Адами парасатқа тамыр жіберген режиссер туындыларын тірілтетін актёрлер қауымының ой-түйсігі де ерекше болады. Өнерімен елге танылған жас актёрмен болған сәулелі сырласуды оқырман назарына ұсынамыз.
– Туып өскен ортаңыз, отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Мен 1991 жылы Алматы қаласында өмірге келдім. Ол кезде ата-анам Қазақ ұлттық өнер академиясында оқитын. Студенттер перзентханасында дүниеге келген баламын (күлді). Анам мені туғаннан кейін 20 күн өткен соң ауылға апамның қолына берген. 3 жасыма дейін әжемнің қолында өстім. Әкем – белгілі актер, «Нысана» әзіл-сықақ театрының директоры Әбунасыр Серіков, анам – «Дарын» сыйлығының лауреаты, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Әр үйдің сыры басқа» бағдарламасының жүргізушісі Лиза Серікова. Отбасында бес баламыз: үлкені – мен, менен кейін Ханшайым, Аида, Роза атты үш қарындасым және әл-Фараби деген інім бар. Өзім шаңырақ көтергенмін, жұбайым Фариза да актриса, екі ұлым бар: Әл-Аят және Әбілқайыр.
– Өнер жолы ауыр жол деп жатады. Бұл жолды таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен кішкентайымнан анамның жанында жүрдім. Театрда өстім, сол жерде жүріп, қызығушылығым да жыл өткен сайын арта бастады. Өзім 4-сыныптан бастап рөлдерде ойнадым. Ойламаған жерден балаларға арналған «Жиһанкез Тити» деген қойылымда басты рөлді сомдадым. Өнердегі алғашқы қадамым содан басталды. Кішкентай кезімнен анаммен бірге театр ұжымымен гастрольде жүргеннен кейін, осы сала жаныма жақын болды. Театр өмірімнің мәніне айналды. Өнерге деген құштарлығым ашылды. Сол құштарлық мені актер етті.
– Өнерде өсуге қарай жол ашқан кім?
– Әкем басында қарсы болатын. Ол өнерде жүріп көп қиындық көрген адам. «Сен ол қиындықты көрмей-ақ қой, басқа бір жеңілдеу салаға бар. Сот немесе қорғаушы бол. Құқық қорғау органында жұмыс істегенің дұрыс», – деп қарсылығын білдірді. Мен: «Актёр болудан басқа қолымнан ештеңе келмейді», –деп айттым. Әкемді де түсінемін. Жоғарыдағы сөздерін маған жаны ашып айтқан ақылы деп қабылдадым. Ал анам болса қолдады. Ана деген баласын қорғаштап, қолдайды, баласының сөзін сөйлеп, демейді. Анам қарсы болған жоқ. «Балам сен қандай шешім қабылдасаң да, мен қолдаймын», – деді. Театрға барамын, өнер жолын таңдаймын деп шешім қабылдадым. Анаммен сөйлесіп әкемді көндірдік.
– Өнердегі ұстазыңыз кім?
– Өнердегі анам – Машурова Рахила Әбдірахманқызы. М. Әуезов атындағы драма театрында жұмыс істейді. Менің кураторым болды. Екінші кураторым – Роза Қуанышқызы Рымбаева, одан кейін Айдын Жомартұлы Сахаманов, Ислям Серікұлы Нұртазин. «Актер шеберлігі» пәні бойынша осы төрт мұғалімнен дәріс алып, тәрбиелендім.
– Сіздің әкеңіз де актер. Актер әке актер ұлына қандай сынмен қарайды?
– Әкем екеуміз бір-бірімізді көп көре бермейміз, дұрыс көрісе алмаймыз. Жақын әңгімелесіп қалғанымызда: «Жастайымнан киноға түсуді қатты армандайтынмын. Жас кезімде мен киноға түспегенмін. Сен менен бұрын түсіп жатырсың. Соған қуаныштымын», – деп айтады. Әкем бұрын қарсы болса, қазір осы жолға түскеніме өкінбейді, керісінше қуанады. Қолымнан келгенінше көңілдерінен шығуға тырысып жатырмын. Ол өнер адамы болғандықтан қаталдау. Егерде әкем жұмсақ болатын болса, мен басқаша өсер едім. Ол кісінің қатал болғанын қолдаймын. Академияға түсіп, бірінші курсты бітірген кезде мен «Балалық шағымның аспаны» деген Елбасы жайлы түсірілетін киноның іріктеуінен өтіп кеттім. Әкем мен шығатын қойылымдарға келмейтін. Премьерасы болатын кезде: «Келе аласыз ба?» – деп сұрадым. Келмейтін шығар деп ойласам: «Әрине, барамыз!» – деді. Ондай жауапты күтпедім. Премьера кезінде басқаша көзқараспен қарап тұр екен. Кино көріп отырып, көзім түсіп кетіп еді, көзіне жас алып отыр екен. Ол кісінің маған жібіп жылаған кезі әлі есімнен кетпейді. Сондағы толғанысымды, толқығанымды сөзбен жеткізе алмаймын. Сол сәтте жүрегім қатты елжіреп кетті. Әкемнің ондайын көрмегенмін. Жақсы көретінін айтпайды, ішінде сақтайды. Сол сезімнің сыртқа шыққанын бірінші рет көрдім. Сол кезде қосылып бірге жыладық. Көңіл толқытар сол сәттен кейін мен әкемнің орындалған арманы екенімді түсіндім.
– Ол кісі өмірде қандай әке? Қандай істерін үлгі тұтасыз?
– Әрқашанда айтатыны: «Ұлық болсаң, кішік бол. Ешқашан да көкірегіңді керме!». Тура жолға бағыттайтын ақылшым ғой. Бала болғаннан кейін бүлдіресің, бұзықтық жасайсың. Сол кезде сабама түсіретін де әкем. Өмірге, тұрмысқа қатысты кеңестерін аямайды. Өнерге келетін болсақ, ойнайтын рөлдеріме қатысты кеңес сұрасам: «Мен араласпаймын. Өзің таңдадың, өзің шеш!» – дейді.
– Қарындастарыңыз да кішігірім рөлдерде ойнап жүр. Оның үстіне жарыңыз да актриса. Отбасылық театр ашу ойларыңызда жоқ па?
– Жоқ. Ойға да келмепті. Жұрт қалжыңдап айтып жатады. Бірақ ойда жоқ. Әркімнің өз жолы бар. Бір жағынан біздің табиғатымызға келмейтін сияқты.
– Шығатын қойылымдарыңызға қалай дайындаласыз?
– Мен өзім практиканы жақсы көретін адаммын. Біз талқылау кезеңінен өтіп, пьесамен оқып танысамыз. Ол уақытта кім қандай персонажда сахнаға шығатынын, пьесаның мазмұнын, психологиялық әсерін бойыма сіңіремін. Дайындық кезінде образға кіремін. Әркім әртүрлі дайындалады. Біреулер оқып жатқан кезде бойына сіңірсе, ал мен дайындық процесі кезінде меңгеремін. Күрделі образдарды сомдауда сол әлемнің, рөлдің психологиясын жан-жүйемнен өткіземін.
– Бір рөлге қатты еніп кетіп, сол рөлдің әсерінен қаншалықты ұзақ шықпай жүресіз?
– Мұғаліміміздің үйретуі бойынша, актер 5 секунд, 1 секунд деп уақытқа қарамай бірден образға, рөлге кіріп кету керек. Біреулер жаттығулар жасап, өзін қалыпқа келтіріп дайындалады. Ол дұрыс емес. Актер 3-5 секунд ішінде жиналып үлгеруі керек. Қалай бітеді, солай сол күйден, қалыптан жылдам шыға білу керек. Ұстаздарымыздан ұрыс естіп шыңдалып өстік. Спектакль күні өзіңе өзің келіп, тез жиналасың. Барлығы біткеннен кейін рөлден шыға алмай ауырып кету менде жоқ.
– Қоржыныңызда қандай рөлдер бар?
– «Жиһанкез Тити» деген балаларға арналған спектакльде Титиді ойнадым. Абайдың он үш жасын ойнадым. Өкінішке орай, ол спектакль жарыққа шыққан жоқ. Ол кезде Ғ. Мүсірепов театрында жұмыс істейтінмін. Одан кейін Мауглиды ойнадым. Астанаға келіп, Талғат Теменовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымында Пернебекті, «Аққудың көз жасы» спекткалінде Садықты ойнадым. Кино саласындағы рөлдеріме тоқталатын болсам, Болат Шариповтың «Шолпанның күнәсі» деген кинода кішігірім эпизодта, Рымбек Альпиев ағамыз түсірген «Ангелочек» сериалында темекі шегіп, кішкентайларды ұрып-соғатын балалар үйінің күзетшісін ойнадым. Одан кейін Досхан ағамыздың «Біржан сал» деген киносына түстім. Онда Ләйлімнің інісі Мамайдың рөлін сомдадым. Елбасымыз жайлы түсірілген «Балалық шағымның аспаны» атты киносында Нұрсұлтан Әбішұлының бозбала шағын, Ақан Сатаевтың «Вопреки всему» сериалында Рүстем деген сұмырайды, «Таңдауда» Алдиярдың рөлін, «Жібекте» Мирастың рөлін ойнадым. Қазір Асқар Ұзабаевтың «Сүйе білсең» деген киносына түсіп жатырмын.
– Осылардың ішінде сіздің төлқұжатыңызға айналған рөл бар ма? Сізді ашқан рөл бар ма? Әлде әлі түсірілген жоқ па?
– Әр актердың төлқұжаты болады ғой. Төлқұжатым болатын рөл мені әлі тапқан жоқ. Ол алда деп ойлаймын. Осы уақытқа дейінгі рөлдерімнің ішінде «Жібек» сериалындағы Мирастың рөлі деп ойлаймын.
– Өте жауапты рөл Елбасының жас кезін ойнау үшін актерға қандай қасиет керек екен? Іріктеуден қалай өттіңіз? Осы рөліңіз туралы айтып беріңізші.
– «Қазақфильмге» өзің барып тұрмасаң, барсың ба, жоқсың ба ұмытып кетеді (күлді). Сонымен жай барып қайттым. Кастинг болып жатыр екен. Бірінші кезеңде суретке түсірді. Кейіннен хабарласып, видеопробаға түсіруге шақырды. Ол кезде президент туралы фильм түсіретінін білмеймін. «Сұлтан» деп айтып жатты. 5-6 рет шақырды. Шақыртуларынан шаршап кеттім. Бір күні: «Шақыра бермеңдерші. Өтсем өттім, өтпесем өтпедім», – деп ұрсып тастадым. «Бұл соңғы рет шақыртуымыз. Осы жолы шешіледі», – деді. «Жарайды» деп барсам, кастингтен өтіп кеттім. Содан кейін барып режиссер президент туралы кино екенін айтты. Режиссер: «Қатты күш салып ойнама. Ол да бала. Ол да батпаққа аунаған, төбелескен, атқа мінген бала. Шынайы ойна. Ол президент боламын деп ойлаған жоқ. Қарапайым қамсыз дала баласы қандай болса, солай ойна», – деді. Өзіндік кішкене мақсаттарын қойды. Ол кезде өзім де бала болғаннан кейін жауапкершілікті сезіне алмадым. Бұл фильмнің арқалайтын жүгі де ауыр болғандықтан, жауапкершілікті қазір сезінемін.
– Режиссермен жұмыс істеу ерекшелігіңіз қандай?
– Режиссердің қойған мақсатын толыққанды орындауға тырысамын. Өзімнің көңілімнен шықпай жатса, режиссермен ақылдасамын. «Қалай болып жатыр? Сіз қойған мақсаттың деңгейіне жетті ме, жетпеді ме?» – деп сұраймын. «Іштей мен жеткізе алмаған сияқтымын. Тағы бір түсіріп көреміз бе?» – деп ақылдасатыным бар. Жасанды әдіс ұнамайды. Ойнағанан кейін халықтың көңілінен шығатындай етіп жасағың келеді.
– Бақ жұлдызыңыз жанып, бірден елордамыздағы алдыңғы қатарлы театрдың жас актеры атандыңыз. Бұл – кез келген актердың маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Астанаға келгенде, Қаллеки ұжымы сізді қалай қабылдады?
– Қай жерге барсаң да бәрі сынап қарайды. Сен жаңадан келдің екен деп аяқтан шалған ешкім болған жоқ. Алғаш келгенімде, мұнда «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклінің репетициясы болып жатыр екен. Сол спектакльден рөл бұйырды. Бір жарым айдай дайындалдық. Содан кейін басшыларым: «Талантты бала екен. Рөлді алып шығу бірден қолынан келеді», – деп айтты. Адамға жақсы сөйлегеннен кейін өзін еркін ұстай бастайды, үйрене бастайды. Сөйтіп, театрдың шараларына қатысып жүріп, осы шаңырақтың «Ерке баласы» атандық. Театр ұжымына, басшылығына, көркемдік жетекшілеріне, барлық цехына алғыс айтамын. Өздерінің білгендерін үйретіп, жақсылығымды асырып, кемшілігімді түзетіп, мені біраз шыңдады. Ешқайсысы бөліп жарған емес. Аяқтан шалған емес. Өз-өзімді көрсеттім. Бәрі басымнан сипап, қолдап жатыр. Режиссерлерге рахмет. Шет қалдырмай, рөл беріп жатыр. Қандай жағдай болса да, сьемкаларға сұранып жатқанда да түсіністікпен қарайды. Алғыс айтамын. Еш жамандық көрген жоқпын. Шүкір, өсіп жатырмын, ел көріп жатырмын, жер көріп жатырмын. Алғысым өте шексіз.
– Жаңа маусым ашылып жатыр. Көрермендеріңізге, оқырмандарыңызға айтар тілектеріңіз.
– Театрға келіңіздер. Жаңа спектакльдер қойылатын болады. Бізбен бірге қуанышымызды бөлісіңіздер. Келіп жүріңіздер. Театр – мәдени рухани азық алатын жер. Сол бір азықты бойыма сіңіремін десеңдер, оның қойылымдарынан қалмаңыздар. Театрдың әр спектаклі – үлкен бір кітап. Өзіңді елітіп әкететін қызық кітапты аяғына дейін бітіруге асығатының сияқты театрдың да әр қойылымына солай асығу керек. Ал сол қызықты сіздерге жеткізетін, режиссерлердің қиялымен жазылған туындыларға жан бітіретін актерлер қауымы шөлдеп келген көрермендерін құшақ жая қарсы алатынын ұмытпаңыздар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Аяулым Алтынбек