Жас суретші Асқаров Ақниет Батыс Қазақстан облысының орталығы — Орал қаласынан шалғай орналасқан Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылында тұрады. Қалдығайты жалпы орта білім беретін орта мектептің 8 сынып оқушысы.
Ақниет – өзі кішкентайынан еңбекқор боп өсті. Елгезек, үлкен-кішіні сыйлай біледі, мінезі жәйлі, жұғымды бала. Қолына түскен сым, жас шыбық, ермексаз болсын әйтеуір майыстырып, түйін түйіп бір дүние жасап шығаратын қасиеті бар еді. Сабаққа алғыр, сыныбының алды озық, озат оқушыларының бірегейі. Мектеп ұжымы мен ұстаздары Ақниеттің зеректігімен, ізденіп оқуға, ізденіп шығармашылық жұмыспен айналысуға құлшынып тұратын табанды қасиеттерімен мақтанады. Әсіресе, сынып жетекшісі Тулеутаева Құндыз Ғарифоллақызы оқушысының болашағынан зор үміт күтеді. Мектепішілік барлық мәдени, спорттық іс-шараларға қатыстырады.
Ақниет кішкентайында өзі құралпы балғындармен ауылдың майса топырағына аунап, кекілі желмен жарысып өсті. Қазір үйінде әкесінің қолғанаты. Су тасу, шарбақтың ішіне су себелеп сыпыру, малға жем-шөп салысу, сиыр малдарын суатқа айдау, жазды күндері сиыр бағу мен қой кезек бағуға шығу сынды ауылдың қарбалас тірлігіне әбден ысылған. Әке, мен көмектесемін деп жылы киініп сақадай дайын тұрады. Сурет салуды жанына серік еткен Ақниеттің қолынан шыққан туындылары ерекше.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, Ақниет қыста түскен қалың қардан ойып жасаған мүсіндерімен ауыл ішін таңқалдырды. Қолтырауын, қонжық, барыс, сегізаяқ сынды ертегі кейіпкерлерін қардан қалап, жонып, лайықты түспен бояп, ауылдың кішкентай балаларына ойын алаңқайын жасады десе те болады. Аула ішіндегі қардан қаланған түрлі-түсті кейіпкерлерді көрген Сулыкөл ауылының балалары Ақниеттің ауласына күнде жиналады. Аяздан беттері қып-қызыл болған шәпкелері қисайған ауыл балалары жапатармағай суретке түсіп әлек. Жантайып бірі түседі, құшақтап енді бірі түседі. Өздері мәре-сәре боп жүргендері. Соған қарағанда бұл аулада ешкім тоңбайтын сияқты деген ойға қаласың.
Ақниет Тілектесұлының армандары бір төбе. Сабағын беске оқитын, өзіне көп талап қойғыш, талабы таудай оқушының армандары орындалсын. Досына адал, жүрегі таза, қайырымды жас жеткіншектің алар асуы әлі алда.
Гүламан Талапқызы,
Батыс Қазақстан облысы