Үкіметте халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Премьер-министр Олжас Бектенов 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде азаматтардың материалдық жағдайы ескерілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауқатты, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын азаматтар мемлекеттік көмек алмауы тиіс. Үкімет әлеуметтік қолдауды мұқтаж адамдарға бағыттауды көздеп отыр.
Жаңа ережелер бойынша отбасының әл-ауқаты бес санатқа бөлінеді. А және B санатындағы отбасылар бекітілген тізімдегі жәрдемақылардан қағылуы мүмкін. Өзгерістер бала тууға берілетін біржолғы төлем мен бала күтіміне арналған жәрдемақыға да қатысты.
Премьер-министрдің сөзінше, қазір Үкімет әлеуметтік қамсыздандыру саласында ауқымды реформа жүргізіп жатыр. Ол адамның қай санатқа жататынына қарай емес, оның шын мәніндегі мұқтаждығына қарай көмек алу принципіне негізделген.
«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл принцип толыққанды жұмыс істейтін болады. Қазір ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Бай, ауқатты, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттен көмек алмауы тиіс. Олар өз күштеріне сенуі керек», – деді Олжас Бектенов Құрылтай отырысында.
Мемлекет өзін қамтамасыз ете алмай отырғандарға қолдау көрсетіп отыр және әрі қарай да бұл көмекті жалғастыра береді, деп атап өтті ол.
«Дегенмен мемлекет көрсететін мұндай көмекті адам тұрақты деп емес, өзін табуға және уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуға берілген мүмкіндік деп қабылдауы тиіс. Бұл да бізге айтарлықтай мемлекет қаражатын үнемдеуге және оны маңызды мақсаттарға қайта бағыттауға мүмкіндік береді. 2027 жылы бұл үнемдеу 700 миллиард теңгені құраса, үш жылдық кезеңде бұл сома шамамен 2,5 триллионға жуықтайды», – деді Үкімет басшысы.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
