Басты бет » Жаңалықтар » V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Екі күннің нәтижесі қандай?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Екі күннің нәтижесі қандай?

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кеше басталып, алғашқы жарыс күнінде спортшылар жамбы ату спортының мажар стилінен бақ сынады. Атпен шауып нысана көздеу спорты 4 стильде өтеді. 27 мемлекеттен келген 78 мерген 11 топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтаған сайыстың алғашқы алтыны франциялықтарға бұйырды. Оны спортшы Рафаэль Малет еншілесе, екінші жүлделі орын Моңғолиядан келген спортшыға бұйырды. Ал қола медаль да француз спортшысының еншісінде кетті. Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тұрлыбеков өнер көрсеткен болатын. Соның ішінде А.Тұрлыбеков үздік бестіктің қатарынан көрінді.

Бүгінгі жарыс күнінде спорттың көкпар, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, мас-рестлинг, асық ату, кураш және қазақ күресі түрлері бойынша сайыстар өтті.

Жамбы ату. Көшпенділер ойындарында айрықша назар аударатын спорт түрінің бірі – жамбы ату. Оның басты ерекшелігі – ат үстінде нысана көздеу. Осындай көптің назары ауып отырған жамбы атудан Батыр Бексауыт Көшпенділер ойындарының жеңімпазы атанды. Ал қазақстандық Айтбек Сарыбай мен Ералхан Айкөз қола жүлдені қанжығалады.

Дәстүрлі садақ ату. «Арғымақ» ат-спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекеге 33 мемлекеттен 180 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы ел намысын қорғап, үш садақшы «Пута» нысанасы бойынша финалға шықты. Кеше «Пута» нысанасы бойынша (ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр) жарыста ерлер арасында қазақстандық Қасымхан Қанат пен Жәнібек Құлмырзаев, ал әйелдер арасында Айкөркем Батихан финалға шықты. Соның ішінде Жәнібек Құлмырзаев алтын медальға, Қасымхан Қанат пен Айкөркем Батихан қола медальға ие болды.

Көкпар. Сонымен қатар кеше 9 мемлекеттен 104 спортшысы көкпардан өзара мықтыны анықтау мақсатында сынға түсті. Бұл ойыннан бақ сынайтын Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Венгрия, Қытай, Моңғолия және Түркия құрамалары. Көкпар қорытындысы 12 қыркүйекте белгілі болады. Ал іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасын ірі есеппен жеңіп, 16:0 есебімен басым түсті.

Аударыспақ. Астана қаласында ипподром маңындағы этноауылда өткен аударыспаққа 9 мемлекеттен 64 спортшы тіркелді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Венгрия, Қытай, АҚШ және Ресей. Ел намысын қорғаған Қазақстан ұлттық құрамасының үш бірдей спортшысы финалға өтті. 60 келі салмақта сынға түскен Ермек Құралбай алтын медальға ие болды. Бұл Қазақстанның Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы алғашқы медалі. Ермек Құралбай финалда Қырғызстан спортшысы Жекшенбек Тұрдыбековті жеңді. Алмат Ләтіпбек екінші алтынды еншілесе, аударыспақтан үшінші алтын жүлдеге Дарын Өткелбай қол жеткізді. Бүгін Есімхан Рахматіллә, Сырым Ізбасаров және Біржан Қосалиев сынға түседі.

Қазақ күресі. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен 41 мемлекеттен 274 спортшы бәсекеге шықты. Қазақ күресінен кеше сынға түскен барлық спортшы финалға шықты. Әйелдер арасындағы 48 келі салмақта Айжан Жылқыбаева, Назерке Азаматова, Рауза Нұрмахамметова, ерлер арасында 55 келі салмақта Бекжан Төлепов алтын медаль иеленіп, ел мерейін асырды. Айта кету керек, бүгін аталмыш спорт түрінен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 8 салмақ дәрежесінде сынға түседі.

Мас-рестлинг. Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа 31 мемлекеттен 98 спортшы қатысады. Аталған спорт түріне Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 8 спортшы сынға түседі. Олар – Темірлан Шамет, Асылмұрат Бірімжан, Владислав Герасимов, Бердіқұл Алтай, Еркебұлан Ерлан, Жансая Рахметуллаева, Тахмина Кожамбердиева және Ольга Душаева. Қорытынды нәтиже бойынша, ерлер арасында 65 келі салмақ дәрежесінде Бірімжан Асылмұрат пен әйелдер арасында 55 келі салмақ дәрежесінде отандық спортшы Тахмина Кожамбердиева Көшпенділер ойындарының қола жүлдегерлері атанды.

Әзірге Көшпенділер ойындарына қатысушы Қазақстан құрамасының қоржынында 14 медаль бар. Оның 9-ы – алтын жүлде.