Елордада ҚР Президентінің атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты Республикалық Жаңа жылдық шырша өтті. Бұл мерекелік шараға еліміздің барлық өңірінен оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен 100-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды Jastar janary.
Шараға қатысушылардың арасында 10 жастағы Әли Кудияров та бар. Ол — Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Күлкөл ауылының Қ.Хадесов атындағы орта мектептің оқушысы. Бұл шараға арнап оның анасы «Өмір ағашы» костюмін арнайы тігіп берген. Бас киімі бұтақтардан, жапырақтардан, моншақтардан және көбелектерден жасалған тәжге ұқсайды. Ағаштың діңі ретінде жалғасқан костюмінің алдыңғы жағында жеті атасынан тараған өз әулетінің шежіресі жазылған.
«Мен ертегілер әлемінде жүргендей сезімдемін! Барлығы өте әдемі, ал анам тіккен киімім бұл күнді мен үшін одан әрі ерекше етті. Осы ғажайып күн үшін алғысымды білдіремін!» — дейді өз әсерімен бөліскен Әли.
Тағы бір ерекше көзге түскен костюм иесі — Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектептің 7-сынып оқушысы Жасна Орақбай болды. Оның костюмін ұстаздары өз қолымен тігіп берген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі ақмолалық Дарья Дячишина Президентке жаңажылдық шыршаға шақырғаны үшін алғысын білдірді. Ол киокушинкай каратэмен шұғылданады және оның жетістіктері көп.
«Бүгінгі Жаңа жылдық шыршаға қатысу — менің өмірімдегі ұмытылмас оқиға. Мен көптеген сыйлықтар алдым, керемет шоу көріп, басқа өңірлерден келген балалармен таныстым. Президентке осы таңғажайып мереке үшін рахмет айтамын!» — дейді Дарья.
Сондай-ақ 12 жастағы Адема Скачкованың «Феникс құсы» кейпіндегі киімі ерекше талғаммен жасалған. Ол костюмін ұстаздарымен бірге өзі тіккен. Адема — вокалмен айналысады және ол облыстық вокалдық байқаулардың жеңімпазы.
Мерекелік шарада әр балаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хаты табыс етілді.
«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мейрамымен құттықтаймын! Осы жарқын мереке өзінді шаттыққа бөлесін! Әрдайым жаңашылдыққа, жасампаздыққа ұмтыл! Білімпаз, озат әрі зерек болып, жақындарыңды қуанта бер! Арманың асқақ, қиялың ұшқыр болсын! Саған зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!» — делінген құттықтауда.
Еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларымен бірге шырша шамын жақты.
«Бүгін әсем елордамызға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам бала жиналды. Бұл күндері сіздер қаланың көрікті жерлерін аралап, еліміздің жетекші оқу орындарында болдыңыздар. 2024 жыл расында, Сіздер үшін жетістіктер мен жақсы жаңалықтарға толы жыл болды. Сіздердің араларыңызда білімімен үздік атанғандар, жарыстар мен байқауларда оза шапқандар да бар, сондай-ақ сіздер биылғы жылы жетістіктермен бірге жаңа достар таптыңыздар. Әрқайсыларыңыздың жетістіктеріңіз — еліміздің болашағына қосылған маңызды үлес деп білемін. Мемлекет сіздердің бақытты балалық шақтарыңыз бен жарқын болашақтарыңыз үшін барлық жағдайды жасауда. Ал сіздердің міндеттеріңіз — осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жақсы оқу және жан-жақты даму, осылайша еліміздің адал да жауапты азаматы болып өсу», — деді балаларды құттықтаған Ғани Бейсембаев.
Елорданың үздік шығармашылық ұжымдарының әртістері мен қойылымдар балаларға мерекелік атмосфера сыйлады. Қазақстанның танымал әртістері көңілді ән шырқап, балалар шыршаны айнала биледі.
Айта кету керек, бұл күндері балаларға елорданың көрікті жерлеріне, оның ішінде балалар театрға, кинотеатрға және мұражайларға экскурсия ұйымдастырылды.
Шара соңында әр балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлық табыс етілді.