Басты бет » Жаңалықтар » НУМЕРОЛОГИЯ: Тағдыр саны адамның мінез-құлқына қаншалықты сәйкес келеді?

НУМЕРОЛОГИЯ: Тағдыр саны адамның мінез-құлқына қаншалықты сәйкес келеді?

Нумерологияда тағдыр саны адамның мінез-құлқы мен оның қандай қабілеттерге ие екендігін сипаттап береді. Нумерологиядағы барлық сандар жиынтығы 1 мен 9 арасында жүреді, соған сәйкес адамдардың тағдыр саны мен планетасы да осы бойынша есептеледі. Белгілі нумеролог маман Наурызгүл Абиева тағдыр санына қатысты өз болжамын ұсынады.

Нумерологтың айтуынша, тағдыр саныңызды есептеу үшін, туған күніңізді, ай мен жылыңыздағы сандарды қосып, одан шыққан екі таңбалы санды бір-біріне қосасыз, нәтижесінде бір таңбалы сан шығады. Шыққан бір таңбалы сан сіздің тағдыр саныңыз болып есептеледі.

Мысалы, 19.11.1991 болатын болса, 1+9+1+1+1+9+9+1=32. Осы екі таңбалы санды бір-біріне қосқанда 5 саны шығады. Осылайша, өзіңіздің тағдыр саныңызды біле аласыз.

1-ліктер Күн планетасында, олар күн сияқты жан-жағына нұрын төгіп жүретін жандар. Жан дүниесі бай, ақылды, әрдайым күлімдеп жүреді. Жаксы көретін адамын бар құшағымен жақсы көреді.

Ал өзін ренжіткен адамдарды күн сәулесі секілді күйдіріп жіберуге дайын. Басқа кісілердің ойына құлақ аспайды. Жеке өз тәжірибесіне сүйенетін жандар деуге болады. Батыл, қайсар, тапқырлық қасиеті басым. Мінезінде нашар жағы, өркірек, эгоизм басым болады.

2-ліктер Ай планетасында туған жандар. Ай сияқты өсіммен-түсіммен тұрады. Яғни, ай фазасы кішірейіп өсіп тұрады, бұл дегеніміз бір кезде энергиясы көтеріліп, бір кезде энергиясы төмендейді. Сол себепті олар әрдайым ілім алып, жаңа дүниелерді ізденгенді жақсы көреді және өмір жолы басқаларға ұқсамайды. Интуициясы жақсы дамыған, айдың күші оларға басқалардың ойларын сезінуге, жақсы психолог болуына мүмкіндік береді. Олар отбасылық құндылықты бірінші орынға қояды. Адамдарға көмектескісі келіп, туыстары мен достары арасында туындайтын өкпе-реніштерді шешуге әркез дайын тұрады. Адал дос, адал жұбайлар деуге болады.

3-тіктер Юпитер планетасында туғандар – бұлар кез келген ортада көшбасшы болуға келген, сәттілігімен туылған жандар. Сөзге шешен, ақкөңіл, адамдарға тез бауыр басатын жандар шығармашылықтың адамы десе болады.

4-тіктер Раху планетасында туған жандар өте еңбекқор жандар, тұрақтылық пен сенімділіктің саны, кез келген қиындықпен сынақтан сүрінбей өтуге дайын тұрады. Шындықты жақсы көреді. Шектен тыс тәкаппар адамдарға сыншыл келетін мінезі бар соны басып отыруы керек.

5-тіктер Меркурий планетасында туғандар – бұлар жаңалықтар ашып, өзгерістер жасағысы келіп тұратын жандар. Өмірге құштар, энергиясы күшті дамыған. Жел сияқты қайда ұшып, қайда қонарын білмейді. Саяхатты жаны сүйеді, елкезбе деп айтуға болады.

6-лықтар Венера планетасында туғандар, ақкөңіл, мейірімді, жанашыр жандар, талапшыл, қызметте қатал басшы бола алатын жандар. Қолы ашық, өзі үшін ғана емес, өзге үшін де уайымы көп болады. Сұлулыққа, дәмді тағамға әуес, сыншыл жандар.

7-ліктер Кету планетасы туғандар – олар адам жанын түсінетін, не ойлап тұрғанын білетін мықты психолог, оратор, дипломат адамдар. Басқаларды өзіне қарата алатын қасиеті бар. Сондай-ақ әртістік қабілеті бар және мақтап, қорғап, қолдағанды ұнатады. Өмірде дұрыс шешім қабылдауы үшін ішкі жан дүниесіне, логикасына сенім артып үйренуі керек.

8-діктер – Сатурн планетасында туған жандар. Олардың өмір жолы ерекше және өмірге кармамен келгендер. Еңбекқор, адал, айтқаны айдай келеді, қырсықтығы басымдау. Бұларға қарғыс айтуға болмайды. Мінезі тік болғандықтан жан-жағындағы адамдарға ұнамайды. Адамды түсініп үйрену керек.

9-дықтар – Марс планетасында туған жандар. Көп сырлы, қызуқанды, күш-жігері мықты. Жанашыр, адамгершілігі мол, қамқор, сезімтал жандар. Ешкімге тәуелді болғысы келмейді. Нашар жағы қызба, агрессияға бейім. Өзгелердің алдында өте нәзік болып көрінеді. Депрессияға жиі түседі.

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary

Сурет: tolqyn.kz