Басты бет » Жаңалықтар » Ақжарқын ақтала ма?

Ақжарқын ақтала ма?

2014 жылы наурызда шекарадан есірткі алып өтпек болды деген айыппен Қытайдың Гуанчжоу әуежайында Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбай ұсталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.

Отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде бойжеткен небары 20 жаста болатын. 2015 жылы Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда Ақжарқын өзін шетелдік досы алдап соққанын айтып, кінәсін мойындамаған еді.

2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. 2019 жылдың желтоқсан айында Гуанчжоу соты қайта үкім шығарып, Ақжарқынның жазасын сол күйі өзгеріссіз қалдырды.
2019 жылы Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазады. Сол жылы қыркүйекте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайды Отанына қайтару үшін қолдау көрсетуді сұрады.
Адвокаттың айтуынша, Ақжарқын отбасымен тұрақты хабарласып тұрады, хат жазады.
Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүргенін хабарлаған еді. Сонымен қатар, ол көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.

8 жылдан бері жат жерде тар қапаста отырған қазақ қызының жайы қазақстандықтарды бейжай қалдырмады. Көптеген отандасымыз әлеуметтік желілерде көптеген жазбалар қалдырып, Ақжарқынның бостандыққа шығуы тіледі.

****

Жақында Ақжарқын ісіне қатысты жаңа дерек шығып, ел күткен жақсы жаңалықтың қылаң бергені көңілге демеу болып тұр. Ол – осы бір атышулы іске қатысты делінген нигериялық азаматтың ұсталғаны туралы жаңалық.

Бұл туралы Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов жария етті.

Нигерия азаматы осыдан сегіз жыл бұрын есірткі контрабандасы үшін қамауға алынған Ақжарқын Тұрлыбайдың Қытайға сапарын ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. «Джонни» деген лақап аты бар Нигерия азаматы Адиндо Нонсо Фортуне шет мемлекеттің аумағында ұсталды, — деді Сұңқар Нұрмағамбетов.

Күдікті Қазақстан Ішкі істер министрлігі жанындағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросы жасаған сауал бойынша Нигерияда тұтқындалған, деп хабарлайды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 259-бабы 2-тармағына сәйкес халықаралық іздеу жарияланған Адиндо Нонсо Фортуне есірткі заттарын заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау және тарату ісімен айналысқаны үшін тұтқынға алынды», — делінген ІІМ берген ресми хабарламада.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі барлық тиісті құжаттарды Нигериядағы Интерполдың орталық бюросына жолдаған. Ол жақ барлық рәсімдеу жұмыстары бітісімен күдіктіні қамауға алып, ары қарай Қазақстанға экстрадициялау жұмыстарымен айналыспақ.