Басты бет » Жастар үні » ЖАСТАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ЕҢБЕК МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

ЖАСТАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ЕҢБЕК МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысындағы табиғаты әсем Машат шатқалында орналасқан «Машат-1» демалыс аймағында Республикалық студенттік және жастар еңбек жасақтарының 2026 жылғы жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті.

Ауқымды шара телемост форматында ұйымдастырылып, Астана қаласы мен еліміздің барлық 19 өңірін ортақ алаңға біріктірді. Салтанатты жиында «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев сөз сөйлеп, жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтады. Ол еңбек адамының беделін арттыру, жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіби әлеуетін дамыту елдің орнықты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Телемост барысында өңірлердің өкілдері кезекпен рапорт беріп, жазғы еңбек маусымының басталғанын жариялады. Бұл өз кезегінде жастардың қоғам өміріндегі белсенділігі мен ел дамуына қосып отырған үлесінің айқын көрінісі болды.

Іс-шараға «Ауыл» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков пен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, партия филиалы президиумының төрағасы Талғат Айтбаев қатысып, жас буынға ізгі тілектерін жеткізді. Олар жастардың еңбекке деген жауапкершілігі мен бастамашылдығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жиын барысында студенттік және жастар еңбек жасақтары жобасының маңыздылығына ерекше тоқталынды. Аталған жоба жастардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, тәжірибе жинақтауына және жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп келеді. Соңғы жылдары өз тиімділігін дәлелдеген бастама алғашында еліміздің солтүстік және батыс өңірлерінде жүзеге асырылып, кейін республика көлемінде кеңінен қолдау тапты. Соның нәтижесінде жүздеген жас маусымдық жұмыспен қамтылып, еңбек нарығында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Шымкент қаласында былтыр алты бағыт бойынша 60-тан астам жас еңбекке тартылса, биыл төрт бағыт аясында 40-тан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланған.

Жазғы еңбек маусымының дәл Машат шатқалында басталуы да өзіндік мәнге ие. Былтыр осы аумақта сервистік жасақ мүшелері табысты еңбек етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізген болатын. Биыл да жастар жаңа маусымда белсенділік танытып, тың жетістіктерге жетуге ниетті.

Фариза Ахмет,

Шымкент қаласы