Талапкер университет табалдырығын аттағаннан бастап, өзі таңдаған мамандығы бойынша тереңірек білім алуға мүмкіндік алады. Қазір жалынды әрі білімді жастардың заманы, өз ойларын, білу қабілеттерін арттыру жолында студенттеріміздің көбісі тек Қазақстанның білімімен ғана шектеліп қоймай, сондай-ақ шетел университеттерінде де оқығылары келеді. Осы мақсатта арнайы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы құралған болатын.
Жанерке Жандосова Әдемі Серікбай
Міне, осы бағдарламаның шапағатын көріп, шет мемлекетте білім алуға аттанған студенттер – Әдемі Серікбай мен Жанерке Жандосова. Екеуі де Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика факультетінің 2-курсын аяқтады. Олар ақпан айында Польша мемлекетінің Познань қаласына оқуға аттанған еді.
– Біз 2-курстың басында, былтырғы қыркүйек айында Академиялық ұтқырлық жайлы толығырақ ақпарат алып, бірнеше сынақтардан өттік. Менің ойымша, Академиялық ұтқырлықпен оқу – өте дұрыс шешім. Басында Польшаға кетпей тұрып, мен Қазақстан мен Еуропа мемлекеттерінің білімі бір-біріне ұқсайды деген пікірде болатынмын, бірақ келген кезде қатты таңғалдым. Мен үшін Қазақстан мен Польша елдері – екі бөлек әлем. Мүлдем салыстыруға келмейді. Алып жатқан оқу барысы ғана өзгеше емес, халқы да басқаша ойлайды. Шыны керек, мен Академиялық ұтқырлықпен Польшаға барғаныма өте қуаныштымын, – дейді Әдемі.«Жалпы, Академиялық ұтқырлық аясында басқа мемлекетте білім алу үшін не керек?» деген сұрағымызға:
– Менің ойымша, ең алдымен – табандылық пен шыдамдылық қажет, себебі біз бірнеше айлар бойы дайындалып, тест тапсырып, Польша университетінен хаттамаларды күттік. Кейбір студенттер оған шыдамай, жолдың ортасында артқа шегінді. Одан бөлек, менің түсінгенім, еңбекқор адам болуға барынша тырысу керек. «Еңбектің наны тәтті» демекші, барлық орын алатын жағдай тек өзімізге байланысты болады. Сондықтан қазірден бастап шетел мемлекеттерінде білім алғыларыңыз келсе, ағылшын тілін меңгеруге құштарлықтарыңызды оятыңыздар. Өзім тілімді дамыту үшін көп америкалық сериалдар мен фильмдерді көріп, бәрін ағылшын тілінде көре бастадым, музыкаларды аудармасымен бірге тыңдадым. Аз уақыттың ішінде үйреніп кеттім, – деді Жанерке.
Шынымен де, «Академиялық ұтқырлық» ерекше бағдарлама болып саналады, өйткені бұл жерде әр елден, түрлі университеттердің студенттері бір-бірімен тәжірибе алмасып ғана қоймай, жаңа таныстықтарға ие болады. Осының арқасында жастарымыздың ойлау қабілеттері, көзқарастары кеңейіп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосатын болады.
Егер де сіз шын ниетіңізбен шетел мемлекеттерінде білім алғыларыңыз келсе, онда университет аясында қолға алынған «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен танысуға кеңес беремін. Бұл – жастарға жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда, сондықтан саналы, білімді болып, елімізді өркендетуді өзімізден бастауымыз керек.
Роллан Граменский,
Еуразия ұлттық университетінің студенті