Басты бет » Жастар үні » Жастар болашағы бар мамандықтарды таңдайды

Жастар болашағы бар мамандықтарды таңдайды

Қызылорда облысы Шиелі ауданында «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының бастамасымен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жұмысшы мамандығы – өндірістің әлеуметтік негізі» атты облыстық форум өтті.

Шиелі индустриялық-аграрлық колледжі базасында өткен форум жұмысына барлық аудандағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар аудандағы «Қазатомпром» компаниясының өндірістік процесімен және техникалық базасымен танысты. Онда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырып жүрген студенттермен және жұмысшы мамандармен тілдесті.

«Елдің болашағы – білікті мамандардың қолында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Біз жастардың техникалық және жұмысшы мамандықтарға бет бұрып, ел дамуына үлес қосқанын қалаймыз. Осындай форумдар мен кездесулер тек қана ірі қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да тұрақты түрде өткізілуі қажет. Себебі әр өңірде талантты, еңбекқор жастар бар, оларға да мүмкіндік беріп, назар аударуға тиіспіз. Мұндай форумдар – жастардың кәсіби бағдарын анықтап, болашаққа сеніммен қадам басуына мүмкіндік береді», – деді Қызылорда облысы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Әсетхан Баймырза.

Кейінгі жылдары жұмысшы мамандықтар ерекше сұранысқа ие. Бұған мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлінуде. Нәтижесінде, жастардың да қызығушылығы артып, осы бағытта білім алушылар саны көбеюде. Мәселен, Шиелі индустриялық-аграрлық колледжінде 18 мамандық, 28 біліктілік бойынша 400-ге жуық студент білім алуда. Жұмысшы мамандықтарды таңдаған жастар саны да жылдан жылға 20-30 пайызға артып келеді. Студенттердің тәжірибесін шыңдауға колледж ұжымы зор мүмкіндік жасап отыр. Мұны колледжде біліктілігі бойынша тәжірибеден өтіп жатқан ІІ курс студенті Өміржан Қалдыбаев та атап өтті.

«Мен автоэлектрик мамандығы бойынша білім аламын. Бүгінде бұл мамандыққа сұраныс көп. Колледж ұжымы мені нағыз мамандар арасында тәжірибеден өтуіме мүмкіндік жасады. Замандастарымды ешкімнен ұялмай, сұранысқа сай мамандықтарды таңдап, оқуға түсігешақырамын», – деді ол.