін асабасымақтар құдағиларды жарыстыру сияқты сайқымазақ ойындарға жол береді. Бұл да ұлттық менталитетімізге жат. Еркектердің рухын көтеріп, ер мінез қалыптастыра алмай жүргенде, ерлерді әйелге бағынуға икемдейтіндей әңгіме айтылмауы керек. Асаба қандай тойда қандай әңгіме айтуды білетін көзі қарақты болсын. Сондықтан той иесі асабамен алдын ала жолығып, өткізген тойларының бейнежазбасын көріп, танысып алғаны жөн. «Тойыма бұйыртсын» деп жиған-тергенін не айтып, не қойғанын білмейтін жанның қолына ұстата салмау қаперде болуы керек. Сондықтан той иесі асабаға өте мұқият болғаны абзал.
Той – көптің көмегімен өткізілетін шара. Мұндайда ағайын-туыс той иесіне мейлінше көмек қолын созғаны абзал. «Дүние – кезек», бұл жолы ол көмектессе, келесі жолы бұл көмектеседі. Ағайынның қандай шарада болсын қол көмегін, ақыл көмегін ұсынғаны өте жарасымды. Тіпті кейде, әлеуметтік жағдайы төмен болса да қол көмегін ұсынып, сол тойда туыстардың жүгіріп қызмет еткені көңілге қуаныш сыйлайды. Туысыңды дәрежесіне қарай жақсы көрмейсің, бірге туғандығы үшін, оның бар болғандығы үшін жақсы көресің. Сондықтан тойда ағайынның қуанышын бөлісу – әрі сауап, әрі міндет.

Жалғасы бар…

Қасымхан Бегманов,

«ДӘСТҮР: кеше, бүгін, ертең» кітабынан