Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,
тарихшы, этнолог,
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие мектебінің жетекшісі
Сеулде аты да, заты да қорқынышты “мерекені” тойлаймыз деп, бір-бірін таптап, жаншып 100 астам адам қайтыс болыпты. Бұл пәле біздің елге де баяғыда жеткен. Осы қаңсыққа қарсы тұрар бір-ақ нәрсе бар, ол -ұлттық иммунитетті сақтау, ұлттық рухты көтеру, өскелең ұрпақтың бойына өз құндылығын сіңіру. Оны біздің “Қара шаңырақ” қолынан келгенше дәріптеп де, көрсетіп те жүр.
Әттең, қолдың қысқалығы, әйтпесе, көп дүние жасар едік. “Олжалы жерден олжадан қағылып, жоралы жерде жолдан тайдырып”, нақты іспен емес, құрғақ сөзбен шулатып жүргендер болмаса, баяғыда-ақ, ұлттық жаңғырып кетер ме едік?! Ұлтқа қызмет ету мінезден,-деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтпақшы, ұлттық мінез тек пост жазумен, посттың астына пікір жазумен шектелмеуі керек. Харекет керек!
Хэллоуин – ұлтқа қатерлі мейрам. Бір кездері әулие Валентин деп шулап, оны әзер дегенде Әулие Валинтиннің қазақша нұсқасын жасап, сәуірге ауыстырып еді. Бірақ Валентин ауруынан да әлі де толық айығып кетпедік.
Қазіргі таңда жын-сайтандарды ұлықтайтын осы бір қорқынышты мерекені тойлау бірқатар елдерде заңмен тыйым салынған. Ол елдер «сайтандарды ұлықтау» деп, түсінік берген күнді атап өтудің өскелең ұрпаққа берер бірде-бір пайдасы болмағандықтан осындай шешім қабылдаған екен.
Біздің елімізде керісінше «Хэллоуинді» асыға күтетіндердің қатары артып, мейрамның түп-төркінін жете түсінбесе де, арнайы дайындалып, тойлайтындар қатары артқан.
Дін және қоғам қайраткерлері оны «коммерциялық жоба» мен «мәдени отарлау» құралы десе, педагогтар мен психологтар «зұлымдық бейнесі мен ойындар» әсіресе, жас балалардың жетілмеген психикасына қауіп төндіреді дейді. Тіпті Хэллоуин тойлау кезінде түрлі заң бұзушылық фактілері болғанын да есімізде.
Хэлоуин -азғындықтың мерекесі. Түрлі құбыжық, әруақтардың кейпіне еніп, мағынасыз мерекені атап өтуді, дініміз де құптамайды. Себебі, «Хэллоуин» пұтқа табынуға шақырады. Аруақты сыйлаған халқымыз, «Аруақ риза болмай, тірі жарылқанбайды,-деп өмірден өткендерге құрмет көрсетеді, артынан құран бағыштап, жаман сөз айтпайды. Ал осы бір азғын мереке аруақтарды қорлап, мазаққа айналдырады.
«Пайғамбарымыздың сүннетін алатын болсақ, Пайғамбарымыз өзі мұсылман мұсылманды қорқытуына тыйым салған. Ал «Хэллоуинде» құбыжық болып киініп, қан ағызып, адам шошырлық жаман бір көріністерді көрсетеді.Бұл мұсылмандыққа жат нәрсе.
Жаратқан әр ұлтты өз ерекшелігімен, тілімен, ділімен, болмысымен жаратқан. Сол айырмашылығымыз бізді басқа ұлттан ерекшелендіріп тұрады. Әр халық пен ұлыстың өзіне тән төл мейрамы бар. Өзінікі қаңсық, өзгенікін таңсық көрген, жылтыраққа құмар жастарымыз осыны түсінсе етті?!
Жастар ненің жаман, ненің жақсы екенін білмейді, не болса, соған еліктеп, парқын білмей, байыбына бармайды, бірақ біз соған немқұрайлы қарап отыра береміз бе?
Менің ұл-қызым ондай емес,-деп те отыра беруге болмайды. Сіздің де балаңыз осы қоғамның бір мүшесі екенін ұмытпаңыз. Ертең ол да осы қоғам да өмір сүреді. Қоғамды түзету өз қолымызда!
Бұл тек қана жас ұрпақтың тәрбиесі емес, халқымызда «албасты басқыр» деген сөз бар, адамды қорқытуға болмайды. Қазақ халқының сана-танымы, салт-дәстүрі бар. Егер біз бүгін ойланып, әрекет етпесек, ертең осы әрекетсіздігіміздің салдарынан бармағымызды шайнайтын боламыз.
Қарап отыра берсек, пиғылы бөтен нәрсе бойларына сіңіп, бұл бүтін бір ұлттың адасуына алып келмей ме, ағайын?! Қазақта мереке жоқ па? Өзгенің жын-ойнағын емес, мәнді де мағыналы, салт-дәстүріміз бен ұлттық дүние танымымызға жақын, мейрамдарды жастардың тойласа жарасымды болар еді.
Хэллоуинді тойлап жүрген жастарымыз тарихын біле ме екен? Христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ, Францияның аумағында «Кельт» атты жұрт өмір сүрген. Олардың түсінігінде Күн қыс мезгілінде өлілердің патшасы Самхэйннің тұтқынында болады-мыс. Тура 31 қазан күні кельттар өздерінің Самхэйн атты мейрамдарын тойлаған. Кельттар пұтқа табынушылар болған. Олар мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді деп сеніп, солардың бейнесіне енген.
31 қазан ескі ағылшын тілінде «All Hallows» («барлық әулиелер кеші») деп аталған. Кейін жәй ғана Хэллоуинге айналған.
Қазақ еліктегіш халықпыз дейміз. Бірақ, осынша рухани құлдырап, мағынасыз, қорқынышты, үйретері жоқ, жат мерекеде жастарымыздың дүрлігіуіне не себеп? Хэллоуинді тойлаймыз деп, түр- әлпетін бояп, жын-шайтан бейнесіне еніп, өз еріктері мен адамдықтан айуандыққа өткендеріне мәз. Тіпті, соны суретке түсіріп әлеуметтік желілерге жүктеп жатады.
Ұлт болашағы — жастардың қолында дейміз. Ал, Хэллоуин тойлап жүрген жастардан не үміт, не қайыр? Қандай болашақ күтеміз?
Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанына 30 жыл. Осы жылдар ішінде ұрпақ тәрбиесінде барымыздан айырылдық. Бүгінде қоғамда орын алып жатқан өзегіңді өртер дүние – осының жемісі.
Ұлттық рухымыз, ұлттық санамыз толық қалыптаспаған ұлт екенімізді ащы да болса мойындауымыз керек. Өкініштісі, осы кемшіліктің орнын толтыруға, сырттан келіп жатқан қатердің алдын алуға тырыспаймыз.
Біздің осындай ұлттық құндылықтан, руханилықтан жұрдай, жыртық-тесігімізге, бос қуысымызға өзге өзінің тілін, бөтен өзінің ділін, тағы басқалары өзінің мейрамдарын «тығып» жатыр. Сол арқылы өскелең ұрпақтың санасын улап, ұлттық кодынан айырып жатыр.
«Той десе қу бас домалайтын», еліктегіш, сенгіш халықтың осал тұстарын байқап, осы арқылы өз идеологиясын тықпалап жатыр. Жаһандануға жұтылып кетпес үшін, өз ерекшелігін сақтап қалу үшін ұлттың идеологиясы болуы керек.
Президенттің айтуымен, мемлекет ұлттық рухани жаңғыру деп түрлі жобаларды қолға алып жатыр, бірақ ұлттық идеологиясы жоқ қоғам қалай ұлттық рухани жаңғырып, ұрпаққа қандай рухани тәрбие болмақ?!
Халық болып, ұрпақтың тамырына балта шауып жатқан бұл мерекені тойлауға заңды тұрғыда тыйым салыну керек.
Бүгінгі ұрпақ – ел ертеңі.
Ертеңіміз мықты болсын десек, Ұлттық идеология керек!
Ұлттық тәрбиені қолға алатын кез жетті!