Басты бет » Жаңалықтар » Жалдамалы ұстаздың жәрдеміне жүгініп жүрміз. Неге?

Жалдамалы ұстаздың жәрдеміне жүгініп жүрміз. Неге?

– Қазына кімде? – деп сұрапты Абылай хан Бұқардан.

– Бізден сөз кетті ғой, өзің айта бер, – дейді Бұқар жырау.

– Мен айтсам қазына байда, басқа кімде болушы еді? – депті Абылай. Сонда Бұқар:

– Үш рет жұт болса, байда қазына қалмайды. Үш рет жау шапса, ханда қазына қалмайды. Қазына білімдінің басында, – деген екен.

Репетитордың дәурені жүріп-ақ тұр, алайда…

Шыны керек, бүгінгі таңда жыл он екі ай білім беретін репетитордың дәурені жүріп-ақ тұр. Артық қаржы болса, мектеп табалдырығын аттаған өренді де, бітіруші түлекті де репетитор жалдап оқытқанды жөн көреді. Бұл бір жағынан мұғалімді де, әрі ата-ананы да артық жүктен арылтатын сықылды. Жалдамалы ұстаздың көмегін құп көргендердің артқаны рас. Олардың берген білімі сапалы ма? Әр сағаты өлшеулі, білімі теңге тұратын репетиторды жалдап оқыту мүмкін тиімді шығар, бәлкім.

Репетитор көп жағдайда ҰБТ-ға дайындық жасауда қажет екендігі өтірік емес. Яғни, басты мақсат – сабақ барысында игере алмаған пәнді қосымша оқып, меңгеру. Көпшілік түсінігінде мұғалім оқушының түсінбеген тақырыбын жеке қалып, түсіндіруі тиіс. Бірақ мұндай оқушы біреу емес.  Сондықтан сыныптағы әр баламен жеке дара жұмыс істеу мұғалімге артық күш. Одан бөлек басқа сыныптағы сабағы тағы бар. Осындай сәтте жалдамалы ұстаз бірден-бір көмек.

Ғаламтор деген ғажайыпты ашсаңыз, керекті дегеннің бәрін табасыз. Сол сияқты репетиторды да осы жерден іздеп табу қиындық тудырмайды. Оларға арналған арнайы сайт та бар. Сол арқылы қажетті пән мұғалімін таңдаңыз. Иә, таңдауға ерік берілген. Кімнің қандай дәрежеде оқыта алатыны, білімі, санаты, көрсеткіші, тіпті тәлім алған оқушылардың пікіріне дейін жазылған. Соған лайық ақысы да белгіленген. Байқағанымыздай, ағылшын тілі репетиторларының қарасы қалың екен.

Тіпті, қазір қалаларда жарнамасы жер жаратын оқу орталықтары жұмыс істейді. Олар көп жағдайда үш айда тіл үйретіп, аз уақытта ҰБТ-ға әзірлейміз дейді. Өнер жолына баулып, шебер етіп шығаратынын айтады. Ментальді арифметика деген және бар. Әрине, баланың қабілетіне қарай дайындап жатса, еш қарсылық жоқ. «Дайындаймыз» дегенді желеу етіп, топ-топ баланы жинау барлық уақытта нәтижелі болмасы белгілі.Ең алдымен репетитор пән бойынша баланың қабілетін біліп алса құба-құп. Содан соң ғана жүйелі түрде дайындаса, жұмысы нәтижелі болады. Әрине, репетиторлардың бәрі бірдей емес. Көк қағаздан гөрі бала болашағын ойлайтын азаматтар баршылық. Бірақ, кей ата-ана баланың болашағы емес, құлағының тыныштығы үшін репетитордың білім-білігіне қарамай, жарнамаға сеніп, «еті сенікі, сүйегі менікі» дегендей тапсыра салады. Бала оларға емес, ата-анаға керек қой. Оны да ой елегінен өткізіп, екшелеген жөн.

Баға қалта көтере ме?

Рас, баласы үшін ата-ана ештеңе аямайды. Әсіресе, мектеп бітіретін баласының сынақтан сәтті өтуі үшін барын салады. Репетитор алдымен осындай сәтте қажет. Қай әке-шеше баласының білімді, саналы болғанын қаламасын?! Жоғары оқу орнына грантқа түсіп, мамандық иесі болғанын құп көреді. Кейде білімді тек мектептен алмай, қосымша оқып, тереңінен меңгергені балаға да жақсы.  Оған, әрине, қалта көтеру керек.

1.jpg

Сонымен, репетитор жалдап оқыту үшін ата-ана қалтасынан қанша қаражат шығарады?

Подстепный ауылының тұрғыны Жаңыл Орынбасарова былтыр мектеп бітірген қызына аз қаражат жұмсамағанын тілге тиек қылды. Әйтеуір, еңбек ақталып, қызы еліміздегі жоғары оқу орнындарының бірінде тегін оқуға мүмкіндік алыпты.

– Мектептегі ұстаздарды кінәлаудан аулақпын. Олардың да еңбектері ұшан-теңіз. Әкесі екеуміз ақылдаса келе, қызымызды математика пәнінен репетитор жалдауды жөн санадық. Өйткені, тереңдетіп оқу қашанда артық етпейді. Сол үшін бар тапқан-таянғанымызды қызымыз үшін аямадық. Айына 60 мың теңге төлеп жүрдік. Ішіп-жеп отырған тамағымыздан жырып бердік. Алпыс мың да аз ақша емес, біреудің айлық жалақысы. Адал еңбекпен тапқан ақшамыз текке кетпесе екен деп  уайымдадық. Тума-туыстарымыз «ақша төлеп оқытып еді, қыздары оқуға түсе алмай қалыпты» деп бетімізге баспаса екен деп те ойладық. Қызымнан «грантқа түстім» деген сүйінші хабар келгенде, жүрегім жарылардай қуандық, – дейді ол.

Ал Ақжайық ауылының тұрғыны Айнагүл Жұбанышова қазіргі кезде репетиторлардың қаптап кеткені хақында бүй дейді:

– Мектептегі ұстаздардан асып ешкім білім бере алмайды. Он бір жыл бар білгенін оқытып-үйретіп келе жатқан мұғалімнің еңбегі орасан зор. 45 минуттық сабақтан соң қосымша сабақтарын да оқытып жүруден еш жалыққан емес.  Ал оқу жылының соңғы 1-2 айында «баланы білімді қылып шығарамыз» деген репетиторлардың сөздеріне еш сенген емеспін. Олардың көздегені – ақша емей немене?  Өз басым репетиторлардың  жәрдеміне жүгінуді жөн санамаймын. Қызым ауылдағы мектептен білім алды, сол біліммен өзінің қалаған оқуын да оқып жүр, – деген Айнагүл апай ақша үшін арзан жарнама жасап жүргендерді жауапқа тарту қажет екенін тілге тиек етті.

«Пайдасы болмаса, зияны жоқ»

Бір анығы, мектеп мұғалімі мен репетитор сабақты сол мектеп бағдарламасы аясында түсіндіреді. Тек оны бір оқушы қабылдай алады, ал екіншісі түсінбеуі мүмкін. Екінші жағдайда жалдамалы мұғалімнің қажеттілігі артады. Осы орайда он жылдан астам репетиторлықпен шұғылданып жүрген Мөлдір Көшмұхановамен тілдестік.

– Жалпы, өзім бұрын мектепте ағылшын тілі пәнінен ұстаздық қызмет атқардым, кейін репетиторлыққа ауысып кеттім. Сол себепті қос қызметтің жұмысын салыстырмалы түрде айта аламын. Мектепте жұмыс істеу оңай емес. Мәселен, бір сыныпта 23 немесе 25 бала бар, оның барлығына мұғалімнің 45 минуты жетпейді. Өзіңіз есептеп көріңізші, мысалы 45-ті 25-ке бөлгенде, әр балаға 1 минуттан астам уақыт бөлінеді екен, тіпті 2 минутқа да жетер-жетпес. Енді, ойлап қараңыз, әр шәкірт осы уақыт ішінде ағылшын тілін меңгере ала ма? Бүгінгі таңда Подстепный ауылында атаулы пән бойынша 2012 жылдан бастап репетитормын.  Ата-аналардың айтуынша, өздері ағылшын тілін білмегендіктен, балаларын терең оқыта алмайды, кейбіреулері таңнан кешке дейін жұмыста, үйде оқытып қадағалайтын кісі жоқ болғандықтан репетитордың көмегіне жүгінуді жөн санайды екен. Тілді терең білу, жан-жақты білім алу – заман талабы. Сонымен қатар қазіргі уақытта көшедегі атаулар, жарнамалардың түгел дерлігі шет тілінде екенін көріп жүрміз, телефондағы қосымшалар да осы тілде жазылған. Бағасы әртүрлі, топтық және жеке оқитындар бар.  Бұл жерде мен үшін ақша маңызды емес, ең бастысы алдыма келген шәкірттерге сапалы білім беру.  Мұның оқушыға тиімді тұсы көп. Себебі әр оқушының қабілеті әртүрлі. Кейбір оқушылар топпен жұмыс істегеннен гөрі жеке оқығанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Мектептегі сабақ барысында түсінбегенін репетитор қамтиды, үйретеді, меңгертеді. Сол сияқты репетитор да сабақты мектеп бағдарламасымен жүргізеді. Тек сабақты игерудің өзгеше әдіс-тәсілін қолдануы мүмкін. Жұмысымның нәтижесі жаман емес, ата-ана да, бала да ризашылықтарын білдіріп жүр. Тоқ етері, репетиторлықтың еш зияны жоқ, керісінше пайдасы шаш-етектен, – дейді Мөлдір мұғалім.

Бұл пікірге Жайық ауылының тұрғыны Айкөркем Иманғали да қосылады. Ол өзі мектеп бітірер тұста репетитордан жеке сабақ алыпты.

Айкөркем ИМАНҒАЛИ.jpeg

– Оқушылар көбіне мектеп бітіретін кезде ғана репетитор жалдап оқиды. Негізі қай сыныпта болса да қосымша сабақ алған өзің үшін тиімді. Мектептегі сабақ барысында көп нәрсені түсінбеуің мүмкін. Жеке оқығаннан кейін еш алаңдамай тыңдайсың, түсінбегеніңді сұрайсың. Бір сағат көлемінде бұрын-соңды білмеген тәсілдерге қанық боласың. Әрине, ол үшін таңдаған репетитор білікті болуы қажет. Мектептегі мұғалімнің үйретері мол. Тек олардың әр оқушыны жеке-жеке оқытуға мүмкіндігі бола бермейді. Ұстаздарымның арқасында, қосымша оқығанның нәтижесінде ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Алматы қаласына оқуға түстім. Оқуымды жақсы аяқтап,  білікті маман болып, еңбекақым қолыма тигенде ата-анамның репетиторлыққа берген қаржысын қайтарамын, – деп жылы жымиды Айкөркем студент.

Мектепте де мықты ұстаздар жетерлік

Әмбеге аян, кез келген білім ордасында 9-11 сынып оқушыларының тереңінен білім алуына баса мән берілетіні кім-кімге де белгілі.  Алдағы маңызды сынақтан сүрінбей өтуі үшін ұстаз да, оқушы да, ата-ана да жанын салады. Мұндайда олардың таңдаған пәндерін тереңдете оқыту, сабақтан тыс уақытта қосымша сабақ өткізу секілді тәсілдері бар. Олай болса, оқушы жалдамалы ұстаздың жәрдеміне неге жүгініп жүр? Осы сауалды өңірімізге белгілі  тәжірибелі мұғалім, Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің ұлағатты ұстазы Гүлзада Жүнісоваға қойған едік.

Гүлзада Жүнісова.jpeg

– Өзімнің еңбек етіп жүрген мектебімде ұстаздардың барлығы 45 минуттық сабаққа үлкен дайындықпен келеді. Тағайындалған стандарт бойынша түгел тақырыпты қамтып отыр. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні уақытпен санаспай жүреді. Оқушының сабақ барысында түсінбегені, қалыс қалған тақырып қосымша сабақ барысында түсіндіріледі. Бір сөзбен айтқанда, мектебімізде деңгейі жоғары мықты ұстаздар жетерлік.

«Репетитордың көмегіне кімдер жүгінеді?» дегенге келетін болсақ, мысалы, кейбір балалар аурушаң болады, кейбіреулері сабақтан жиі қалады, сондай жағдайда оқушы сабақты меңгер алмай қалады, БЖБ, ТЖБ кезінде төмен баға алып қалып жатады, сонда олардың ата-аналары қалыс қалған білімді толықтыру мақсатында жергілікті жердегі мәдениет үйіндегі репетиторларға барады.  Сондықтан сабақтан себепсіз қалмауы керек деп үнемі айтып отырамын, – деп сөзін түйіндеді.

Ал сіз не дейсіз, оқырман?

Айшабибі МӘМЕТ,

Батыс Қазақстан облысы

Суреттер ғаламтордан алынды