Басты бет » Жаңалықтар » ОРАЛДА ҚАДЫР ТОЙЫ ӨТУДЕ

ОРАЛДА ҚАДЫР ТОЙЫ ӨТУДЕ

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің туғанына 90 жыл толуына орай Ақжайық жерінде дүбірлі той басталды. Мерейлі күн ақын атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ашылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл ертеңгі ұрпаққа қалатын құнды дүние. Мұрағатта сақталатын асыл қазына. Ақын туралы айтылар сырлар сарқылмақ емес. Бұл той Қадыр ақынның өнегелі өмірін кейінгі жастарға үлгі ету, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру үшін маңызды. 90 жылдық тойдың шымылдығы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

 

Гүл қоюшылар легін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ақынның жары Салтанат Мырзалиева бастаса, белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері және ақынның отбасы мен туыстары да Қадыр ақынның мүсініне гүл қойды.
Гүл шоғын қою рәсімінен кейін меймандар орталық ғимараты жанындағы киіз үйге бас сұғып, ”ақын ауылының” дәмін татты. Бұл жерде ұжым әншілері өнер көрсетіп, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының атсалысуымен Қадырдың бейнесі сомдалды.
Қадыр күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның “Атамекен” өнер ордасында жалғасты.
Ақын шығармашылығына арналған концерттік бағдарламаны филармония ұжымы ұсынды. Дүлдүл әншілерге “Дәулеткерей” атындағы ұлт-аспаптар оркестрі дем беріп отырды.
Бұл шараны көрермендермен бірге БҚО әкімі Нариман Төреғалиев, Мемлекеттің сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов және ақынның жары Салтанат Мырзалиева бастаған отбасы мүшелері тамашалады.
Мерейлі жылдағы жағымды жаңалықтар еселеніп, Қадыр қақында жарық көрген екі кітаптың тұсауы да «Атамекен» сахнасында кесіліп, оқырманға жол тартты.