(Болған оқиға желісімен)
Жанасыл сабақтан қолы босай сала, ән салуды әдетке айналдыратын. Бүгін де өзінің бөлмесіне кіріп, айнаға қарап ән шырқап тұр…
…Өмір, өмір заңы қатал.
Күнін батып, таңын атар…
Иә, сыңғырлаған әсем үндер үй ішінде жаңғырып жатыр. Бір кезде анасының көйлегін киген ол жадыраңқы жүзбен әжесіне келіп: – Әже, білесіз бе? Мен өскенде жұлдыз боламын. Үлкееенн сахналарға шығып, ән шырқаймын. Сіз мені теледидардан көріп, мақтанып отырасыз, – деп құшақтап алды.
– Құлыным, ботам! Асықпа, сен алдымен Гүлдана, Гүлбақыт әпкелерің сияқты оқуыңды жақсы бағамен аяқтап ал, кейіннен өзің армандаған оқуға түскен соң да алға қойған мақсаттарына қол жеткізесің, – деп әжесі маңдайынан сипап, ақ батасын берді. Жанасыл әнге деген құштарлығы мықты болса да, сабақ оқуды бірінші орынға қоятын. Мектептегі белсенді оқушылардың бірі болды. Тіпті, өзінің ашық-жарқын мінезімен айналасындағы адамдардың бәрін өзіне қарататын. Ұстаздары бұл қыздың бойындағы ерекше қасиеттерін мақтан тұтып, үлгі ететін болды. Ал, құрбы-құрдастары Жанасылға қызыға да қызғана қарайтын. Бірақ бұл қыз қай уақытта көрсең де асығып, аптығып жүретін. Бәріне де бірден қол жеткізгісі келгенде…
*****
Қоңырау соғылды. Оқушылардың бірі сабаққа кешігіп келіп, бірі үй тапсырмасын енді ғана орындап жатыр.
– Жанасыл! Сен үй тапсырмасын орындадың ба? Маған бере тұршы, қарайын, – деген көршісі Айаруға ойланбастан дәптерін бере салды. Тіпті сыныптағылардың дені сол дәптерден көшіруге әлек. Ал Жанасылдың жүзінен еш ренішті байқамайсың. Керісінше қол ұшын созуға дайын. Ол сабақ аяқталған соң, сынып бөлмесінде жалғыз қалды. Әйтеуір үстелдің үстінде ақ қағазды шимайлап, бір нәрсе жазып отыр. Ұстазы бөлмеге кіріп, қасына жақындады да: – Жанасыл, не жазып отырсың? Сабақ бітті. Үйіңе бара ғой, – дейді. Сол кезде қағаздан басың көтерген ол: – Ұстаз, оқуымыздың аяқталуына да аз-ақ күн қалды. Емтихандарымды ойдағыдай аяқтасам, биыл оқуға тапсырсам ба деймін. Бірақ ұстаздарымды, сыныптастарымды қимаймын. Не істесем болады? – деп айтқан Жанасылдың жанарынан аққан жас аппақ қағазға тамшылап түсті. Ұстазы күрсініп: – Жанасыл, сен ата-анаңмен, әпкелеріңмен ақылдас! Егер сағынатын болсаң, бармай-ақ қой. Құрдастарыңмен мектепті бірге бітіріп, сосын да оқуға тапсырарсың, – деп жұбатқандай болды. Арманы асқақ ару мектептен үнсіз шығып, үйіне қарай бет алып барады. Бар ойы қалаға барып, оқуға тапсыру. Оқудың аяқталуын асыға күтеді. Бірнеше күннен соң, соңғы қоңырау да соғылды…
…Қош бол енді мектебім менің,
Сенде өсіп, сенде көктедім…
Қос бұрымына ақ бантик тағып, ән шырқап тұрған сол баяғы Жанасыл. Ән орындаған сайын Жанасылдың жанарынан әлдебір қимастық сезімді көретіндейсің… Ботадай көздері мөлдіреп, жан-жағына қарайлап алады. Жанарындағы жас тыйылар емес.
– Мен кетіп барамын, – дейтіндей алыстан қол бұлғап тұрғандай…
*****
Жаз айы бұл отбасы үшін мереке. Өйткені, ата-ананың алыстан күткен қарлығаштары Гүлдана мен Гүлбақыт қара шаңыраққа келгенде үй-іші толып қалатын. Шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан үйдің егіздері Асылхан мен Асылзада далада ойнап жүр. Ал осы шаңырақтың кенжесі 1 жастағы Ақниет ошақтың қасында пысылдап ұйықтап жатыр. Жанасыл болса жанындай жақсы көретін қос әпкесін асыға күтуде. Үйдің үлкен қыздары Гүлдана мен Гүлбақыт Орал қаласындағы ҚАЗИИТУ білім-ғылым кешенінде оқиды. Бірі диплом алып, бірі емтихан оқулары аяқтала салысымен қаладан үйге оралды. Бауырлары әпкелерімен сағынысып қауышты. Кеш қарайғанша достарымен жүретін Жанасыл бір апта солардың қасынан шықпады. Шашын өргізеді. Арасында мойындарынан құшақтап, еркелеп те алады. Үй-іші бұрыңғыдан да жадырай түскендей. Қыздардың бірі үй жинап, бірі кір жуып, бірі тамақ пісіріп жүгіріп жүр. Бәрінен жүзінде бір қуаныш…
*****
Гүлдана – ата-анасының тұңғышы еді. Ол бала кезінен көп жағдайды ашылып айтпайтын мінезі тұйық болды. Әр нәрсеге қызыға бермейтін. Сыныптастары қанша көшеге шығуға әурелесе де, еш барғысы да жоқ еді. Бірақ сол күні алғаш рет әкесінің алдына келіп: – Әке, мен бүгін сыныптас достарыммен бірге аулаға кәуап пісіріп отырайын дегенмін. Әрине, сіз рұқсат етсеңіз, – деп сұранғанда, әкесі оның жымия қараған жүзіңе таңдана қарап, рұқсатын берді. Гүлбақыт та әпкесімен бірге көңіл көтерді. Бұрын былай кешкі кештерге шығып көрмеген Гүлданаға құрдастары да аң-таң. Таң атқанша достарымен біраз отырды. Көңілді әуендер, әдемі күлкілер, тоғысқан армандар… Сол күні айлы түнмен бірге бір арнаға тоғысып жатты…
Әке байғұстың көзі ұйқыға ілінер емес. Қызының бүгінгі жадыраңқы жүзі көз алдынан кете қоймады, құлағына да сырттан Гүлдананың әдемі күлкісі естіліп қояды.
Таң атты. Ертемен тұрған Гүлбақыт әдетінше әжесін жетектеп, шәйға әкелді. Әжесіне ылғи да
қамқор болып жүретін Гүлбақыт: – Мен әжемнің
шоферімін ғой, – деп ылғи әзілдейтін. – Әже, мен ертең сабаққа кетсем сізді баратын жеріңізге кім апарады екен? – деп әжесіне күлімсірей қарады. Бұл кезде Гүлдана мен Жанасыл да ұйқыдан оянып, дастархан басына жайғасты. Жанасыл тамағын ішер-ішпестен машина қарап жатырған әкесінің қасына барып: – Әке, мен қалаға киінуге ерте барғым келеді. Әрі әпкем екеуміздің туған күнімізді сонда өткіземіз. Сіз бүгін қалаға баратын машинаға жолығып қойсаңызшы, – деп айналасынан айналшықтап кетпеді. Біраз уақыттан соң, әпкелері отырған бөлмеге кіріп: – Менімен бірге қалаға жүріңіздерші. Киімімді таңдап бересіздер. Бірге қыдырамыз, – деп өтініп, әпкелеріне қиыла қарады. Бүгін жолға шыққысы келмеген әпкелерін зорға көндірді. Әкесі бір жамандықты жүрегі сезіп тұрғандай қыздарының қалаға бүгін шығатынына көнгісі келмеді. Ешкімге хабарласпады. Бірақ әкесінің бұл әрекетін Жанасыл біліп, өз қалта телефонымен көрші ауылдағы машинаға хабарласты. Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған Жанасыл үйдің ішінде құрақ ұшып жүгіріп жүр. Ал, Гүлдана мен Гүлбақыттың көңілдерінде бір кірбің бардай. Уақыт болса зырғып өтіп барады… Әншейінде жылжымайтын сағаттың тілі де зуылдап жол жүретін сәтке тез әкеліп қойғандай. Кешкі 7:30. Машинаның дыбысын естіген Жанасыл үйден екі әпкесін сүйрелеп алып шықты. Қатты асыққаны соншалық, ата-анасымен де, әжесімен де, бауырларымен де қоштаспай, машинаның терезесінен қол бұлғап кете барды…
24 тамыз 2013 жыл. Суық хабар жеткен сол күн. Жол-көлік оқиғасы. Жанасыл. Гүлбақыт, Гүлдана… Бір ұяда өскен үш қарлығаштардың жаны бір-ақ сәтте көкке ұшып кетті… Содан бері 5 жыл уақыт. Өмірлерің өксіткен қайғы ата-ана жүрегінде жара болып қадалды. Кеудеге толған сағыныш, жанарлардан тамшылаған жас, қол бұлғап тұрған сағым бейне…
Жұлдыз АСҚАР,
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы