Басты бет » Жастар үні » «Астана жастары» – жастарға жол сілтеуші

«Астана жастары» – жастарға жол сілтеуші

Волонтерлік қозғалысты дамыту, NEET санатындағы жастармен жұмыс, аула клубтарын дамыту, жастар бастамасын қолдау, талдау, мониторинг, ақпараттық-әдістемелік жұмыс жүргізу, құқықтық көмек көрсету және кадрлық жұмыстарды ұйымдастыру. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы белсенді қызмет атқарып келеді. 2014 жылы ашылған орталық 14 пен 35 жас аралығындағы жастармен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді.

Жастармен жасалып жатырған жұмыстар, іс-шаралар турасында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Руслан Қонақбаевтан сұрап білдік.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы құрылған сәттен бастап жастар арасында волонтерлік қызметті дамыту мен әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастыру негізгі бағыттардың бірі болып келеді. Волонтерлер республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші, тимлидер ретінде белсене қатысады. Волонтерлер ҰКО (Ұлы көшпенділер ойыны), ШЫҰ саммиті, ЭКСПО-2017, Азиада, ЕҚЫҰ саммиті, Рим Папасының сапары, «Eurasian Book Fair» және басқа да халықаралық, республикалық маңызы бар шамамен 150-ге жуық іс-шараға атсалысқан.

Руслан Қонақбаевтың айтуынша, Жастар ресурстық орталығы базасында волонтер жылы аясында құрылған Қалалық волонтерлер штабы бес жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Орталық 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен және 4 үкіметтік емес ұйыммен, сондай-ақ қаладағы кәсіпорындар мен меценаттармен тұрақты әріптестік орнатқан. Штаб құрамында 7 000-нан астам белсенді волонтер бар. Өткен жылдың өзінде ғана олардың қатысуымен 1 116-дан астам волонтерлік акция мен жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ орталық NEET санатындағы жастармен жұмыс жасап бос жұмыс жәрмеңкесін өткізіп отырады.

«Орталығымыз NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізеді. Соңғы екі жыл ішінде орталық 50 000-ға жуық жасты қамтыған 15-тен астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. 450-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, NEET жастардың санын азайтуға бағытталған Жол картасы әзірленді. Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында «JOLTAP» және «Freelance Мүмкіндік» жобалары жүзеге асырылуда», – дейді Руслан Қасымұлы.

NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға көмектесетін «JOLTAP» және «Freelance Мүмкіндік» мамандықтар бойынша оқытатын айтты. «JOLTAP» жобасы жастарды 12 жұмысшы мамандық бойынша оқытады. Атап айтқанда, тігінші, бариста, бөлшек сауда негіздері, модельер-конструктор, электрогазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқкиім жөндеу және кілт жасау, корпус жиһаздарын құрастыру негіздері, май және автошиналарды ауыстыру бойынша автомаман, Kaspi дүкенінде сауда жүргізу негіздері, Wildberries платформасында сауда жүргізу негіздері, полимерлі-ұнтақ бояуымен сырлаушы. Ал «Freelance Мүмкіндік» жобасы жастарды 7 цифрлық мамандық, яғни SMM, таргетинг, контент-криэйтор, графикалық дизайн, видеоөңдеу, веб-дизайн және сайт жасау, сондай-ақ базалық цифрлық дағдылар бойынша оқытады. 2024 жылы цифрлық мамандықтар бойынша 3 773 адам, ал жұмысшы мамандықтар бойынша 3 904 адам оқу курсынан өткен.

Сондай-ақ Руслан Қасымұлының айтуынша, орталықтың негізгі бағыттарының бірі – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу. Ол осы мақсатта жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы жүзеге асырылып жатырғанын алға тартты.

«Жоба аясында іс-шаралар әртүрлі форматта өтеді, атап айтсақ: онлайн және офлайн тренингтер, есірткі жарнамаларын бояу бойынша акциялар, спорттық турнирлер, шығармашылық байқаулар, ақпараттық парақшалар тарату, дөңгелек үстелдер, профилактикалық кездесулер болады», – дейді Руслан Қасымұлы.

Былтыр елорданың барлық бес ауданында тұрғын үйлер мен өзге де нысандарда есірткі жарнамаларын бояу бойынша рейдтік шаралар тұрақты түрде жүргізілді. Жобаның білім беру саласы аясында танымал қоғамдық қайраткерлер, полиция қызметкерлері мен белгілі блогерлердің қатысуымен «JAUAP» подкасттары іске қосылды. Подкасттардың тақырыптары есірткі қылмысы, есірткі тұтынудың салдары және тәуелділікпен күресу әдістері туралы болды. Қонақ ретінде Астана қаласы Прокуратурасы басқармасының бастығы Айжан Аймағанова, полиция полковнигі Сергей Ильиных, бұрынғы нашақор Ринат, блогер және инфлюенсер Әлібек Ермағамбетов және т.б азаматтар қатысып, жастар арасындағы өзекті тақырыптарды қозғады.

Сондай-ақ 2024 жылы никотинге тәуелділікпен күреске бағытталған «Тәуелділікті спортқа ауыстыр» атты акция өткізіліп, акцияға қатысушылар тапсырған вейптер мен снюстерді спорттық сыйлықтарға ауыстырды.

Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығының бақылауымен қала аумағында 10 аула клубы жұмыс істейді. Жалпы, клубтар мен секциялардың саны 61-ді құрайды. Бұл клубтар қала жастары үшін көпфункциялы мәдени-спорттық орталықтар болып табылады және олардың тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Қазір ол жерлерде 2 500-ге жуық тәрбиеленуші бар.

Руслан Қасымұлының сөзінше, Астана қаласының Жастар рестурстық орталығы жастарды жан-жақты қолдап, әртүрлі фестивальдер ұйымдастырады. Жоба қатысушылар жүлделі орындар иеленіп, алғыс хаттармен марапатталады. Орталық талантты және дарынды жастарды белсенді түрде қолдайды, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, әлеуметтік, шығармашылық, спорттық және интеллектуалдық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырады.

– 2024 жылдың ең жарқын оқиғаларының бірі болып табылған «JANA BELES FEST» фестивалі болды, ол 35 арнаулы орта оқу орындарының студенттерін біріктірді. Фестиваль 8 номинациядан тұрды: дәстүрлі және эстрадалық ән, дәстүрлі және заманауи би, музыкалық аспаптарда ойнау, театрлық қойылым, интеллектуалдық ойын, поэзия шығармашылығы және ең үздік қолдау тобы. Фестивальға 1200 студент қатысты. Жабылу салтанатында қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды, ал мерекелік атмосфераны қазақстандық эстрада жұлдыздары жасады.

Былтырғы тағы бір жарқын жобамыз – елорда студенттерін біріктіруге бағытталған «Лига вузов». Командалар баттл форматында әзіл, шығармашылық және актерлік шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар арасында «Қорғалжын құрамасы», «Не кипишуй», «Жуалы», «Рудный», «Тараз 2000» және т.б командалар. Ал қазылар алқасында – Есен Елеукен, Арнат Үтепбергенов, Нұржан Бейсенов және басқа да танымал тұлғалар болды, – дейді Руслан Қонақбаев.

 Перизат САПАРОВА,

Jastar janary