Басты бет » Жаңалықтар » Сексуалдық құлдық: Жасөспірімдер неге қатыгез?

Сексуалдық құлдық: Жасөспірімдер неге қатыгез?

Қызылорда қаласында 16 жасар қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, қорқытып, бопсалап, есірткі бергендігі жайлы әлеуметтік желіде ақпарат тараған болатын. Ол бір үйдің жалғыз қызы, оны ақпан айынан бері сыныптастары мен олардың туыстары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

@Depositphotos

Ақпан айынан оқушы үйінде болмай, жоғалып кетіп жүрген. Мұны сезген ата-анасы дереу кәмелетке толмағандар ісі жөні бойынша полицияға, инспекторға қызды іздеп табу үшін жүгінеді. Нәтижесінде, полиция қызды іздемей, әрі ол отбасының әлеуметтік жағдайы нашар деген қорытынды шығарып, ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, сол себепті ары қарай ата-анасы баласын өздері іздеуге мәжбүр болған.

Дегенмен қыздың өзі мерзімді түрде хабарласып, отбасына видео жіберіп отырыпты. Кафеде даяршы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтып жүрген. Ата-анасы сол жерге барса, оның жай ғана видеоға түсіріп, кетіп қалғанын айтқан. Қыз ата-анасы уайымдамас үшін мұны істеуге мәжбүр болғанын алға тартқан. Бұл ақпаратты «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі қыздың ата-анасының берген мәліметтерін келтіріп айтуы бойынша хабарлады.

Мектеп басшылығы мен педагогтер уәкілетті органдардан оқушының сабаққа қатыспағанын жасырып, емтихандар бойынша жалған баға қойып отырған. Қыздың тәнін саудалай отырып олар айына кемі екі-үш миллион теңге (4000 $– 6000 $) табыс тапқан. Алты ай бойы бір топ адам қызға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, «біреуге тіс жарсаң, Астанадағы «көкелерімізге айтып, әке-шешеңді өлтіртеміз» деп қызды қорқытқан. Сол себепті де оқушы өзінің басындағы болып жатырған жағдайды ешкімге айта алмаған. Өйткені олар қыздың басын, қасын қырып тастаймыз деп қорқытқан, одан ірі көлемде ақша талап еткен.
Шындық тым сұмдық болып шықты, қызды азаптап, «мефедрон» ішуге мәжбүрлеген, тұншықтырған, денесін күйдірген, мазақ еткен, жезөкшелікпен айналысатын әйелдердің сайтына тіркеген. Осы жағдайға байланысты қоғам белсенділері де біз Қазақстан заңгерлеріне жүгінеміз, осы отбасына көмектесіңіздер, мұны тоқтатуымыз керек деген болатын. Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлерімен қылмыстық іс тіркеліп, кәмелетке толмаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалады. Тергеу сотымен күдіктілерге қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жарияланбайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір адам өзінің қылмыстық құқықбұзушылық жасаған кінәсі дәлелденбейінше кінәсіз деп танылады делінген.

Барша қоғамды дүрліктірген оқиғаға байланысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысында кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне қатысты пікір білдірді.

«Біріншіден. бұл мәселенің бәрін жіті анықтау керек. Мен облыс әкімімен бұл сұраққа байланысты тығыз байланыстамын және оларға біздің ұстаздарға қатысты жедел шешім қабылдамауды сұрадым. Өйткені бас-аяғын анықтап алу керек. Қазір ішкі істер органдары да бұл мәселеде асығыстық танытпауды айтып отыр. Мен бұл шешіммен келісемін. Сондықтан әр мәселенің артында адам тағдыры тұрғаннан кейін шешім қабылдауда абай болуымыз керек», — дейді Оқу-ағарту министрі елордадағы Тамыз конференциясында.

Ал Қызылорда әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды.

«Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғандығы жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуалды алдын ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ ондай жұмыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызметтеріне немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инспекторы, өз міндеттеріңізді орындамағансыздар! Мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған», — деді аймақ басшысы.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғановаға облыстың білім беру ұйымдарындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды. Бұл ретте алдын алу шараларын қолданып, қолайсыз отбасыларды және тәулікке жалға берілетін пәтерлерді аралау қажет екені айтылды.

«Бүгіннен бастап №7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын. Қабылданған шешімдер туралы жұмыс аяғына дейін баяндаңыз», — деді әкім.

Аймақ басшысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.
– Қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарының объективті жүргізілуі міндеттеледі. Қылмысқа қатысы бар адамның барлығы заң аясында тиісті жауапкершілікке тартылатын болсын! Бұл мәселені тікелей бақылауымда ұстаймын, – деп түйіндеді Нұрлыбек Нәлібаев.

Осыдан бір жылдай уақыт бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарынан өмірден өткен марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді өзінің Instagram парақшасында осы жағдайға байланысты пікір қалдырып, зорлыққа ұшыраған бойжеткенге көмек қаржы жиналғанын хабарлады.

Сексуалды құлдыққа түскен қызға көмектесу үшін ашылған есепшотқа екі жарым күн ішінде 17 миллион 984 мың теңгенің 909 мың теңге қаражат жиналған. Қаражаттың бір бөлігі зардап шеккен қыз бен оның отбасына қажет болған заттарға жұмсалған. Тізімде азық-түлік, дәрі-дәрмектер, кеңсе тауарларымен қатар, қызға сыйлық ретінде сатып алынған шпиц күшігі де бар. Сонымен қатар «НеМолчи» қорының есебі көрсеткендей, жыл соңына дейін үш адвокатқа 6 миллион 244 мың теңге жұмсалады. Сонымен қатар күнделікті шығындарға қосымша 1 миллион 436 мың теңге бөлінетінін жазды Айтбек Амангелді.

Перизат САПАРОВА