Басты бет » Жаңалықтар » Күзгі каникул кезінде оқушылар үшін тегін іс-шаралар ұйымдастырылады

Күзгі каникул кезінде оқушылар үшін тегін іс-шаралар ұйымдастырылады

Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен күзгі каникул кезінде мектеп оқушыларына бірқатар тегін іс-шаралар ұйымдастырылады.
▪️Ұлттық музейде мектеп демалысы кезінде тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында тақырыптық тегін экскурсиялар өткізіледі. Экскурсия барысында оқушылар британдық мүсінші Юнус Сафардиардың туындылары мен отандық суретші Тілеужан Батановтың жеке көрмелерін тамашалай алады.

▪️Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Алтын күз» тақырыбында пленэр, тұмар жасау бойынша шеберлік сабақтары жоспарланған.

▪️ҚР Мемлекеттік Орталық музейі балалар үшін «Қазақ хандығының билеушілері» жобасы аясында циклдік сабақтар, «Абылай хан» және «Қазақ халық фольклоры: қазақ ертегілері әлемінде» жобасы аясында театрландырылған «Алдар Көсе – менің сүйікті кейіпкерім» музейлік сабақтарын ұйымдастырады.

▪️Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияда «Оқушыларға арналған абономент» жобасы бойынша әр концертке кіру үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы 10 орын тегін қарастырылған.

▪️Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы «Күзгі демалыс музей аясында» атты апталық өткізіп, оқушылар арасында викториналар, «Таңбалы» музей-қорығы оқушылар үшін қызықты квест-ойын өткізуді жоспарлап отыр. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында осы жылдың қыркүйек айынан бастап арнайы мектеп оқушылары үшін «Ясауитану» клубы мен «Жас археолог», «Жас реставратор», «Жас экскурсовод» үйірмелері тұрақты түрде тегін жұмыс жасап келеді.

▪️Музей педагогикасы жобасы бойынша «Ботай» музей-қорығында балалар үшін тегін көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, ашық есік күндері өткізіледі. Сондай-ақ, экскурсия барысында «Ботай мәдениетінің археологиялық зерттеулері» инсталляциясы ұсынылады.

▪️«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабаджа хатун» кесенелері, «Ақыртас» сәулет-археологиялық кешені мен «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағына балаларға жыл бойына ақысыз кіру қарастырылған.

▪️2017 жылдан бастап әр айдың соңғы жексенбісінде және каникул күндері мектеп оқушылары үшін «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына тегін кіре алады. Сонымен қатар Есік және Алматы қалаларындағы мүгедек және көру қабілеті нашар балаларға музей-қорыққа ақысыз кіру қарастырылған.

▪️«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы мектеп оқушыларына арнайы экскурсия ұйымдастырып, «Күз қызықтары» шеберлік сағатын өткізеді.

▪️«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Арыстанбаб кесенесі, Отырар-төбе және Сапар орталығы ғимараттарына экскурсияларды тегін ұйымдастырады.

▪️«Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы» мектеп оқушыларына арнап «Жошы ұлысы: тарихы және мұрасы» тақырыбында тегін көрме ұйымдастырады. Көрмеде Ұлытау өңірінде орналасқан Алтын Орда дәуіріне жататын тарих және мәдениет ескерткіштері таныстырылады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі