Басты бет » Жастар үні » «Jas Qazaq» лагері шетелдегі қазақ балаларын қарсы алды

«Jas Qazaq» лагері шетелдегі қазақ балаларын қарсы алды

25 маусымда шетелде қандас балаларға арналған «Jas Qazaq» жазғы этно-лагері ашылды. Жазғы лагерь қатысушылары алдымен Бәйтеректі, Ұлттық музей мен Экспо көрмесін аралап көрді.

 

Жыл сайынға дәстүрге айналған «Jas Qazaq» жазғы этно-лагері биыл төртінші рет өтіп отыр. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен және IQanat қорының қолдауымен бастау алған лагерьге бұған дейін 400-ден аса қандас балалар қатысса, биыл Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Оңтүстік Корея және Иран елдерінен келген 255 этникалық қазақ балаларының басын қосты. Қатысушылардың арасында төтенше жағдай кезінде Қазақстандағы достарына қолдау көрсеткен Моңғолияда тұрып жатқан қазақ балалары, «Отандастар қорының» түрлі байқауларына қатысып, білімдері мен біліктіліктерін дәлелдеген қаракөз қандастарымыз бар.

Лагерьдің ресми ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек және Нұргүл Тау, Россотрудничествоның Астанадағы өкілдік басшысы Ольга Филонова, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров және IQanat мектебінің директоры Зайкен Жанат қатысып, балаларды лагерьдің басталуымен құттықтады.

Балалардың демалысы Бурабайдағы «IQanat High School of Burabay» мектебі базасында өтетін болады. Балалар екі аптада қазақ тілі, тарихы мен салт-дәстүрін үйреніп, ұлттық ойындар мен музыкалық аспаптарда ойнайды, атқа мініп, киіз үй құрады, еліміздегі жоғары оқу орындарының қатысуымен өтетін білім көрмесіне қатысады және ең бастысы әлемнің көптеген елінен достар табуға мүмкіндік алды.

«Отандастар қорының» Шетелдегі қандастармен жұмыс департаментінің кеңесшісі Лашын Жанарбектің айтуынша, лагерь шет мемлекеттердегі қазақ балаларының басын қосып, араларында тығыз байланыс, қарым-қатынас орнатуды көздейді.

Биыл лагерьге 12 мен 17 жас аралығындағы 255 қазақ этникалық оқушы келді. Лагерьдің негізгі мақсаты – әр елден атажұртын аңсап жеткен қазақ балалары арасында достық орнату, Қазақстанмен байланысты нығайту, қазақ тілін, тарихымызды, ұлттық өнер мен құндылықтарымызды таныстыру, үйрету. Балалардың болашағын Қазақстанмен байланыстыруына ықпал ету. Лагерьге «Отандастар қорының» әртүрлі іріктеу байқауынан өтіп, білімі мен өнерін дәлелдеген талантты, білімді балалар келді. Сонымен қатар биыл ерекше қатысушылар да бар. Оның арасында жақында ғана елде орын алған төтенше жағдай кезінде  «атажұрттағы достарымызға баспана алып, үйлерін тұрғызуға көмек берейік» деп әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдап, бауырларына көмек жасаған моңғолиялық оқушылар да лагерімізге келді. Сонымен қатар өз елінде қазақтың атын шығарып, білім, ғылым, спорт салаларындағы озат оқушылар атажұрты Қазақстанды көруге келіп отыр. Жалпы, лагерь бағдарламасына келетін болсақ, лагерь барысында оқушылар қазақ тілі, тарихы, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар сипатындағы үйірмелерге қатысып, 14 күн бойы білімдерін шыңдайтын болады. Сондай-ақ әртүрлі байқаулар ұйымдастырылып, балаларға бағалы сыйлықтар беріледі. Еліміздің үздік студенттерінің өкілдері келіп, Қазақстандағы мүмкіндіктер туралы баяндап беретін болады, – деді Лашын Жанарбек.

Ал қандас бауырларымыз Қазақстан туралы, лагерьдегі демалыстары туралы ойларын айтты.

 Сүндет Ауғанов, 15 жаста:

– Мен Өзбекстанның Науаи облысынан келдім. Маған демалыс өте ұнап жатыр. Лагерь қызықты бағдарламаларға толы екен, соған өте қуаныштымын. Осында келіп әртүрлі елден келген балалармен достасып кеттім. Лагерьде әртүрлі тілде сөйлейтін балалар көп болғандықтан, мен тіл үйреніп, барып көрмеген жерлерді көріп жатырмын. Және де біз бұл жерде әртүрлі ойындар ойнап, одан бөлек Қазақстан тарихын өтіп жатырмыз. Менің мемлекетімде тек Өзбекстан тарихын оқимыз, сол үшін мен бұл жерде Қазақстан тарихын танып, өзімнің ой-санамды дамытып жатырмын.  Қазақстан керемет жер екен, ауасы таза, халқы өте қонақжай. Барлығы өзінің руларын, өзінің қайдан шыққанын айтып таныстырып жатыр.

 Рауан Әділ, 14 жаста:

– Қытай мемлекетінен келдім. Маған лагерь ұнап жатыр. Қазақстан сондай әдемі, ауасы таза мемлекет екен.

 Дильноза Хайнатдинова, 15 жаста:

– Өзбекстан мемлекеті Қарақалпақстан Республикасынан келдім. Маған лагерь өте қатты ұнайды. Ұстаздар өте мейірімді, әрдайым көмекке дайын. Бұл жерде бір бөлмеде әртүрлі мемлекеттен келген балалар жиналды, олармен сөйлесіп, танысып алдық. Сөйтіп, өзіме достар таптым. Астана әдемі қала екен. Мен мұнда келіп көрмегенмін, алғаш рет келуім. Қазақстан маған өте ұнады.

 Құдайберген Нұрмұхаммед, 16 жаста:

– Өзім Моңғолия мемлекетінен келдім. Лагерьде барлығы керемет. Өзіме көп достар таптым, жатақханадағы барлық балалармен танысып алдым. Лагерьден күшті әсер алып жатырмын, барлығы мұнда ашық-жарқын, көңілді, белсенді. Қазақстан – өте жылы, табиғаты көркем ел екен. Маған Астана ұнады.

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary