Жыл сайын 31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні жастар қауымы Хэллоуин мерекесін атап өтіп жатады. Бұл X ғасырда Британ аралдарында пайда болған. 2000 жыл бұрын қоныс аударуға байланысты Канада, АҚШ, Жаңа Зеландия және Ұлыбритания аумағына да таралды. Сан түрлі бейнедегі костюмдер, асқабақтан ойылған символдар құрлық асып біздің елге де жеткендей. Әсіресе, бұл күннің түпкі мағынасын түсінбеген балалар мен жастар оны мереке ретінде қабылдап жүр.
Сурет Қазақстан темір жолы музейінің парақшасындағы бейнежазбадан алынды
30-31 қазанда Астанадағы Қазақстан темір жолы музейі осы күнді атап өтіп, балалар мен жастарды «музей түніне» шақырған. Бейнежазбаларынан хелоуиннің кейіпкерлерін, беттерін бояған балаларды көруге болады. Музейдің әлеуемттік желідегі парақшасында «Қазақстан темір жолы музейіндегі түн: тарих пен мистиканың тоғысқан сәті! Бұл ерекше түнде ҚТЖ музейі құпияға, жұмбаққа және Хэллоуиннің ерекше атмосферасына толы кеңістікке айналды! Қонақтарды қызықты тақырыптық белсенділіктер, ерекше безендірулер, көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсерлер күтті.Тарихқа толы музей кеңістігі бұл жолы мүлдем жаңа, тылсым кейіпке енді! Осы ерекше кештің бір бөлігі болған баршаңызға алғысымызды білдіреміз!» деп насихаттап жазып қойыпты. Нені насихаттап жатырғандарын, балалар мен жастардың санасын болмысымызға жат дүниемен улап жатырғандарын олар түсіне ме?

Сурет Қазақстан темір жолы музейінің парақшасындағы бейнежазбадан алынды
Осы орайда белгілі этнолог-тарихшы, журналист, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Сәттарқызының Хеллоуин әлеуемттік желіде жазбасы жарияланыпты.
– Соңғы жылдары Хэллоуин мерекесі Қазақстанда да кеңінен тарала бастады. Астана мен Алматыдағы мейрамханалар, түнгі клубтар, шығармашылық кеңістіктер түрлі тақырыптық кештер ұйымдастырып, ойын-сауық орталықтары балаларға арналған бағдарламалар өткізіп жүр. Қарағанды, Тараз, Шымкент сияқты қалаларда да бұл мерекеге қызығушылық байқалады.
Бір қарағанда, мұның бәрі жай ғана көңіл көтеру сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мәселе мерекенің өзінде ғана емес. Мәселе – біз балаларымыздың санасына қандай дүниетанымды сіңіріп жатқанымызда болып отыр, – дейді Тұрар Сәттарқызы.
Этнолог-тарихшы маманның пікірінше, Хэллоуиннің түп-төркіні ежелгі кельттердің Самайн мерекесімен байланысты. Уақыт өте келе ол Батыс елдерінде түрлі мәдени сипат алып, бүгінде елес, қорқынышты бейнелер, асқабақ, қаңқа мен құбыжық кейіпкерлері арқылы танымал болған ойын-сауық мерекесіне айналды.
Сурет интернеттен алынды
– Ал қазақтың дүниетанымында өлім мен аруаққа құрметпен қарау, марқұмдарды еске алып, дұға бағыштау – терең ұғым. Біз үшін аруақ қорқыныштың немесе күлкінің белгісі емес, өткенге тағзым мен ұрпақ сабақтастығының белгісі.
Сондықтан өлімді, қорқынышты бейнелерді сәнге айналдырып, балаларды құбыжық кейпіне енгізуді жай ғана ойын деп қабылдай салуға болмайды. Әсіресе, ұлттық аспабымыз домбыраны қорқынышты көріністің құралына айналдыру – ұлттық дүниемізге деген құрметтің қандай деңгейде екенін де ойлантады.
Мен бұл мәселені өз тәжірибемнен жақсы білемін. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп, балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында жастармен кездескен сайын бір жайтқа көзім жетті. Бүгінгі ұрпақтың арасында өз халқының салт-дәстүрін білуге ынталы балалар да бар, бірақ ұлттық мұрамыздың мән-мағынасынан бейхабар жастар да аз емес, – деп жазды Т.Сәттарқызы.
Балабақшалар мен мектептерде түрлі танымдық кездесулер өткізіп, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Сәттарқызы төмендегі пікірі көпшілікке ой салары анық.
– «БАЛАҢДЫ ҚАЗАҚША ОҚЫТ» жобасы аясында балабақшаларға барғанымызда кейбір ата-аналар: «Өзіміз де көп нәрсені білмейміз. Баламыз сұрақ қойса, жауап бере алмай қаламыз», – деп ашық айтатын. Ал жастармен кездесулерде бір оқушының сөзі ерекше ой салды: «Апай, сіз айтып отырған дәстүрлерді біз қайдан көреміз? Үйде жасалмайды, мектепте оқытылмайды ғой».
Осы бір ауыз сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Біз кейде жастарды дәстүрді білмейді деп кінәлаймыз. Бірақ оларға сол дәстүрді кім көрсетті? Қай отбасында күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды? Қай мектепте тереңінен түсіндірілді?
«ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» ұлттық-этнографиялық байқауы арқылы жас отбасылармен жұмыс істегенде де осы мәселенің өзектілігін сезінемін. Кейбір жас ата-аналар дәстүрді үйренуге, балаларымен бірге тануға ықыласты. Демек, ұрпақтың ұлттық мұрадан алыстауы – тек жастардың мәселесі емес, бұл – үлкендердің де, қоғамның да ойланатын мәселесі.
Бір кездері Валентин күнін де осылай қабылдадық. Алғашында жастар арасында тараған жат мереке бүгінде көпшілікке таныс құбылысқа айналды. Енді Хэллоуин де балалардың санасына қалыпты ойын-сауық ретінде орнығып барады. Ертең олардың бірі бұл мерекені қазақтың дәстүрі деп қабылдамасына кім кепіл?
Әрине, өзге халықтың мәдениетін тануға, тарихын білуге қарсы емеспіз. Әлемнің мәдени алуандығын білу – білімнің бір бөлігі. Бірақ танып-білу мен еліктеудің, құрметтеу мен өз болмысыңды жоғалтудың арасы жер мен көктей.
Біз өзіміздің ұлттық дүниетанымымызды ұмытпауымыз керек. Өйткені ұлттың болмысы бір күнде жоғалмайды. Ол әуелі күнделікті дағдыдан, отбасындағы тәрбиеден, ұрпаққа берілмеген салттан, қадірі кетіп, мәні ұмытылған дәстүрден алыстай бастайды.
Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, өзіміздің асылымызды ұмытпайық! – деді этнолог-тарихшы.
Ұлттың болашағы – ұрпақтың санасында. Ал сол сананы кім тәрбиелейді?
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы