Басты бет » Жаңалықтар » Ажырасудың себебі неде?

Ажырасудың себебі неде?

Қоғам үшін ең өзекті мәселенің бірі – ажырасу. Соңғы жылдары елімізде осы тақырып көпшілікті алаңдатып, түрлі таластар тудырғаны бәрімізге мәлім. Отбасы құндылықтарын бәрінен биік қойған қазақ қоғамы үшін ажырасудың көбеюі үлкен індетпен тең.

Фото: Ашық ақпарат көздерінен

Шынында да, кейінгі кезде құндылықтар ауысып, жауапкершілік жоғалып, шаңырақ шайқалуы оңай болып­ кетті. Неке бұзылуының дәл осындай жоғары деңгейге жетуіне себеп аз емес. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Бұл көрсеткіш қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік, мәдени және экономикалық өзгерістердің салдары ретінде қарастырылады. Дегенмен ең жиі кездесетін себептерді атап өтуге болады. Олар: тұрмыстық зорлық-зомбылық: Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болып отыр. Зорлық-зомбылық құрбандары көбінесе өздерінің қауіпсіздігі үшін некені тоқтатуға мәжбүр болады.

Ер не әйелдің ішімдікке салынуы немесе есірткіге салынуы, құмар ойынға тәуелді болуы, көзге шөп салуы, туыстарының олардың ортасына түсуі. Қаржылық жағдайдың қиындауы: материалдық тұрақсыздық отбасылардың жиі ажырасуына әкеледі. Жұмыссыздық, төмен жалақы, ипотека немесе несие төлеудегі қиындықтар ерлі-зайыптылардың арасындағы шиеленісті күшейтеді.

Міне, негізгі себептері осындай болған ажырасудың сандық көрсеткішін қарастырсақ.

Ақпарат әлемінен алыс, сенімді мәліметтен хабардар емес адамдар ажырасудың өзінше статистикасын ұсынып жүр. Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінсек, 2024  жылы  АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 120,8 мың некені тіркеген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,9%-ға аз. Некенің сақталуына келер болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құраған екен.

Сонымен қатар елімізде 1000 адамға шаққандағы ажырасу коэффициенті шамамен 2,5-3,0 аралығында, 25-35 жас аралығындағы жастар ажырасу саны бойынша алдыңғы қатарда тұр. Некенің орташа ұзақтығы 5-7 жылды құрайды. Бұл деректер отбасы институтының тұрақтылығына әсер ететін бірқатар факторларды талдауды қажет етеді.

Ажырасудың алдын алу жолдары

Ажырасу мәселесін шешу үшін кешенді шаралар қажет:

  1. Отбасылық кеңес беру орталықтарын дамыту.

Ерлі-зайыптыларға психологиялық көмек көрсету арқылы көптеген мәселелердің алдын алуға болады.

  1. Материалдық қолдау.

Жастарға тұрғын үй және жұмысқа орналасу бойынша жеңілдіктер беру қажет.

  1. Отбасылық құндылықтарды насихаттау.

Дәстүрлі құндылықтарды заманауи өмірмен үйлестіру арқылы отбасылардың тұрақтылығын арттыруға болады.

  1. Білім беру бағдарламалары.

Жастарға отбасылық өмірге дайындық және жауапкершілік туралы арнайы курстар енгізу.

Осы орайда осы мәселеге қатысты әртүрлі буын өкілдерінің пікірлерін білген едік.

Майкен АМАНБАЕВА, 79 жаста, отбасы құрғанына 60 жыл, 14 баланың анасы:

– Үйлену оңай, үй болу қиын ғой қашанда, бірақ көбі түсінбейді, түсінгісі келмейді. Алып-ұшып тұрған сезіммен үйлене салып, ақылмен алдында не болатынын ойламайды, өкінішке орай. Ажырасудың себебі – бір-бірін естімейді, сыйламайды, санасып жататындарында. Ажырасу деген біз үшін ұят дүние, жаман болады, ұят болады деп өскен біз көп жерде сабырлық танытуды, төзуді дұрыс санадық. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, кез келген қиындыққа сынып, отбасын бұза салу әсте дұрыс емес. Сөйлесу керек, тілдесу керек, сыйласу керек. Біреуі ашуланғанда біреуі үндемеу керек. Санасып, салғыласып бақытты болу мүмкін емес. Жастарға айтарым, бір сәттерде армандаған отбасылық өмірді бір сәттік ашумен бұзуға асықпаңыздар.

Мәншүк САНАЙ, отбасы  құрғанына 4 жыл, 1 баланың анасы:

– Менің отбасы туралы түсінігім ол мектептегі жұптық және топтық жұмыстар сияқты, әрбір топ мүшесі өз үлесін белсене қосқандай отбасы үшін барлығымыз жұмыла жүріп әрекет етуіміз керек. Солай тынымсыз жұмыс жасасақ қана жақсы нәтиже көреміз. Ал қазіргі жастардың, жалпы жұптардың ажырасу себебі көпшілік ер азаматтарымыз ештеңе өзгерткісі келмейді, сол үшін саналары да құлдырап бара жатқандай. Ал әйел адамы өзгеруде, жастық шағын, энергиясын бітпейтін үй шаруасымен, өзгелердің жағдайын жасаумен өткізгісі келмейді, бұндай қарым-қатынастан шаршаған. Сонымен қатар бірін-бірі тыңдамау, көңіл бөлмеу, жалпы тұрмыстық тірлікті дұрыс бөлмеу және отбасындағы мәселелерді бірге отырып шешпеу. Қазір жастар еркін болғандықтан өз ойын айтқаны үшін, өз құқығын қорғағаны үшін де ажырасып жатыр. Ал алдыңғы буын адамдарында ой-түсінік басқа болғандықтан бұны қабылдау қиын. Талқыласақ мәселе көп, бірақ біздің отбасымыздың мықты болуы үшін біз отбасымызға арналған ережелерді ұстанамыз! Бірінші: қандай шешім болса да ақылдасу және ортақ бір мәмілеге келу. Екінші: тұрмыс-тіршілікті, бала тәрбиесіне бірдей жауапкершілік таныту. Бір-бірімізге жеке уақыт арнау. Қарапайым қағидаларды ойластыру мен жоспарлау арқылы отбасымызды мықты ете аламыз!

Қазақстандағы ажырасу деңгейін төмендету қоғамның әрбір мүшесінің, соның ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуын талап етеді. Мәселені жан-жақты зерттеу және шешімдер қабылдау арқылы отбасы институтын нығайтуға болады. Отбасы – қоғамның іргетасы, ал оның тұрақтылығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып табылады.

Ажырасудың алдын алу үшін ерлі-зайыптылар өзара сыйластық пен сүйіспеншілікті сақтап, қарым-қатынасты дамытуға күш салуы қажет. Отбасы құндылықтарын биік қойған қазақ қоғамындағы бұл қорқынышты статистика азайып, отбасылық мәселелер шешімін табады деп сенеміз.

Сәния ИБРАЕВА