Басты бет » Өнер – өмір өрнегі »     «Досанов һəм Тозақ шеңбері»

    «Досанов һəм Тозақ шеңбері»

Жыл соңын ала келер желтоқсан айына ойлы жан бей-жай қарай алмайтын сияқты. Əр қазақ үшін қасіретті де қасиетті кезеңдер еріксіз ойға оралып, күрсінтері хақ. Жылжабар ай болғандықтан, əр мекеменің есебін түгендеп, əуреге түсіп жататыны да осы кез.

Басқаны қайдам, облыс орталығындағы іргелі өнер ошағы саналар Хадиша Бөкеева атындағы БҚО драма театрының бұл тұрғыда жүзі жарқын, еңбегі елеулі.

Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында театр екі бірдей кесек туындының тұсауын кесті. Оның бірі Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасы (режиссері Самал Абуов), екіншісі М. Балмолда «Он төрт» реквиемі (режиссер М. Томанов).

24993138_836946416467140_2513321180859567575_n

«Тозақ шеңбері» драмасынан көрініс

Өтетін орындары да, драмалық табиғаты да, жанрлық сипаты да бір-бірінен əлдеқайда алшақ қос шығарманы тəуелсіздік тақырыбы тоғыстырады. Айлап аянбай еңбек етіп, бір аптаның аясында көрермендердің көз алдына «екі бірдей дəуірді тірілткен» театр əртістеріне қандай мадақ айтсақ та, артық емес.

Бүгін «Тозақ шеңбері» драмасы төңірегінде аз-мұз айтарымыз бар. «Осы пьеса қойылады» дегелі, тағатсыздана тосқандар көп. «Сəбит Досановтың өзі қатысады» деген хабарландырудың өзі пьесаның көрермендер қатарын күрт көбейткендей. «Жақсыны көрмек үшін» дейтін қазақтың С. Аймұханұлындай бүгінгі əдебиеттің аңыз адамымен жүздесуге асығуы – заңдылық.

«Аңыз адам» дегеніміз əсірелеу емес. Көрнекті ақын Олжас Сүлейменов айтқандай: «Талай-талай драмалар жазған Сəбит өмірінің өзі қызықты, сонымен бірге біршама мұңды роман сюжетіне ұқсап кетеді».

25151867_616922865098032_2919667137688667393_n

Олжас Олжас па, жазушының өзі: «Осынау ғұмырымда он рет о дүниеге барып қайттым. Ұшақ апатынан жалғыз өзім аман қалғаным тағы бар. Соңғы алты айда үш рет пышаққа түстім. Үшеуінде де мені өледі деп бəрі үміт үзген, алайда Алланың қалауымен аманмын», – дейді. Қазақ əдебиетіне С. Аймұханұлының қаламынан туындаған 30 томдықтың қосылуы нəсіп болғаны да.., шүкір.

Бірақ қаламгер Досановтың қадірін өзімізден гөрі, шет жұрт жақсы бағалағандай ма, қалай өзі?! Жазушы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына қатарынан жеті рет ұсынылып, «рекорд жасап жүргенде», Мəскеу, Санкт-Петербургтегі қаламдастары оған М. Шолохов, В. Пикуль атындағы халықаралық сыйлықтарды, С. Есенин атындағы «Алтын күз» əдеби сыйлығын, В. Шукшин атындағы «Алтын медальді» үйіп-төгіп табыстап, Ресей Əдебиет академиясының академигі етті. Қазақ қаламгерлері «Досановтың тілі қарабайыр» деп, қым-қиғаш пікір айтып, қырғи-қабақ боп жатқанда, Ресей БАҚ-тары С. Аймұханұлының «ХХ ғасыр» эпопеясын «Абай жолы» романынан кейінгі үлкен шығарма» деп бағалады.
Ал түрік бауырлар қаламгерді М. Қашқари атындағы «Түрік əлеміне сіңірген зор еңбегі үшін» жəне «Түркі əдеби қоры» сыйлығымен марапаттады.
Біраз жыл бұрын С. Досановтың Парижде француз тілінде шыққан кітабының тұсаукесеріне арналған шығармашылық кеші табысты өтті.

Ал қырғыз ағайындар С. Аймұханұлына «Алтын қалам» ұлттық əдеби сыйлығын табыстап, оны «Қырғыздың халық жазушысы» атағына ұсынды. Қаламгердің біз тілге тиек еткелі отырған «Тозақ шеңбері» пьесасы Желтоқсан оқиғасынан кейін іле-шала жазылғанымен, түрлі жағдайлармен жарыққа шықпай, шаң басып жатқан шақта, Қырғыз Мəдениет министрлігінің мұрындық болуымен Қырғыз елінің екі бірдей еңселі театры «Жанұран» деген атпен əуелі өз елдерінде қойып, соңынан Қазақстанның біраз жерінде сахналап шыққанынан хабардармыз. Осы сапарда өзіміздің Орал театрында да өнер көрсеткен болатын. Қазақтың Қайратының көркем шығармада алғаш сомдалғанын көріп, көңіліміздің толқығанын қалай ұмытайық?! Кейін қырғыздар бұл пьесамен Ақтау қаласында өткен халықаралық конкурсқа қатысып, жүлделі орынға ие болғанын естідік.

Сөз реті келгенде айта кетейік, С. Досановтың «Адамзаттың анасы» атты Жер сату, жекешелендіру мəселелерін арқау еткен пьесасын да алғаш қойған – қырғыздар. Жазушының 75 жылдық мерейтойы Қазақстаннан бөлек, Ресей мен Қырғызстанда да кеңінен атап өтілді.

DSC_3666

Жазушы Сәбит Досанов

С. Аймұханұлын оқырман қауым «барлық жанрда жазатын» (С. Қирабаев) жəне жылдам жазатын «ақ мылтық жазушы» (ақын Ө. Оралбайұлы) деп таниды. «Тозақ шеңберінен» басқа қаламгер қоржынында М. Əуезов театрында көп жылдар аншлагпен жүрген «Дауыл», т.б. танымал пьесалар бар.

С. Досанов: «Тозақ шеңберін» 5-6 күн ойланып, 10 күндей жаздым, сонда 20 шақты күнде өмірге келді. Біз жас ұрпақтың алдында қарыздармыз. Бұл менің Қайратқа қойған əдеби ескерткішім», – дейді.

Пьесада Ноғайбайұлының жас Қайратын сомдаған Хадиша театрының Жасқайратының талабы табысты. Балғын Фатима бейнесі өнер көгінде Ақжан Орынбасарованың жұлдызын жақты деп білеміз. Мырзағұл рөліндегі Дарын Мұхтаровтың алғашқы адымы көңіл қуантады.
Тарихи драмадағы басты кейіпкерлердің бірі – Алмас ақын. Бұл образ –
О. Сүлейменовтің прототипі. Естуімізше, осы пьеса О. Омарханұлын қатты толқытып, көзіне жас алған деседі. Көзі тірі классикті сомдау Жылқыбай Жұбатовқа өзгелерден де гөрі орасан жауапкершілік жүктейтіндей. Айтулы ақын рөлі жас əртістің оң жамбасына келіп-ақ тұр.

Қойылымның толқытар тұсы – Қайраттың түсінде анасымен сырласуы. Екеуарадағы ақ мата үлбіреген аппақ əлемнің жұлынып түсіп, жоқ болуында символикалық сыр жатыр. Қайраттың анасы Дəметкенді аудармашы, актриса Эльмира Мақашева (суретте) мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытгүл Жақыпова ойнады.

1C3A8667

Режиссердің драманы бейбіт өмірдегі бейғам жастардың тыныс-тірлігін бейнелеумен бастауы əсерлі. Көлемді пьесада батыл шешімдерін байқатқан режиссер Ұлттық қауіпсіздік комитеті полковнигінің бейнесіне басымдық бергендей. Қулығына қулық бойламайтын аяр да нəпсіқұмар, зымиян Щербаның пасықтығының астарында сол бір солақай жүйені əшкерелеу жатқаны айдан анық. Бұл драмада айырықша ашылған бейненің бірегейі, сөзсіз, осы Талиғат Жігеровтың Щербасы.

1C3A8474

Жалпы алғанда, пьесадағы əртістер ойынының озықтығын айта кету лəзім.

Автор осы драма арқылы тəуелсіздіктің қандай күрес жолымен келгендігін көрсеткісі келіпті. Автор демекші, премьера қаламгерді қатты толқытты. Өзі ғана толқып қойған жоқ. «Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс. Ол бəріміздің жүрегімізді ауыртты. Біз азаттыққа сол жастардың арқасында ғана қолымыз жетті. Негізі оларды біз бастап шығуымыз керек еді, алдында біз жүруіміз керек еді. Олай ете алмадық, айыптымыз. Ақыры осы дүниені жылап отырып жаздым. Ойласам, əлі жылаймын», – деп, көрермен біткеннің көңілін босатты.
Əдетте 86 жыл оқиғасы туралы айтыла қалса, аға буынның ішінен жастардан жүзін жалтарып, күмілжігендерді көп көріп едік. Небір атақты зиялыларымыз желтоқсан көтерілісіне қатынасқан жастарды наркомандар, бұзақылар деген хатқа қол қойып жатқанда, биліктің қысымынан қорықпай жастарды айыптаған хатқа қол қоймаған Досановтың әрекеті батылдық емей немене?!
Жазушының: «Сүйікті ұлымнан айырылып, қайғы жұтып қалғанда, Тəңірі берген талант ұлыма ғана емес, ұлтыма да қызмет етуі керек. Тасжүрек тағдырмен қарсы тұрып, қасқайып күресемін деген ойға бекіндім ақыры», – деген сөзін тебіренбей оқу мүмкін емес. Батыл жүрек иесінен «Тозақ шеңберіндей» батыл шығарма шығуы – заңдылық.

NBM_9384 - копия

Р.S. Соңғы кезде бүгінгі күн турасында жаңа роман жазуға кірісіп кеткен сүйікті жазушымызға саулық пен шабыт тілейміз.

 Динара Қыдырбайқызы

М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру

мектеп-интернатының қазақ тілі мен əдебиеті

пəндерінің мұғалімі, 

Орал қаласы

Пікір жазу