2023 жылы «Менің елім – менің тілім» жобасы аясында 12 өңірде (Астана, Алматы қалалары; Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстары) қазақ тілін үйрену бойынша «Сөйле» тілдесу клубтары іске қосылып, былтыр 1 348 сағат қазақ тілі сабақтары өткізілді, деп хабарлайды «Жастар Рухы» жастар қанатының баспасөз қызметі.
2 жыл ішінде 5 000-нан аса қатысушы қатысты, 2 644 сағат қазақ тілі сабақтары өтті. Сондай-ақ 115 іс-шара барысында рухани-танымдық кештер мен тимбилдингтер арқылы қатысушылардың қазақ тілін тереңірек меңгеруіне ықпал етті.
«Әр қатысушының өзіндік жолы, өзіне тән қызығушылығы мен оқуға деген мотивациясы бар. Біз осы тілдесу клубында тек тіл үйретіп қана қоймай, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды, еліміздің тарихын терең түсінуге бағытталған қызықты әрі интерактивті сабақтар өткіземіз. Қазақ тілі тек сөз бен грамматиканы үйрену емес, ол – ұлттың рухы мен болмысы. Сабақтарымызда жастардың қазақ тілін еркін меңгеріп, ұлттық сананы жаңғыртуға мүмкіндік ала отырып, өз ойларын ашық жеткізуіне ықпал етеміз», – деді оқытушы Бақытжан Тұрсынов.
Айта кетейік, Астана қаласында сабақтар аптасына 2 рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері өтеді.