Авиньонның жаз мезгілі – бұл жай ғана ыстық күн астындағы француз қаласы емес. Бұл барып тұрған таңғажайып театр әлемі. Қаланың әр бұрышы тарихи шіркеулерден бастап шағын заманауи дәмханаларға дейін біртұтас театр сахнасына айналған. Бұл жерде халықаралық «Off Avignon» фестивалі таңғаларлық деңгейде өтіп жатыр. Күн сайын спектакльдер, премьералар, көріністер, шерулер мен түрлі қызықты шаралар көпшілік назарына ұсынылуда.
Аталмыш сиқырлы да шабытқа толы фестивальде тұңғыш рет Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры өнер көрсетуде. Қазақстаннан келген талантты артистер әйгілі Уильям Шекспирдің атақты «Ромео мен Джульетта» трагедиясын заманауи сарында ұсынып, көрермендерді таңғалдыру үстінде. Қойылымның премьерасы «LaScierie» театры сахнасында аншлагпен өткізілгені соңын айқын көрсеткіші.
Табиғаты ерекше «Off Avignon» фестивалінде артистер тек спектакльдерде рөл сомдап қана қоймай, қаланың көшелеріне шығып, афишалар мен флаерлер таратып, көпшілік назарына кішігірім көріністер ұсынуда. Олар өз спектакльдері жайлы, театрлары мен шығармашылықтары жайлы сөз қозғап, көрермендерді қойылым тамашалауға бар ынтасын салып шақырады. Көптеген артистер үшін бұл тың әрі жаңа тәжірибе. Олар тек сахна төрінде рөл ойнап қана қоймай, өз ұжымдарының, мәдениеттерінің, еллдерінің даусына айналуда.
Алматы қаласының қуыршақ театры ұсынған «Ромео мен Джульетта» жай ғана Шекспир пьесасына негізіндегі спектакль емес. Бұл – қазіргі заман театрының тілімен, пластикамен, эмоциямен, тірі актерлік ойынмен, кәсіби қуыршақ жүргізу шеберлігімен баяндалған тебірентерлік махаббат хикаясы. Спектакль толықтай қазақ тілінде көрсетіледі. Алайда тілмәселесі көрерменге кедергі келтірмейді. Керісінше, сахнадағы тірі әрекет, динамика, актерлердің шынайылығы мен энергетикасы көрерменді бірден баурап алып, оқиғаның мәнін жүрекпен түсінуге мүмкіндік береді.
«Мен айтылған сөздерді түсінбедім, бірақ жүрегіммен бәрін ұқтым!» – деді Германиядан келген көрермен.
«Сахнадағы энергия мен қуыршақтардың пластикасы мені таңғалдырды. Бұл ұмытылмас әсер!» – деп пікір білдірді Франциядан келген қонақ.
«Off Avignon» – бұл тек театр фестивалі ғана емес, сонымен қатар керемет ұйымдастырушылық шеберліктің көрінісі. Күніне жүздеген ұжым, жүздеген алаң, мыңдаған қойылым, мұның бәрі жүйелі түрде, дәлдікпен және әрбір қатысушыға деген терең құрметпен ұйымдастырылған. Осындай үдерістің бір бөлшегі болу – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Алматылық қуыршақ театры осы фестивальге қатысушы ғана емес, Авиньон қаласының шығармашылық тынысының бір бөлшегіне айналып отыр. Қазақ тілінде спектакль ұсынған театрдың баршаға түсінікті бола білгені тіптен қуантарлық жайт. Бұл – тек өнердің емес, әлемге ашыққазақ мәдениетінің де жарқын жеңісі.
26 шілдеге дейін қуыршақ театры Авиньон төрінде «Ромео мен Джульетта» спектаклі көрсетілімін жалғастырады. Әр көрсетілім – театр үшін қазақ өнерін еуропалық театр кеңістігінде паш етудің таптырмас мүмкіндігі.