Басты бет » Жаңалықтар » Тамақтың сапасы саулығыңның кепілі

Тамақтың сапасы саулығыңның кепілі

«Ауру – астан», «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Бүгінде жастар арасында денсаулықты күту мәдениеті қалыптасқан. Жастардың дұрыс тамақтануға ұмтылып, денсаулығына аса мән беріп жатқандығы туралы дәрігер, нутрицолог Нұргүл Дәндібайқызы: «Қазір денсаулығын ойлап, дұрыс тамақтануға келіп жатқан, «жылына бір екі рет анализ тапсырып тұруымыз керек. Ауырмасақ та анализмізді талдап көріңізші, дефицит бар ма екен? Қандай витамин ішсем болады? деп сұрайтын жастар көп», – дейді.

Иә, дүкен сөресіндегі кез келген өнімді тұтынбас бұрын, құрамын қарап, пайдалы, пайдасыз деп жіктеп алатын жастар тобы жетерлік. Жастардың дұрыс тамақтануды өмірлік салттарына айналдырып, денсаулығына жауапкершілікпен қарауы дені сау ұрпақ әлеуетін өсіруде.

Ендеше, салауатты өмір салтын ұстанушы жастардың күндік мәзірі қандай?

  • Ағзаның негізгі құрылыс материалы, сиыр, жылқы, тауық, үйрек еттерінде, теңіз өнімдерінде, бұршақ, үрмебұршақ, ірімшік, түрлі жаңғақтарда, жұмыртқада кездесетін ағуыз.
  • Жармалар. Оны қолдану әдісіне мән береді. Жарма мен бұршақтарды пісірер алдында суға қойып, фитин қышқылынан арылтады. Жарма мен бұршақтардың барлығында фосфор бар, фитин қышқылы фосфор мен байланысқан. Ол ағзада қорытылмайды, сіңірілмейді. Дәнді дақылдарды суға салып қойған кезде фитаза ферменті іске қосылады. Бұл фермент фитин қышқылын ыдырап, фосфорды фитин қышқылынан босатады, нәтижесінде қоректік заттардың ағзада сіңуіне мүмкіндік береді.
  • Қант. Дұрыс тамақтанатын жастар қанттың зиянын  жақсы біледі. Сондықтан қанттың орнын табиғи жемістермен алмастырады. Әсіресе, кептірілген жемістер. Кептірілген сары өрік, қара өрік. Кептірілген жемістер органикалық қышқылдарға, клетчаткаға, А, B1, B2, B5, B6, C дәрумендеріне, амин қышқылдарға, темір, магний, калий, кальций, хлорға бай. Кептірілген жемістерді бір сағатқа суға салып қояды.
  • Көкөністер. Бұл дұрыс  тамақтанатын жастардың сүйікті тағамы. Әсіресе, брокколи. Брокколи – қорытылмайтын талшықтарға, калийге бай. Брокколидегі ақуыз ет пен жұмыртқа құрамындағы ақуызға тең. Асқазан-ішек жолдарының қалыпты жұмыс істеуіне өте қажет. Брокколиден кейінгі орынды көк шөптер алады.
  • Кез келген дұрыс тамақтанушының асын қарасаңыз көк шөпсіз тамақ көрмейсіз. Оны жастарымыз «асқазанның көмекшісі» дейді. Ақуызды және майлы тағамдарды жегенде көк шөптерді бірге жеу тамақтың қорытылуын жақсартады. Кез келген көк шөпті қолданбалы бұрын, ең алдымен таза шыны ыдыс алып,көк шөптерді ас содасы қосылған суға 15-20 минутқа салып қояды. Одан кейін 1-2 минут крандағы суға жуып алады. Қызығы көк шөптердің  мөлшері маңызды емес, адам қанша жегісі келеді, сонша тұтынған дұрыс.

Дұрыс тамақтанушы жастардың күндік мәзірінде таңғы ас ең тойымды тамақ болады. Таңғы астың 30-40% ақуыз, 40-45% пайдалы майлар, 20-30% көмірсулар қамтиды. Түскі аста да ақуыз жеу маңызды.Егер отырып жұмыс жасайтын адам болса,ақуыздың мөлшерін азайтады. Себебі қорытылмаған ақуыз ішектерде шіриді. Ал, кешкі аста ақуыз жемей, көмірсумен шектелуге болады. Ұйықтар алдында тәтті жеуге тыйым салынады. Ұйқтар алдына тәтті жеу ұйқы безіне салмақ салады. Жүрек жалғау кезінде жемістер,тәттілер емес,май,көкөніс немесе ақуыз,көкөніс қолданылады.

Жастардың дұрыс тамақтанатын кезінде ұстанатын 3 ережесі:

  1. Табиғи өнім таңдау. Бүгінде қоспасыз,консервантсыз тамақ кездестіру қиын.Бірақ тағам сатып аларда барынша табиғи өнімге жүгініңіз.
  2. Әр көкөніс пен жемісті өз мезгілінде тұтыну.Қыстыгүні алма өспейді. Сондықтан қыс мезгілінде мандарин,апельсин секілді жемістерді жеңіз.
  3. Кез келген өнімді сатып алар кезде құрамын оқу. Апенльсин шырынын пайдалы деп сатып алып,бірақ оның ішінде апельсин болмауы мүмкін. Әртүрлі бояғыштар, дәмдеуіштер, қанттан құралуы мүмкін.Сондықтан кез келген өнімнің құрамын ерінбеу оқыңыз.

Арнагүл Уатхан,

ЕҰУ Журналистика факультетінің 

2 курс студенті