Басты бет » Өнер – өмір өрнегі » АҚШ президентін ұлықтау салтанатында Димаш халық әнін орындады

АҚШ президентін ұлықтау салтанатында Димаш халық әнін орындады

Әлем әншісіне айналған қазақ баласы Димаш Құдайберген 17 қаңтарда АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясы апталығының ашылуы салтанатына қатысып, халық әні «Самалтауды» орындады.

Дәстүр бойынша салтанатты шараны бауырлас қалалардың халықаралық қауымдастығы – Sister Cities International ұйымы өткізді. Коронавирус пандемиясына байланысты биыл шара онлайн режимде өтті.

Мерекеде белгілі спикерлер мен орындаушылар сөз сөйледі, олардың ішінде губернатор Билл Анабутти, Джозефина Биверс, генерал-майор Армандо Кабада, конгрессмен Элеонора Холмс Нортон, майор Тим Келлер, сенатор Боб Менендез, АҚШ теңіз оркестрі, Кэрол Робертсон Лопез және басқалар бар.

Салтанатты рәсім кезінде Димаш Құдайберген қазақтың халық әні «Самалтауды» орындады. Бұл АҚШ-тың сайланған президентін инагурациялау апталығын ашатын іс-шарада Sister Cities International мен АҚШ және Қазақстан қарым-қатынасының тарихында Қазақстаннан алғаш рет әртіс қатысқан кез болды. Димаш SCI өкілдеріне шақырғандары үшін алғысын білдірді. Sister Cities International бас директоры Лерой Аллала өз кезегінде қазақстандық орындаушының шығармашылығы адамдарды, олардың мәдениеті мен тілін біріктіретінін атап өтті.

Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары жақсы пікірлерін білдіріп, алғыстарын жаудырып жатыр.

Өзінің Фейсбук парақшасында журналист Азамат Тасқараұлы бұл туралы былайша жазба қалдырған:

«АҚШ президентін ұлықтау салтанатында Димаштың «Самалтау» әнін шырқауы мен үшін символикалық мәнге ие. Димаш текті әулеттің ұрпағы, сөздің де, әннің де мән-мағынасын жете түсінетін ұл деп ойлаймын. Бұл әннің сазы қандай шерлі болса, сөзі де сондай қасіретті. «Осынау әнге салдырған, Он алтының зары еді» деп келетін бұл әнде «қос мүшелдей жасы бар» боздақтың ел-жерден айырылып, көкірегі сағыныш пен қайғыға толып, «өрісінен адасқан үйірмен» үрке көшкен сәті сипатталады. 1916 жыл қазақ үшін ең қасіретті кезеңнің бірі ғой. Патшалық Ресей отарлық езгіні күшейтіп, қазақтың жерін тартып алып, орыстандыру саясатын күштеп жүргізген кезең. Орыстың жазалаушы отрядтары қазақты қынадай қырған жылдар. Бұл қайғылы кезеңдер туралы «Самалтау» ғана емес, небір ән-күйлер айғақ болып қалған. Соның ішінде, Динаның «Он алтыншы жыл» күйін бөліп айтар ем. Сол жылдары менің тікелей ата-бабаларым да патшалық Ресейдің оғына кеудесін тосқан. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тайынты ауылында «Орайшап» көтерілісі өткенін біреу білер, біреу білмес. Орыстың мылтық асынған қанішерлеріне қарсы қолына шоқпар ұстап ұрандап шыпқан аталарымыз азаттық үшін шейіт кеткен. Сол көтерілісті ұйымдастырып, қатысқандардың негізі Найманның Көкжарлысы ішіндегі Айтқұл руының атқамінерлері. Көкжарлының ішінде Өтей, Өтеміс деген қос ата. Әйгілі Көкжарлы Көкжал Барақ батыр сол Өтейден. Біз Өтемістің Айтқұлынан тараймыз. Сондықтан, Димаштың «Самалтауды», әсіресе, Ресей депутаттарының шіріген аузынан іріген сөздері шығып жатқан осындай кезеңде, АҚШ президентінің инаугурациясында айтуы оның әнші ғана емес, ел десе емешегі езілетін ер екендігінің дәлелі», — деп жазды Азамат Тасқараұлы.

Пікір жазу