Күлкінің «Ханшайымы».
«Құжырғали аға — қайта туған театрдың бастауында тұрған текті тұлға. Эльмираш — Құрманың сүйегінен өнген дəнектей дарынды ізбасар».
ҚР ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев
«Эльмира Макашева — Ақжайықтың Өмірзақовасы!»
Журналист Назгүл Мұхамбетжанқызы
Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Эльмира Жұмажанқызы Мақашева театр өнерi арқылы көпшіліктің құрметіне бөленген өзіндік орны бар ерекше тұлға екені сөзсіз. Кез-келген жанрда, қандай роль болмасын, бірден игеріп, шеберліктің биік деңгейіне ұршықша иiредi. Ел арасында сөз тапқырлығын айтпағанда , театрда елуге жуық рольдерді сомдаған актерлік шеберлігі бір бөлек сонымен қатар шет ел пьесаларын қазақ тіліне аударуда құнды дүниелері де аз емес.
Әсіресе Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналауында А. Айларов. «Сүрінген сүрбойдақ». \комедия\, Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театрында белгілі режиссер Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың кiшкене бөбектерге арналған Е. Шварц «Күлше қыз», Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында Дарын Қалибекұлы қоюында Н. Мұсаева «Сенімді дос ертегісі» сияқты, т.б. пьесалары еліміздің театрларында сахналануы біз үшін мақтанарлық жайт. Соңғы кезде көп адамның жүзінен күлімдеп жүргенін көре бермейміз ғой, сондай сәттерде ол кiciге жолыға қалсаңыз терең ойдың тұңғиығына батқан күйіңізден, әзiлiмен жадыратып жағадан бiр ақ шығарады. Эльмира апамызда жоғарыда айтылған қасеттiң бәрі де бар.
Егер сiз қасына бара қалсаңыз, қалжыңның қақпанына оңай түсіріп алады. Мен де әзілге жақын адаммын, бірақ Эльмира апамның қасында тұрып әзілдеп қалжыңдап бірдеңе айтудың өзі қауіптiң қауiбi… Әзіліңді мойныңа орап, iшегіңді түйіп, тіліңді матап байлап жiбереді.
Ол кiciнi қашан көрсең де өмірде үнемі көңілді жүреді . Сахнада Эльмира апаның рольдерде ойнағанын арнайы көруге iздеп келетін көрермендерде шек жоқ….
Мысалы, С. Ахмад, «Супер келiн» — Саттыхон, М. Хасенов «Пай-пай жас жұбайлар-ай» — Ғазиза, С. Жүнicов «Қысылғаннан қыз болдық» — Сәбира, т.б. бірнеше рольдерінен бөлек кәдімгі Г. Хугаевтың «Қара шекпенiндегі» қоянды ойнағанын, он жыл, тiптi жиырма жыл өтсе де айтып жүретіндер әлi бар, тiптi кеше ғана арнайы ic сапармен келген доцент, театр сыншысы Еркебай Анар Сайымжанқызы да сол кездегі қойылымнан алған әсерін бүгін көргендей суреттеп айтып бердi. Мен өзім ол кiciмен бір сахнада ойнауға қорқамын, өйткені айтқан әзілдерi eciме түсiп күліп қоятын сияқтымын…
Апамыздың жұбайы театр актері әрі режиссерi Самал Әбуов ағамызға таң қаламын, үйінде көңілді, кейде күнде күлетін шығар деп ойлап қоямын.
Жаныңнан өтiп бара жатып өткiр әзілiмен қытығыңа тиiп, шымшып кетеді. Осындай үнемi көңілді күлiмдеп жүретін адамдарды өзім жақсы көремiн. Бір қызығы Эльмира апамның театрда бар екенін бiздер бірден байқаймыз. Зәулім ғимаратта сыңғырлаған шат күлкісі, сенi кабинетінен шығып қарсылап алады. Сахнада жүрседе сол, сахна селкілдеп бірге күліп жатқандай. Соңғы кезде бұл кісіні мұңды қойылымдардан көрiп «мәссаған» дегiзiп таңдандырып жүр. Оны да байыбына келтіріп, жүрегіңдi қозғап өлтіріп жібереді. Шеберлік деген осы емес пе? Бес аспап! Ал бүгінгі күні тiлге тиек еткен себебім 30 қыркүйек аудармашылар күні екенін айтпай кетуге болмайды! Аудармалары Ақжайық өңірі Оралда ғана емес, Қазақстанның белді театрларында қойыла бастағаны, өзі үшін емес, біздей әріптестері үшін де үлкен қуаныш, мақтаныш деп ойлаймын. Самал Қадерұлы ағамыз екеуі сахнамен, өмірде де жарасымды жұп болып, жұптарыңыз жазылмай бақытты ғұмыр кеше берiңiздер! Мерекеңіз құтты болсын Эльмира апа! Аударылып төңкеріліп жатқан дүниені, аудармамен тазалап, бізді күлкімен жазалап жүре беріңіз! Күлкінің «Ханшайымы»!
Асылжан Жакин,
БҚО Хадиша Бөкеева атындағы
қазақ драма театрының актері