Танымал журналист Ирина Советжанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ата-аналар назарына балалардың ғаламтор ойындарана және балаға уақыт бөлу тақырыбын қозғады.
«Қазір өкінішке қарай бала тәрбиесіндегі бүкіл міндетті мұғалімге, балабақша тәрбиесіне және телефонға ысырып қойдық. Қайда қарасаң да, қолына смартфон ұстаған оқушылар көп. Ара-тұра тексерген болып қоямыз. Алайда мұнымен мәселе шешілмейді. Балалардың не істеп-қойып жүргенін біліп отыру керек.
Өткенде әлеуметтік желіде жаман ойындар шығыпты, өз-өзіне қол салуға итермелейді екен деген соң талай ата-ана баласына ұрысып жүріп, қолындағы телефонын тексеріп жатыр. Тіпті, кей видео уатсапта да таралғанын көрдік. Бірақ баламен мұндай қарым-қатынас орнатқан дұрыс емес.
Біріншіден, бала мұндайда ашылып ештеңе айтпайды. Тіпті, сол сәтте ойынды өшіріп, чаттан шығып кеткенімен, көзден таса сол әрекетін қайта жасауы мүмкін. Сондықтан баламен қарым-қатынаста ұрысып түзеймін деген дұрыс емес. Екіншіден, құр босқа баланың алдында жек көрінішті боласыз. Ұрысқанды кім жақтырсын?!
Өткен аптада Астана қаласы бойынша балалар жөніндегі уәкілмен сұхбат жазғанмын. “Балалар мұғалім де, ата-анамыз да тек сабақ сұрайды. Жағдайың қалай деп сұрамайды” деп шағымданыпты. Расында күні бойы жұмыстан шаршап келген ата-ананың баласында жұмысы жоқ. Қарны аш болмаса, киімі бүтін болса, болды. Сабағын оқытсақ, сонымен ата-аналық жауапкершілігіміз аяқталады. Тәртібіне шағым болса, ұрсумен ғана шектелеміз. Бұл — балалар айтқан ақиқат. Баламен сөйлесуді үйренуіміз керек, — деді маман.
Үйге барған соң «мазаламашы» деп әлеуметтік желіде отырып, тикток пен ютубта видео көріп жатудың орнына ұлыңыздың не қызыңыздың қасында болыңыз. Сөйлесіңіз, бірге ойнаңыз. Пікірін сұраңыз, қасыңызға ертіп жүріңіз. Қысқасы, балаға уақыт бөліңіз. Сонда ғана шын мәнінде баланы тани түсесіз. Егер қандай да бір дүние байқап қалсаңыз, ұрыспаңыз. Жақсылап отырып сөйлесіңіз. Тіпті болмаса, психологқа бірге барыңыздар. Сонда біраз дүние шешіледі. Уәкілмен сұхбаттан ұққаным осы.
Қалай дегенмен, қазіргідей цифрлы дәуірде баланы ғаламтордан тыс ұстау мүмкін емес. Тек біздің қолымыздан келетіні дұрыс бағыт көрсетіп отыру ғана»- деп жазды Ирина Советжанқызы.