Басты бет » Жүдеу ой » Арна беделі жұлдыздарға қарап тұр ма?

Арна беделі жұлдыздарға қарап тұр ма?

 

Теледидардан Президентімізді алғаш көріп қуанғаным ешқашан есімнен кетпейді. Отбасымызбен кешкі жаңалықтарды қарап отырып, В. Путин мен біздің елдің басшысы кездесіп жатқан сюжетті тамашаладық. Бәріміз шуласып, Нұрсұлтан атамызды нұсқап, «әне, әне, біздің Прездидент!» – деп айқайлағанымызды білемін.
Кіндік қаным алғаш тамған жер – Ресей Федерациясының Астрахань облысы, әлбетте, шекарада тұрған соң ауылымыз өз ауданымыздан гөрі Ресейге жақын еді. Ал өзге елдермен шектесіп жатқан Қазақстанның аймақтарында көрші елдің тілін, дәстүрін, мәдениетін дәріптейтін арналардың көрсетілетінін екінің бірі біледі. Бұл ғасырлар тоғысып, жаңа қадамдар жасалып, жаңарып жатқан 2001-2002 жылдар болуы керек. Сондықтан үйде бірде-бір қазақша арна көрсетпейтін. 2003 жылы БҚО-на көшіп келген кезімізде ауылда санаулы арна болса да, ең алғаш рет ана тілімде хабар тыңдап, фильмдер көрдім. Содан бері мені отбасымнан бөлек, қазіргі ұлттық арна тәрбиеледі, арманға жетелеп, көп нәрседен хабардар етті, қазақты сүюді, ел, жерді құрметтеуді үйретті. Жаңа ғасырдың бас кезінде қазақстандық арналардың қатары толысып, екі тілде хабар берсе де, сауатты тілшілер, экраннан сағындырып анда-санда жылт ететін әртістер, мәнді дүниесі көп еді. Қазір қай отандық телеарнаны қоссақ та, телеэкранды жаулаған әртіс, әншіні көреміз. Осы орайда қазақша бағдарламалар жөнінде ойымды білдіргім келеді. Бұл жерде «халықтың таңдауы осы, арна рейтингін көтереді, онда тұрған не бар?» деген сөздің өзі қисынсыз. Себебі техника күннен күнге даму үстінде, таза қазақы телеөнім дайындауға мүмкіндік бар, кеңестік шекпен шешілгелі тыйым да жоқ. Алайда, салиқалы ойлар, ұлттық танымдық дүниелер айтылатын хабарларды тыңдап өскен тоқсаныншы жылдардан бері қарай дүниеге келген жастың көкейінде «қазіргі телевидение саласы дамып жатқанымен, көрсетер дүниесі сұйылып, арзан күлкі мен жеңіл ойынға құрылып, ұсынар өнімінің техникалық сапасы жақсарғанымен, ұлағат-өнегесі неліктен азайып кеткен?» деген сауал бар. Біз көріп өскен «Ата-жұрт», «Алтын қақпа», «Алтын сақа», «Сөз-мерген» сияқты айтары мен берері мол бағдарламалар қандай керемет еді! Белгілі бір себептермен жабылғаны бар, басқасы бар, әйтеуір, осы кезеңдегі бағдарламалар қазақ телевидениесі тарихындағы идеясы мықты, көрермені көп, тәрбиесі түзу болған телеөнімнің бірегейлері болып қала бермек. Жоғарыда аталған бұл бағдарламалардың жүргізушілері де ел арасында танымал, үлкен құрметке ие азаматтар атанғаны да жасырын емес. Бүгінде әндері хитке айналған әнші, айтыскер, ақын, тележүргізуші Төреғали Төреәліні ел сүйсініп қабылдаған еді. Назира Бердалы ханым халық арасында қандай сыйлы болды! Ән айтып, бейнебаян түсірмей-ақ, сөздің майын тамыза сөйлеп, ойын тиянақты жеткізе білген жүргізушілер, тілшілер өздігінен танылып, эфирге танымдық ақпаратты, сұхбатты, сұрақты бере отырып, жалпы, иісі қазақтың құндылығын әспеттей білген жандар аз болмады. Қазір де Бейсен Құранбек, Ләйлә Сұлтанқызы секілді ел сүйетін жүргізушілер баршылық.

 

%d1%8d%d0%ba%d1%80%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d1%83%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d1%80
Алайда ұлтты ұлықтайтын, дәстүрді дәріптейтін, танымды кеңейтетін өнім аз, болса да көп жағдайда көңіл көншітпей, тақырыпты аша алмай, мәнін жоғалтып жатқандары басымырақ. Оған себеп, біріншіден, іші қуыс «кебек шоудың» көбеюі, екіншіден, көшіргеннің кесірінен күлкіге қалу, үшіншіден, шала қазақшасы үйлескен, бет-әлпеті келіскеннің немесе әртістің телехабарды тізгіндеуі. Бұлардың барлығы телеарна мен бағдарламаның әуелгі мән-мақсатын 180 градусқа кері айналдыратын сияқты. Іші қуыс дегенім, іліп алар дүние көрсетпейтіні, интернеттен жүктелген бейнежазбаны қойып, анда-санда жылт етіп соған өз пікірін білдіріп, немесе жұлдыздың үйін көрсетіп, өмірін айтып эфир уақытын толтырады. Көшіру дегеннің де өз жөні бар емес пе? Иә, біздің халықтың діліне, тәрбиесіне, мінезіне көптеген шетелдік шоу табиғатының келіңкіремейтіні рас, осы орайда отандық продюсерлер де біраз қиналатын шығар. Бірақ та, адам қиялының ұшқырлығында шек бар ма, ұлтқа, тілге жаны ашитын арна басшылары шындап кіріссе, алынбайтын асу жоқ, бір тұшымды нәрсе жасап шығаруға болар-ақ еді. Рейтинг дегеннің өзі шамалап есептеледі, цифр қуғанша (әрине, бұл бәсекелестіктің артуына оң әсер ететін шығар), сапаны арттыруға жұмыстанғанымыз жөн болар. Сапалы әрі қызық болса, оның рейтингі өздігінен-ақ аспандап кетері сөзсіз. Менікі, ұлттық тәрбие беруді бірігіп ұйымдастырсақ деген ой ғой. «Сөзіне қарай кісі ал, Кісіге қарап сөз алма» дегенді Абай атамыз 19-ғасырда айтып кетсе де, әлі мәнін жоғалтпай, маңыздылығын жоймай келеді. Халық арасындағы танымалдылығына немесе түр-сұлбасының келістілігіне қарап, жүргізуші таңдайтын арнаның (немесе аутсорсингтің) саясаты мүлде дұрыс емес, керісінше, әлсіздігі мен сенімсіздігін көрсететіндей. Бүгінде тәрбие құралына айналған теледидар, ғаламтор арқылы баланы, ұрпақты тәрбиелеуге әбден болады. Сондықтан, келешектің қазағы, әйтеуір, тырнағы аюдай «супер әжелерден», жігітке таласып қызыл кеңірдек болатын қыздардан, біреудің сүрінгеніне күліп пікір білдіретін ағалардан, дәстүрді білмейтін «арулардан», кітап оқымайтын сұлулардан өнеге алып өспеуі тиіс! Қазақтың тектілігі мен қан тазалығының сақталуы бүгінгі жасты, тәуелсіздіктің ауасын жұтқан әр азаматты алаңдатуы керек. Жұлдыздарды көргеннен жүрегіміз айнып, тіпті түрлеріне қараудан жалығатын болдық. Орақ тілді жастар жоқ емес, тау қопарар талапқа ие, қазақ тілінің қадір-қасиетін жан-жүрегімен ұғынатын талай жас бар. Тек көпшілігі әртістердің көлеңкесінде, экранның сыртында қалып кетіп жатады. Телеэкранды жаулаған жұлдызды көріп, журналист болу үшін танымал болсаң жетеді екен, бір-екі бейнебаян түсіріп-ақ, бір фильмде рөл сомдап, бағдарлама жүргізіп кетеді екенмін деп ойлайды ғой жас буын. Әрине, әу демейтін қазақ жоқ, әншілік өнер дамып, шарықтай берсін, алайда тіліміздің құндылығы жоғалады ғой? Онсыз да блогты қысқартып, қарапайым тілмен жазамыз, шұбалаңқы материалды сайт бетінен де, газеттен де оқуға ерінетін болып алдық, ең болмаса, көркем де орамды тіліміздің аса бай сөздік қорын телевидение арқылы құлаққа құйып, санаға сіңірмесек, техникаға байланып, бір-бірімізбен сөйлеспейтін, кітап оқымайтын халге жеткен біз, халқымыздың ежелден сақтаған асыл мұрасы – тілімізді ұмытамыз. Аузымыз аққа тиіп, егемендіктің егесі атанған соң, ұлттық құндылықтар жөнінде ойымызды ашық айтып, дамытуға жағдай жасап, өз тілімізде сөйлейтін түрлі арналар ашып, қаншама керемет бағдарлама жасадық, тәуелсіздіктің алғашқы толқынын жоғары дәрежеде тәрбиелеп, жарқын болашаққа жөн сілтей алдық. Бұның бәрінде баспасөз, телевидение саласының алатын орнының аса ерекше болғандығы бесенеден белгілі. Сол себепті, телеарнадан тағылымға толы дүние көрсетсек, ол қашанда өтімді, беделі асқақ, мәртебесі биік болады. Айтыс тыңдаса делебесі қозатын, домбыраның үнінен жаны балқитын, көсіле сөйлегенді сүйетін халықтың ұрпағына бұл аса қажет. Жүргізуші боламын деп алыстағы аспан денесіне теңелген қазіргі жұлдыздарымыз, керісінше, халық алдында өз бедел-дәрежесін түсіріп алғандай. Кейде олардың жоғарыда, қол жетпес өнерлілер болып жүргендері әлдеқайда жақсы ма еді деп қаласың. Қазақшасы жетпей қиналып, кібіртіктей беретін қоғамның бетке ұстар тұлғасын көргенде кірерге тесік таппай қалатынымыз бар. Бұл күндері телеарналардың қазақ тілінде көбірек хабарлар дайындап, түрлі деңгейдегі мәселелерді көтеріп жүргені де жасырын емес. Алайда бір мәселе төңірегінде түрлі арнада бірнеше хабар жасалынса, оларға келетін қонақ та біреу, мәселені басқа қырынан қарап көру, өзгеше талдау жетіспей жатады. Ток-шоуға келген қонақтың бірде-бір сөз айтпай, үндемей отырып, үндемей кететіні де кездеседі. Халық қажеттілігін белгілі бір мөлшерде қанағаттандырып отырғандықтан, шоу-бизнес өкілдерінің қатысуымен өтетін жеңіл-желпі кештер мен шоуларды да алып тастауға болмайды. Себебі сұраныс бар. Қарапайым адамның ішін пыстырарлық қоғам қайраткерімен болған жарты сағаттық сұхбат, ұлағатты әңгімені, қазақтың біртуарларының келбеті жайындағы хабарды көңілді шоуды тамашалауға бойы үйренген көрермен, бұл әңгіменің аса маңызды, қажет екендігін біліп тұрса да көрмейді. Сондықтан үлгі көрсетіп, тәрбие беретін, пайдалы ақпарат айтылатын, діни, саяси сауатымызды ашатын бағдарламаның форматын өзгертіп, ерекше етіп жасап шығаруымыз керек. Және бір қынжылтатыны, шетелдік табиғат, жан-жануар туралы деректі фильмдерді сатып алып, тәржімалағаннан гөрі, өзімізде түсірсек, өлке тұрғындарының өздері біле бермейтін әр өңір флорасы мен фаунасынан қызықты хабарлар дайындалса, құба-құп болар еді. Шетелде бар жолбарыс, тау-тас, раушан гүлі бізде де бар.
Дәстүр мен діннің үйлесімділігі бұзылып, адамзат баласы азғындалудың аз-ақ алдында тұрғанда ұлт, тәрбие, ұрпаққа қатысты өзекті мәселе талқыға түскен әр хабарға дін қызметкері қатысып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін ашып көрсеткені жөн. Сонда көп сауалға жауап іздеймін деп, ғаламтордан әркімнің уағызын бір тыңдап, адасып жатқан қазақ жасы, қоғамда орын алып жатқан сорақы әрекеттер мен жан түршігерлік оқиғалар азаяр еді.
Қазақ – ұлттығын үнемі ұлықтап, салтын сақтап, дінінен жаңылмаған, патшалы Ресейдің боданында болғанына ғасыр толса да, Құнанбайы орыстармен тілмаш арқылы сөйлескен өжет халық! Шұбар тілді жұлдыз бен қазақшасы тілі енді шығып келе жатқан баланың былдырындай жүргізушілердің хабар басындағы қаншама адамның еңбегін жоққа шығаратыны сөзсіз. Шоу-бизнестің өкілінсіз-ақ, тілі жатық, сөзі өтімді, сөйлемі дұрыс журналистерді «жұлдыз» қылуды үйренейік! Уақыт өте, кесек тіліміз тым қарабайырланып, бар асылы мен шұрайын жоғалтпай, келесі ұрпаққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталса, нұр үстіне нұр болар. Тілінің байлығымен, көркемдігімен жаудың бетін қайтарып, өзгенің оқыған азаматтарын тамсандырған бабаларымыз болды дегенге сенбейтін шақ тумаса игі еді!

Ақтоты БОРИСҚЫЗЫ

Пікір жазу