«Балалар тақырыбына қызығушылығы басым жас жазушылар үшін ең бірінші баланы, періште жүректі — ибалыққа, жақсылыққа, тазалыққа, адамгершілікке жетелей білетін үлкен жүректі мейірім керек»
САЯ ҚАСЫМБЕК
- Сәлеметсіз бе, Сая ханым! Театр атты киелі өлкеде елеулі еңбек етіп, көптеген драматургиялық туындыларды жарыққа шығарудасыз. Театр өнерінің қайнар көзі мен арқауы – ұлттық драматургия десек, қазіргі қазақ драматургиясы туралы қандай пікірдесіз?
- Қазіргі қазақ драматургиясы қайта жаңғыру кезеңін бастады десем болады. Бүнігі таңда жас драматургтер көбірек бой көтеріп, жаңа бір серпіліс пайда болды десем артық айтпаймын. Ол жаңа серпілістің пайда болуына «Драма.KZ» драматургтер байқауының ықпалы әсер етті деп ойлаймын. Мәселен, Әннес Бағдат, Айдана Аламан, Мерей Қосын, Мұрат Қолғанат, Хан Асанов сынды жастардан құралған драматургтер тобы келе жатыр. Мені осы серпіліс айрықша қуантады. Демек, драматургияға деген жаңаша көзқарастағы өзгеше бетбұрыс пайда болды.
- Бүгінгідей жаһандану дәуірінде театр өнері үшін көрермен сұранысын сапалы қанағаттандыру басты міндет болса, осы тұрғыда театрлардың репертуарлық саясаты қаншалықты көңіліңізден шығады?
- Менің ойымша, әлі де болса театрларға еркіндік берілмей жатыр. Осы орайда, «тақырыптық» деген мәселені баса атап өткім келеді. Мысалы, арнаулы мерейтойлар мен атаулы жылдар аясында тапсырылып, арнайы жасалынатын жұмыстарға көп жағдайда театр байланып қалып жатады. Бұл мәселе төңірегінде екі түрлі пікірлер де бар. Қоғам үшін қажетсіз тапсырыстар ұсынылмайды, бұл мәселенің пайдалы тұстары жетерлік дегенмен де, бүгінгі күн тақырыбымен үндесіп, нақтылы идеяны жарып шығатын пьесалар өкінішке орай, репертуарға енбей қалып жатады. Аталған мәселенің тағы бір ең басты себебі – театрлардың авторларға қаламақы төлеуге қиналатындығы. Соның салдарынан драматургтер туындыларын театрға ұсынбайды. Әйтсе де, репертуардың көрермен көңілінен шығуына, пьесаның айтар ойының лайықты жеткізіліп, бағының ашылуына ықпал ететін бірден бір адам режиссер болса, пьесаның кәсіби маман қолына тап болып, шебер ұсынылуы не болмаса керісінше, шаң басып жарыққа шықпай жатуы да аталған сала иесіне де байланысты.
- Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымымен өткізілген онлайн кездесуде Сіздің «Шөжек пен Көжек», «Ақтұмсық пен Сарыүлпек», «Өжет Есек», «Саяхатшыл зу Көжек», «Жалқаубектің жауабы» атты пьесаларыңыздың оқылымы болып, талданғаны белгілі. Аталған кездесудің артықшылығы неде деп ойлайсыз?
- Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Zoom платформасы арқылы ұйымдастырып, өткізген онлайн кездесу барысында «Шөжек пен Көжек», «Ақтұмсық пен Сарыүлпек», «Өжет Есек», «Саяхатшыл зу Көжек», «Жалқаубектің жауабы» атты пьесаларым ұсынылды. Солардың ішінде театр ұжымы ерекше ұнатып, қызығушылық тудырған ертегі – «Ақтұмсық пен Сарыүлпек» болды. Осы ертегі бойынша талдау жүргізіліп, ұсыныстар айтылды. Кездесу нәтижесінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының өзге театрлардан ерекшелігі аңғарылды. Балаларға қуыршақ театрынан қажетті құндылықтар мен тақырыптарды саралап, тікелей байланыс кезінде қуыршақ театры үшін актуалды көптеген мәселелерді көкейге түйіп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығы айқындалды. Драматург пен театрдың шығармашылық ұжымының тікелей байланыста болуының екі жаққа да берерінің мол екендігіне көзім жетті.
- Театр саласы мамандарынан балалар драматургиясының қажеттілігі, балаларға арналған шығармалардың аздығы немесе сапасының төмендігі турасындағы ескертпелерді құлағымыз жиі шалып қалып жатады. Осы мәселеге қатысты қандай жауап айтар едіңіз?
- Балалар драматургиясы, балалар әдебиеті, балаларға арналған ән жоқтың қасы екендігі барлығына аян. Әсіресе, балалар драматургиясы мен әдебиеті бүгінгі таңда көп ақсап жатыр. Себеп – балалар драматургиясына деген театр тарапынан қызығушылықтың, сұраныстың болмауы. Сұраныстың ар жағында драматург қаламақысын өз деңгейінде төлеп бере алмауы. Ертегі жазып болмашы қаражатқа ұсынғаннан гөрі, ересектерге арналған пьеса жазып миллиондап қаламақы алған драматург үшін әлдеқайда тиімді екендігі жасырын емес. Сондықтан, көп жағдайда балалар драматургиясы кенже қалып жатады. Бұл бірінші фактор. Екінші фактор – балалар аппақ қағаз іспеттес, балалар періште көңіл. Сол періште көңілді сендіріп, еліктіру үшін сахна төріндегі оқиғаның деңгейі қандай болуы шарт?! Міне, осы себептен де балалар драматургиясына қалам тартуға көп драматургтер қауымы бара бермейді. Себепті, бала жүректі, бала көңілді оқиғаға еліктіру, сендіру қиынның қиыны.
- Драматургия саласының лайықты дәрежеде дамып, сапалы туындыларды жарыққа шығару үшін жас жазушылар ең басты ескеретін қағида қандай?
- Балалар тақырыбына қызығушылығы басым жас жазушылар үшін ең бірінші баланы, періште жүректі ибалыққа, жақсылыққа, тазалыққа, адамгершілікке жетелей білетін үлкен жүректі мейірім керек. Шетелдің әртүрлі кейіпкерлерімен алдаусыратпай, ұлттық құндылықтар мен дәстүрімізді сақтай отырып, ұлтжандылыққа, ұлттың тарихына, көне салт-дәстүрін жадында сақтап, тамырлы тарихымыздан үлкен ақпарат бере алатындай дүниелерді бала тілімен жеткізе білсе құба-құп.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Мадина ТӨЛЕ