«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, шығармашылық әлемге қадам басып, әсіресе қазақ кино өндірісін әлемдік деңгейде дамытуды көздеген Бақытжан Қадер бүгінде Америка елінде білімін жетілдіріп жүр. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Нью-Йорк фильм академиясының студенті атанған Бақытжан Орал қаласының тумасы. Жалынды жастың «zhaikpress.kz» сайтына берген сұхбатын жариялап отырмыз.
– Әуелі өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қандай отбасында дүниеге келдіңіз?
– 1988 жылы 22 тамызда дүниеге келдім. Балалық шағым туған жерім Жәнібек ауданында өтті. Өрісте мал бағып, қаймақ жеп өскен балалыққа не жетсін?! Әкем Қадер – аудандық Мәдениет үйі, мектеп, музыкалық үйірмелерде сабақ берген ұстаз. Көптеген музыкалық аспаптарды меңгерген кәсіби музыкант. Сол себептен шығар, мен де кішкентайымнан музыкаға әуес болып, ән айттым. Әлі есімде, ауылдық жерде жарық өшіп қалған кезде, жанұямызбен әкемнің ән-күйін тыңдайтын ек… Анам да бос уақытында ән айтқанды жақсы көреді. Аллаға шүкір, жанұяда алтаумыз. Әкем Қадер, Анам Нұрия, ағам Бауыржан және екі әпкем Мира мен Назгүл. Барлығы да өнерлі адамдар, бірақ әкемнің жолын қуған жалғыз мен. Айтпақшы, үйдің кенжесімін.
– Бала Бақытжанды білім мұхитында еркін жүздіре білген ұстаздары кім екен?
– Т. Жароков атындағы орта білім беретін мектебінде тәлім-тәрбие берген Зәуреш Дәрментайқызы, Мағрипа Есполайқызы… Айта берсем, көп екен. Олардың әрбіріне алғысым шексіз. Мектеп тәрбиесі – оқушыны өмірге дайындап, адами қасиеттерін қалыптастыратын орда. Менің де осы кезге жетуім – сол ұстаздарымның еңбегінің жемісі.
– Мектепті тәмамдаған соң қайда білім алдыңыз?
– 2006 жылы мектеп қабырғасымен қоштасып, студенттік өмірге қадам бастым. Алланың қалауымен, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті атандым. Сапалы білім беріп, маман атануымызға үлес қосқан Меңдіғаным Мергенбайқызы, Думан Мұқанұлы, Ләззат Қайыржанқызы сияқты ұлағатты ұстаздарымды атап өтейін.
– Оралда болған жылдарды еске алсаңыз? Шығармашылық бағытта бұл жылдар не берді?
– Орал дегенде ойыма бірден ұстазым, жездем Дәурен Сатқанов келеді. Университеттегі алған білімімді өмірде тиімді қолдануға, өз жеке кәсібімді бастауыма зор септігін тигізген адам. Үшінші курстан бастап «NIDS» дыбыс жазу студиясын аштым. Оралда менің ең қызықты студенттік күндерім өтті. Осы аралықта түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Екі көркем фильм түсіріліміне дыбыс режиссері, композитор ретінде қатысып, тәжірибе жинақтадым.
– 2012 жылы республикалық «Жас қанат» байқауына қатысыпсыз?! Осы кезден бастап шығармашылығыңыздың өрлеу кезеңі басталған сияқты…
– Иә, байқауда дипломант атанып, астаналық өнер мамандарымен тәжірибе алмастым. 2013 жылы Астана қаласына көшіп бардым. Бұл жылдары еліміздің «Қазақстан», «Хабар» сияқты телеарналарында дыбыс режиссері болып қызмет еттім. Кейін жеке шығып, бас қалада «NIDS» дыбыс жазу студиясын аштым. Бір жыл ішінде көптеген өнер адамдарымен танысып, бірге жұмыс жасадық. Олардың ішінде Бауыржан Исаев, Дос, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, «Трио Z», «Назар аудар» КТК тобы6 т.б. бар.
2014 жылы ҚР Президентiнiң білім беру, санат жетілдіру мақсатында құрылған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қатысып, шәкіртақы иегері атандым. Әрине, бәрі оңайлықпен келмейді. Ағылшын тілін жетілдіруім керек болды. 2 ай тынбай дайындалдым. Сөйтіп, 22 тамызда сыннан сүрінбей өттім. Туған күніме тамаша тарту болды. 2015 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде бір жылдық тілдік курстардан өттім. Жаңа орта, адамдар, тағам, климат, дәстүр — барлығы да өзгеше. Бастапқыда екі сөздің басын қоса алмай жүрген Бақытжанның жарты жылдан кейін тілі түзеле бастады. Ағылшын тілінде кино көріп, кітап оқыдым. Қазір бұл тілді де бағындырдым.
– Нью-Йорк фильм академиясы туралы кеңірек білгіміз келеді…
– Нью-Йорк фильм академиясы – АҚШ-тағы кино саласында сапалы білім беретін оқу орындарының бірі. Голливудтың жүрегінде орналасқан өнер ордасында танымал режиссер, продюсерлер дәріс оқиды. Мұнда әлемнің әр түкпірінен жиналған жастар режиссерлік, продюссерлік, операторлық, сценарий жазу, компьютерлік дизайн, т.б. мамандықтар бойынша білім алады. Облыстан шалғай жатқан жәнібектік жігітке де осы академияда білім алу бұйырыпты. Оқуға түсу үшін ағылшын тілінде жеке шығарма, портфолио, ұсыныс хат сияқты құжаттар тапсыру керек.
– Білім жүйесінде қандай өзгешеліктер бар? Кемшін тұсы қандай?
– Әрине, АҚШ ең мықты университеттерімен танымал. Сол себептен білім сапасы, стандарттары өте жоғары. Әр университеттің өз ережесі бар. Мұндағы сабақ беру тәсілдері, сабақ кестесі, студенттік өмір, мұғалімнің студенттерге деген қарым-қатынасы мүлде өзгеше. Бұл жерде кімнің баласы, не киіп, қандай көлік мінгенің түк маңызды емес. Профессор мұғалімдер студенттермен тең жолдасындай араласады. Мен қазір продюсер мамандығы бойынша магистрлік деңгейін оқудамын. АҚШ киноиндустрияда жұмыс жасайтыны белгілі. Танымал продюсерлерден сабақ алып, кино бизнесінің қыр-сырын меңгерудеміз. Екі семестрдің ішінде Голливуд жұлдыздары Киану Ривз, Эндрью Гарфильд, Дольф Лундгрен, Мел Гибсонмен, т.б. болған кездесулерге қатысып, кино бизнесінің жасалу жолдарын зерттедік. Арнайы Голливуд блокбастерлерінің жұлдыздарымен өтетін «Джон Уйк», «Конг», «По соображениям совести» фильмдерінің премьераларын тамашалып, әлемдік деңгейдегі шоуларға куә болдық. Оқып жатқан тобымда Индия, Қытай, Украйна, Ресей, Венесуэла, Перу, Испания елдерінен келген студенттер білім алуда. Солардың арасында жалғыз қазақпын.
– Бір күніңіз қалай өтеді?
– Сабақ кестесі әр күні әртүрлі. Кейде таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін де оқитын кездеріміз болады. Үйіміз академиядан 15 минуттық қашықтықта. «Болашақ» шәкіртақысының иегері, режиссер, сценарист астаналық Айдие Айдарбековпен бірге тұрамын. Сабаққа барар жолда «Dolby Digitals Laboratory», «Warner Brothers» студияларының жанынан өтеміз. Академия 3 корпустан тұрады: басты, монтаж және актерлік өнер ғимараты. Менің әлі күнге үйрене алмай жүргенім – сабақ кезінде студенттің мұғалімнен сұранбай шығып жүре беруіне болады. Сонымен қатар, дәріс кезінде тамақ ішу – қалыпты нәрсе.
– Екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрінен қандай ұқсастық байқадыңыз? Үйреніп кету оңай соқпаған болар?
– Әр елдің мәдениеті, әдет-ғұрыптары өзгеше болып келеді ғой. Америка елін зерттеумен қатар, жолымызда кезіккен шетелдіктерге туған еліміз Қазақстанды таныстыра жүреміз. Өкінішке орай, көбісі біле бермейді, тіпті көрші Қытай елінің кей студенттері Қазақстан десе аң-таң болады. Соңғы жылдары елімізді бокс чемпионы Геннадий Головкин арқылы тани бастады. Димаш ініміздің Қытай сахнасына шығуы да ел мерейін асырды. Мен де болашақта туған елімнің атын шығаруға үлес қосамын деген ойдамын.
– «LOST» атты қысқаметражды фильміңіз шығыпты. Құтты болсын! Қашан көре аламыз? Фильм туралы айтсаңыз.
– Рахмет. Иә, бұл менің шетелдегі тұңғыш жұмыстарымның бірі. Оқу жүйесі бойынша, әр семестрдің қорытындысы ретінде қысқаметражды фильм түсіреміз және сол жұмысымыздың сапасына қарай тиесілі бағамызды аламыз. «LOST» сөзі қазақшаға адасқан деп аударылады. Қысқаметражды триллер. Жаңа өмір бастау үшін, өзге қалаға бара жатқан жас жұп жайында. Өткен өмірінде нашаға әуес болған жас жігіт барлығын тастап, ұмытуға бет бұрса да, өмір әлегі оны кері сол жолға әкеледі… Бұл фильм 2016 жылдың қаңтар айында әйгілі HOLLYWOOD жазуы бар Гриффитс паркінің бір шетін жалға алып, сол жерде түсірілген болатын. Голливудта кино түсіру — балалық армандарымның бірі. Аллаға шүкір, армандар орындалады! Триллерге американдық актерлер кастинг арқылы таңдалып алынды. Көрермен назарына жақын арада ұсынуға мүмкіндік болмайды, себебі бірінші кезекте халықаралық қысқаметражды кино фестивальдеріне ұсыну жоспарда.
– Сіз тұрып жатқан мекеннің ауа райы қалай? Табиғаты ұнайды ма?
– Лос-Анджелесте жаңбырлы күн өте сирек. Қысқы ең төмен градус +10, ал жазда + 30 шамасында болады. Лос-Анджелес Тынық мұхиты жағалауында орналасқан. Бос уақытта көлік жалдап, Калифорнияны аралаймыз. Гранд Каньен, Юсемит, Секвоя парктерінде қыдырған кездеріміз болды. Бұл жақтың табиғатының өзіндік ерекшелігі мен әдемілігі бар. Бастысы — жол қатынастары жақсы ойластырылған. Қалаған жеріңізге тез жете аласыз.
– Болашақта алға қойған қандай нақты жоспарларыңыз бар?
– Алла қаласа, оқуымды бітіріп еліме ораламын. Әлемдік деңгейде Қазақстан киноиндустриясын таныстыратын сапалы кино өнімдер шығарамын. Америкада жүздеген үлкен киностудияда бар, олардың әрқайсы әлем стандарттарына сәйкес дүниелер шығаруда. Мыңдаған продюссер, режиссер жылдар бойы жоба іздеп, өзгелерден ерекшеленуге тырысады. Кейде бір фильм түсіру үшін 5-6 жыл кетеді, себебі барлығын стандартқа сай жасау қажеттілігі бар. Бұл жақтың заңдары да өзгеше. Бір ғана мысал: режиссер, жазушы, актер, операторлардың құқықтарын қорғайтын арнайы ұйымдар бар. Жеке өзіме шым-шытырық, фантастика жанры ұнайды, бірақ фильм продюссері ретінде әр жанрдың өз ерекшелігі бар деп білемін.
– Елді сағынасыз ба?
– Иә, әрине! Семестрлер арасындағы демалыс тек 10 күн болғандықтан, елге келіп-кету қиынға соғады. Үй ішімен желі арқылы хабарласып, қал-жағдай сұрасып тұрамын.
– Хоббиіңіз?
– Киноиндустрия саласын меңгеріп жатқан соң, барлық қызығушылығым осы сала айналасында. Музыка жазу, сценарий жазу, кино қарау, талдау сияқты істер хоббиға айналды.
–Басты қасиетіңіз қандай деп ойлайсыз? Өзіңізге ұнамайтын мінезіңіз бар ма?
– Басты қасиетім деп күлкілі естілсе де, өзімнің қырсықтығымды санаймын. Бір нәрсені бастасам, аяғына дейін жеткізбей тынбаймын. Бірақ кейде қырсықтық шектен шығып кетіп те жатады (күлді). Өзіме ұнамайтын, қазіргі кезде соны түзеумен жұмыс жасап жүрген тұсым – еріншектік.
zhaikpress.kz