Жуырда Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінен келген 25 шетелдікті анықтап, олар оқу орындарына студент ретінде заңсыз тіркелгенін әшкереледі.
Мәселен, Өзбекстаннан келген 19 мигрантқа М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті ретінде жалған құжаттар берілген. Алайда олар бұл оқу орнында бірде-бір күн оқымаған. Аталған факті бойынша прокурорлармен ҚР ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, кінәлі тұлғалар анықталуда.
Тағы бір жайт, алты шетелдік азамат қаладағы университет пен колледждерге формальды түрде оқуға қабылданып, кейіннен ұзақ сабақтан қалғаны үшін оқудан шығарылған. Осылайша, еңбек мигранттарына елге кедергісіз кіріп, заңсыз уақытша тіркелуге жағдай жалсалған.
Міне, осылайша, білім беру орындарының өзінде заңды белден басқан жасырын қылмыстық әрекеттер орын алып келгені белгілі болып отыр. Енді заңсыздыққа барғандар заң алдында жауап беруі тиіс.