Басты бет » Даналық дәптері » Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: Балалық шағымның естелігі — үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер болатын

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ: Балалық шағымның естелігі — үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер болатын

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балалық шақтағы естелігімен бөлісіп, кітап оқудың маңызы туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырды. 

— Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі — үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде.

Осыдан болар мен үйдегі кітаптарды оқып шығып, кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы болдым. Бала кезімде «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деген ескертуді жиі еститінмін.

Өзім әке атанғанымда балаларыма алдымен ертегі оқып бердім, кейін үлкен ұлым өзі оқи бастады.

Ертегілер мен шағын әңгімелерден бастап, шытырман оқиғалар, ғылыми фантастика және көркем емес фантастика сынды жанрларға біртіндеп көштік. 5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды. Сол кезде мен де ұлыма «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деп ескерту жасай бастадым. Балабақшаға барып жүрген кенже балам ертегілерді, әсіресе, «Еркетай» мен «Жәнібек» туралы заманауи қазақ комикстерін тыңдағанды ұнатады.

Мен өз тәжірибемнен балаларды оқуға мәжбүрлеуге болмайтынын айта аламын. Балаларға қысым көрсетпей, керісінше жеке мысалмен оқуға деген сүйіспеншілікті ояту қажет. Бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көруі керек. Сонда ғана қызығушылық пайда болады. Кітаптар баланың мінезіне және құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін де ескерген жөн. Оң сюжеттік желісі бар кітаптар жақсы әдеттерге баулып, дұрыс тәрбие береді. Сол себепті балаларды қолдау, кітап оқуға баулу, оларға кітап сатып алып беру, кітап көрмелеріне бірге бару өте маңызды.

Бұған дейін PISA, TIMSS халықаралық зерттеулерінің нәтижелерін жариялаған болатынбыз. Олар ата-аналардың балалармен бірге оқуы және олардың болашақта мектептегі академиялық үлгерімі арасындағы нақты және оң байланысты көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, үйде кітаптары бар балалар жоғары нәтиже көрсеткен.

Сондықтан 2020 жылы оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулу үшін ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қостық.

Бұл жоба туралы келесі жазбамда кеңірек тарқатып айтамын.

Мереке қарсаңында осы жазбаны оқитын ата-аналарға балаларға қызықты кітап оқуға кеңес беруді ұсынар едім. Олардың кітап әлеміне жасаған саяхаты қызықты болсын!

Барлық оқушыны кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын. Өйткені, білім – ең құнды байлық, — деп жазды Асхат Қанатұлы.