Басты бет » Жүдеу ой » Ұрпақты білімге бастап жатырмыз ба, әлде?..

Ұрпақты білімге бастап жатырмыз ба, әлде?..

Соңғы жылдары білім саласына енгізілген реформалар қызу талқыланып, қоғамның наразылығын тудырып отырғандығы жасырын емес.

2016 жылдан білім саласының тізгінін ұстағалы бері Сағадиев шулы реформалары арқылы танылуда. Сол асығыс қолға алынып жатырған білім саласындағы басты өзгерістердің ең сорақысы – үш тілді мектеп моделіне көшу. Соның негізінде қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндерін – қазақ тілінде, орыс тілімен орыс әдебиетін, дүниежүзі тарихын орыс тілінде, ал жаратылыстану (естественные науки) пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деу тіпті де ақылға сыйымсыз. «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқу – қазақ тіліне төнген қауіп. Қазақ тілі – ғылымның, бизнестің тілі болуы керек» дейді ғалымдар. Шет мемлекетке еліктеп, еліміздің ерекшеліктерін ескермей бізге күштеп таңа берудің қаншалықты қажеті бар? Ресей, Белоруссия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдер ешкімге еліктемей-ақ өз тілдерінде білім алып жатыр емес пе? Тіл меңгергісі келген адам кейін өздері-ақ үйреніп алады емес пе?

окушы

Сурет ғаламтордан алынды

Мектептерде жаратылыс пәндерін ағылшынша оқытпақ түгілі ағылшын тілін жетік білетін мұғалімдер аз. Оқулық жазу, мұғалімдерді дайындау ісін жолға қоймай, қалайша шешім шығаруға болады. Сонда география, математика, физика, информатика, химия, астрономия пәндерін кім ағылшынша оқытпақ? Мектеп түлектерінің барлығы үш тілде қатар сайрап шығады дегенге кім сенеді? Сонда мектеп қабырғасында біз кімдерді дайындап шығармақшымыз? Дүбәра, тілі алашұбар келешек тәрбиелейміз бе?

Күні кеше ғана бір ана әлеуметтік желі арқылы бейнежазба таратып, бүгінгі бастауыш сыныптан бастап оқытылып жатырған үштілділік реформасына өз қарсылығын білдірген болатын. Онда ағылшын тілі сауат ашудан, яғни қазақша әріп танудан әлдеқайда ілгері жүріп жатырғандығын айтқан. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер қыркүйек айының басында-ақ ағылшын тілінен бірнеше әріп үйреніп үлгергендігін, ал қазақша сауат ашудан әлі де әріп үйренуді бастамағандығын айтқан. Ананың осы бір жанайқайы жоғары жаққа жетпей отыр ма әлде білсе де білмегендей ме?

Расымен де, «әліпті таяқ деп білмейтін», білімге енді ғана қадам басқан балдырғандарға үш тілді қатар қосарлау қаншалықты қажет?

Орта мектепті аяқтағандардың барлығы бірдей жүз пайыз үш тілді меңгеріп шығуы міндетті емес. Тіпті болмаса, жалпы білім беретін мектептерден бөлек, шет тілде білім беретін арнайы білім ордалары ашылсын. Тек ол жерде 5-6 сыныптан бастап қабылданса да шет тілдерін меңгеруге мүмкіндік болады. Ал бастапқы білімді бала алдымен міндетті түрде ана тілінде алуы тиіс. Балабақша жасынан үш тілде білім беруге ата-аналардың басым көпшілігі, ұстаздар да қарсылық танытуда. Қарсылықтары орынды. Өйткені оңы мен солын танып үлгермеген, тілі енді ғана шығып, сөйлей бастаған балғынға үш тілді меңгерту – расында баланың санасын улау, мәңгүрттендіру. Осылайша, бүгінгі жасалып жатырған ойсыз эксперимент қазақ тілі, мәдениетімен қоса, қазақ халқының болашағына зиян келтірері айтпаса да түсінікті. Мұндай асығыс реформалар білім беру саласын жарға жықпаса, өрге сүйремесі анық.

Ал, мектептерді 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіру мәселесі де асығыс қабылданған шешім. Өйткені мектептер оған дайын емес, кластар жетіспейді, үш ауысымдық мектептер бар. Осы мәселені күні кеше Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауында өткір сынға алғанын білеміз. Ол үшін алдымен оқулықтар дайындалуы, толықтай техникалық жабдықталуы, компьютерленуі тиіс. Бүгінгі оқулықтарда олқылықтар жетерлік. Екіншіден, мұғалімдерімізді де дайындау қажет. Осы мәселелерді нақты шешіп алмай, 12 жылдыққа көшеміз деу тым асығыстық.

Сағадиев мырза білім беру ісін қаншалықты дамыта алды? Жоғарыда келтірілген ұлтымызға зияны тимесе, пайдасы жоқ «жаңашылдықтары» бізге қажет пе? 12 жыл бойы шет тілін оқытқанша, мектептердің жоғары сыныптарында оқушыларды белгілі бір мамандыққа үйретсе әлдеқайда пайдалы болар еді.

Венера Мұратқызы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір жазу