Басты бет » Руханият » Қадыр Мырза-Әлі: Жұбан батыр болуға тиіс азамат еді, батырлық істеді

Қадыр Мырза-Әлі: Жұбан батыр болуға тиіс азамат еді, батырлық істеді

Қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің өліміне байланысты да түрлі пікірлер бар. Ақынмен қызметтес болып, бір заманда өмір сүрген Қадыр Мырза-Әлі «Иірім» естелік кітабында Жұбанның өліміне байланысты:
«…Дәлірек айтсам, өлгеніне емес, өліміне сенбеймін! Оның ауруы аяқ асты өле салатын ауру болмайтын. Оның халық үшін өмір сүруі керек болғанмен, қоғам үшін, қарғыс атқан қоғам үшін өлуі керек болды ғой деймін.
Желтоқсан оқиғасынан кейінгі Жазушылар Одағында өткен жиналыста Колбинмен кездесуде Жұбағаң керемет сөйледі, қатты айтты. Осының бәрі немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиіс азамат еді, батырлық істеді. Пәленбай жылдар жүрегін қысып, лоблытып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруінің өзі ақылға сыймас еді! Интуиция деген бір құдірет бар. Соған сенсем, Жұбағаң өз ажалынан өлген жоқ!.. Өлерінің алдында Әбділда Тәжібаев Жұбағаңның көңілін сұрап барыпты. Әбекеңнің айтуынша Жұбағаң сонда:
— Әбеке, мен осы жерден тірі шыға қояр ма екенмін?-депті. Бұл сөз ауруынан қауіптенген адамның сөзі емес, қоғамнан қауіптенген адамның сөзі»,-дейді.