Қазақ киносының он күндігі аясында көрермендер Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген фильмдермен таныса алады, деп хабарлайды Jastar janary.
«Көрсетілімді Қарағанды облысынан бастауымыздың өзіндік сыры бар. Бұл аймақ өндірістің қайнаған ортасында орналасқан. Биылғы жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Сол себепті де ауқымды шараны осы аймақтан бастауымыздың символикалық мәні бар. Қарағандыдан бастап, еліміздің әр бұрышында қазақ киносының күндерін өткізу отандық кинематографияны ілгерілетуге серпін сыйлайды деп білеміз. Себебі әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақсатымыз да ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету», – деді Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма Төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Кино күндері аясында көрсетілетін «Қажымұқан» ұлттық рухымызды асқақтатса, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы тұлғалардың жүріп өткен жолына қанығуға мүмкіндік беріледі. «Операция Набат», «Время патриотов» құқық қорғаушылардың еңбегін паш етіп, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. «Бауырына салу» деп аталатын кинода ұлттық дәстүр дәріптеледі. Кішкентай көрермендерге арналған «Тайқазан» деп аталатын анимациялық фильм, «Алматы, я люблю тебя!», «Соңғы үкім», «Дала қасқыры», «Стоп, ночь» және «Шулама» фильмдерінің де айтар ойы бар. Кино орталығының қолдауымен биыл тағы оннан аса туынды прокатқа шығады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, бұған дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картинаның өндірісі аяқталған. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер. Прокатқа шыққан туындылар да артып жатыр.