Басты бет » Жаңалықтар » ТЕАТР МАУСЫМЫ ҰЗАРТЫЛДЫ

ТЕАТР МАУСЫМЫ ҰЗАРТЫЛДЫ

ТЕАТР МАУСЫМЫ ТАҒЫ БІР АЙҒА ҰЗАРТЫЛДЫ: Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ТЕАТРЫ ШІЛДЕ АЙЫНДА ДА КӨРЕРМЕНДЕРІН КҮТЕДІ!

Ару Алматының мәдени өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып, таңдамалы туындыларымен көрермендерінің жүрегінен орын алған Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театры биыл АЛҒАШ рет ТЕАТР МАУСЫМЫН тағы бір айға ұзартып отыр. Отандық театрлар сынды мамыр айында көрермендерімен «уақытша» қоштасатын өнер ұжымы Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына рухани демалыс сыйлау үшін биылғы маусымды шілде айының он жетінші жұлдызына дейін жалғастырмақ.

Театр өз репертуарын жыл сайын қазақ және әлем әдебиетіндегі озық драматургиялық шығармалармен толықтырып, көрермендерін сан қырлы кейіпкерлер болмысымен таныстыруда. Отандық және шетелдік театр фестивальдерінде кеңінен танылып жүрген «Құлагер» (авт.: І.Жансүргіов, реж.: Ф.Молдағалиев), мәңгілік махаббат жыры «Махаббат қызық мол жылдар» (авт.: Ә.Нұршайықов, реж.: Ф.Молдағалиев), адамдар мен жануарлар арасындағы мейірім мен адалдықты арқау еткен «Қара шекпен» (авт.: Г.Хугаев, реж.: А.Маемиров) сынды спектакльдер тұрақты көрермендерін тауып, әр қойылым көрсетілімі ерекше бағалауға ие болуда. Театр мен көрермен арасындағы нәзік иірімдерге толы байланыстың ажырамауы үшін барын салатын өнер ордасы кішкентай көрермендеріне жағымды жаңалықтары мен тосын сыйларын дайындауда.

«…Театр деген нәрсе ермек емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілі, қаламгер Ж.Аймауытов пікірін ескерсек, кішкентай буын балдырғандарымызды жан-жақты, рухани бай hәм қиял-көкжиегі кең тұлға болуына үлес қосу да театрдың басты мақсаттарының бірі болып саналады. Бүгінде театр репертуары балалардан бастап барша көрермендерді тебірентетін адалдық, махаббат, достық, отбасы құндылықтары тақырыптарын терең ашумен қатар адам жанының сан қырлы қатпарларына үңіліп келеді.

Театр өнері өмірді қалай сүру керектігін үйретпейді. Ол ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат секілді қасиеттердің айырмашылығын көрсетеді. Зұлымдықтарды сынай отырып, адамдарға ізгілік жолын көрсетеді әрі сезіндіреді. Осы сынды міндеттерін махаббатпен атқаратын Мүсірепов театры өзінің барша көрермендерін тағылымды қойылымдарының қадірлі қонағы болуға шақырады! Сіздер үшін жалғасатын театр маусымының қызықты қойылымдарынан қапы қалмаңыздар!

Театрдың баспасөз бөлімі