Басты бет » Жаңалықтар » Әлия Құдайбергенова: Біреудің жеке өмірінен шоу жасау – қасиетсіздік

Әлия Құдайбергенова: Біреудің жеке өмірінен шоу жасау – қасиетсіздік

Журналист Әлия Құдайбергенова әлеуметтік желіде бүгінгі қоғамда орын алып отырған түрлі жағдайларға байланысты пікір білдірді.


«Адам тағдырынан, біреудің жеке өмірінің есебінен ұпай жинау, қасіретінен шоу жасау – барып тұрған қасиетсіздік. Әрнәрсенің реті, жөні болады. Мың жерден «дамып», батыстанып, еркіндікке бас ұрсаң да діліңнен, дініңнен, ұлттық болмысыңнан аттап кетуге болмайды. Дәлелсіз, құры дақпырт, өсек-аяңмен рейтингі жасау мақсат болса, моральды шетке ысырып қойсақ, онда шоуыңның бабасын жасауға болар еді!
Өз ұлтыңа жанашырлық дегенді күрделендірудің, қиындатудың қажеті жоқ. Ол жай ғана адамға деген құрмет! Осыны ұмытпаңдар! Ретингі, ұпай жинаудың жолында ешнәрседен аянбадыңдар ғой, қомағайланып, арсызданып. Сырттан келгендердің қазақ қоғамын өзіне өзін жау ғып, өзіне өзі «көсеу ғып» жалаңаштандырып жатқанын сезесің бе?! Түгіміз қалмай бара жатыр ғой. Сумаңдап, көр-жерді тінтуден шаршамайды екенсіңдер.
Жас журналистерге, редакторларға айтарым, шығармашылық потенциалыңды, күш-қайратың мен білім, қабілетіңді жақсыға жұмса! Адамдық құндылығыңды сақта! Сол жолда ешкімнен жасқанба! Бас тарт! Миллиондар ұсынса да сені былыққа араластырғысы келетіндерден бас тарт. Дәл сол шешімің сені далада қалдырмайды. Ең болмаса үнсіз қал да, алыстап кет ол ортадан. Ұятсыздарға, ардан ақшаны, мансапты биік қоятындарға ерме, жанында жүрме! Олар сендерді пайдаланады. Ондайлар тұнығыңды лайлайды. Сосын сенің арықарайғы тағдырыңмен шаруасы да болмайды. Энергияңды, жаныңды, ниетіңді таза дүниеге жұмса! Аш қалмайсың. «Жұрт қазір кілең осындай өсек-аяң, жеңілтекке жаны құмар, сол өтімді. Салмақты, жөні түзу, мейірімге, жақсылыққа жетелейтін дүниені көрмейді» деп күрсінбе. Көреді. Бүгін көрмесе, ертең көреді. Олар да ойланар.
Көшке ілесу деген, ақша үшін, күнкөріс үшін “қашқанға да, қуғанға да» ілесе беру емес, игілікті іс қылу! Үлгі болар, болашағыңа дұрыс жол сілтер, мағыналы жағын көбірек ойлайтын адамның жанында жүруге тырыс. Қолдан келгенше. Танымал болу дегенің жақсы. Бірақ қай жолмен, қандай бағытпен, нендей мақсатпен?! Осыған мән бер.
Қарап отырып жаның түршігеді! Аңдығандары өсек пен төсек. Оның қай жерінде не жақсылық бар? Оның қай жерінен не аламыз?! Берері не?» – деп жазды Әлия Құдайбергенова.