Ботай заманынан бері жылқыдан түспеген ата-бабаларымыздың ойын-сауығының өзі де тұлпарлар үстінде өтетін болған. Солай болуы табиғи заңдылық та еді. Жоғарыда айтып өткен балалардың тем шығар ойынының өзі жерде, жаяу ойналса да, ойын тақпағында жылқы алдымен аталып, оның шабысы ойын қиымылына айналған. Ілгеріде сөз қылғандай мереке-тойларда, жиын-сауықтарда, аста қазақтың ат үстінде жүретін сайыс ойындарымен қатар жөні келсе айтыс та ат үстінде айтыла беретін болған.
Мұз бен қар құрсауынан құтылып, көптен күткен жаз келіп, жер аяғы кеңіп, жайлауға көшкен шат-шадыман көңілді елдің қыз-бозбалалары ат үстінде кетіп бара жатып, қолма-қол суырып салып, «Қыз – жігіт» айтысын ұйымдастыра берген. Қыз бен жігіт айтысы жағдайға байланысты түрлі қалыпта (формада) жүретін болған. Мәселен, «Тәуке мен келіншек» айтысын алсақ.
Жаздың бір тамылжыған түнінде ойын-сауықтан шығып, таң ата қонып отырған белгісіз ауылдың үстінен түскен Тәуке деген жігіт шеткі үйден құман ұстап, дәретке шыққан құрбылас келіншектен ат үстінде тұрып, жөн сұрайды:
Тәуке:
Астымда Құласерек бұлаңдаған,
Таң атып келе жатыр қылаңдаған.
Бүркеніп қара шапан, құман алған,
Ел тұрмай неткен жансың сылаңдаған.
Келіншек:
Астыңда Құласерек тұмарланған,
Мені де көрген жігіт құмарланған.
Жас жігіт таң сәріден қайдан жүрсің,
Жүретін солай еді ұры аңдыған.
Тәуке:
Кез болдың қарсы алдымнан қызыл түлкі,
Егессе шашылмайды кімнің мүлкі.
Келіп ем ауыл жөнін сұрайын деп,
Кімдікі осы алдымда жатқан жылқы?
Келіншек:
Болады кімге жолдас мынау жалған,
Кім еді қалағаның, көңіліңе алған?
Жексенбай күйеуімнің аты болар,
Қажы дер аттамызда Мекке барған,
— деп, келіншек те сөзден тосылмай жауап беріп, реті келгенше екі жас сөз сайысын жүргізе беріпті.
Ал, ат үстіндегі мықтылар мен ептілердің күш сынасар ойындары: құйғытып теңге алу, қызына қыз қуу, толғай тартып жамбы ату, делебе қоздырып бәйге шабу, сондай-ақ, қазан ат мініп, аузын қайшылатып көкпар тарту, аударыспақ ойнау дегендей, осындай сахара төсін қыздырған атты жігіттер сайыстары ерте заманнан өз заңдылықтарымен өте берген.
Қыз қуу
Ашық алаңда ұшқыр аттарға мініп жүргізілетін қызықты және әдемі ұлттық ойын. Ол ойынға аттылы қыз бен жігіт қатысады.
Алдымен, арақашықтығы бір-екі шақырымдай, қарама-қарсы екі көмбе белгіленеді. Бірінші көмбеде жігіт алда, қыз арт он адымдай жерде тұрады. Ойын жүргізушісінің берілген белгісінен кейін, қыз қарсы беттегі көмбеге қарай шаба жөнеледі. Қыз жігіттің жанынан шауып өте бергенде, жігіт те аттың басын жіберіп, қыздың артынан қуып жетуге күш салады. Егер жігіт алдағы көмбеге дейін қызды қуып жетсе, ат үстінде ебін тауып қыздың бетінен сүюге рұқсат. Қыз бен жігіт алдарындағы көмбеге жеткен соң, кері қарай шабады. Ендігі кезекте жігіт қашады, қыз қуады. Қыз жігітті қуып жетсе жігіттігін сынап, оны қамшының астына алады. Осылайша, ойын өз кезегін күтіп, жұптасып тұрған басқа қыз бен жігіттермен алмасып, жалғаса береді.
Жалғасы бар…
Болат Төлепбергеновтың «Төрт түліктің төресі» кітабынан